A place where you need to follow for what happening in world cup

Ынтымағы жарасқан ауыл

149

Қарабөгет  ауылдық округіне қарасты Құмөзек ауылында бүгінде 126 отбасы яғни 733 адам тұрады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жерге туыңды тік» деген ұлылардан қалған ұлағатты сөзді ту еткен ауыл тұрғындары мүмкіндігі шектеулі жандарға үй салып беру ісін қолға алып отыр. Бұл берекелі бастаманың басталуына ауыл азаматтарының айтуынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «ұмытылып кеткен қазақы салт-дәстүрлерді жаңғыртып, оның ішінде асарлатып үй салуды қайта қолға алуымыз керек» деген биылғы тапсырмасы түрткі болыпты. Осы орайда құмөзектіктер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бұған дейін жалдамалы үйде тұрып келген аталмыш ауылдың тұрғыны, үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Мейрамбек Донгуловқа асарлатып үй салып беруді бастады. Қазіргі таңда үйдің іргетасы қаланып, ішіне топырақтары толтырылуда. Саманнан көтерілетін үйге қажетті кірпіштердің барлығын ауыл азаматтары қолдан құйып, кептіріп, дайындап қойған. Ауылдың кәсіпкерлері, шаруа қожалық жетекшілері, яғни қолы ашық, жаны жомарт азаматтары бірі терезесіне,енді бірі шатырын алып, шамалары келгенше көмек қолын созуда. Олардың негізгі мақсаты — күн суытқанша үйді толықтай бітіріп, мұқтаж азамат Мейрамбекке жайлы үйінің кілтін тезірек тапсырсақ дейді.

 «Осы ауылда әйелім, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі енем және үш баламмен бірге пәтер жалдап тұрып келеміз.   Денсаулығыма байланысты мүмкіндігім шектеулі болғандықтан, үлкен үй тұрғызу енді қолымнан келе қоймас деп ойлайтынмын. Алайда облыс әкімінің алға қойған тапсырмасының нәтижесінде ауыл азаматтары асарлатып үй салып беруде. Сондықтан облыс, аудан басшыларына, округ әкіміне және ауыл тұрғындарына ерекше ықыласпен алғысымды айтқым келеді», -дейді Мейрамбек Донгулов.

Сонымен қатар жұрт болып жұмыла көтеріп жатқан мұндай ілкімді істі көрген құмөзектік жас отбасы Бағлан Шубаевта, округ әкіміне жолығып, өзінің ауласынан дәл осылай асарлатып үй салғысы келетінін өтініпті. Қазірде бұл отбасыға да ауыл тұрғындары өтінішін жерге қалдырмай,  әбден тозығы жеткен ескі үйінің маңынан асарлатып үй салып беруді бастап та кеткен.

Округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев:«Округте биыл көзге көрінетін бірқатар жұмыстар атқарылды. Көше жарықтары реттеліп, жасанды футбол алаңшаларыашылса, Құмөзек ауылындағы Гагарин көшесіне асфальт төселіп, мектептерге ішкі әжетханалар орнатылды. Бұл тұрғыда аудан басшыларына үлкен рахмет айтқым келеді. Ауылдың көркейіп, өркендеуі жолында алдағы уақытта әлі талай жұмыстар атқаратын боламы»,  — деді ол.

Міне, ауызбірлік пен ынтымағы жарасқан құмөзектік тұрғындар«жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, асарлатып үй салу ісінің қай кезде болмасын берекеге апаратындығын тағы бір рет дәлелдеп отыр.

 

Уалихан ЖАЙЛАУ,

Мойынқұм ауданы.

Құмөзек ауылы.

Суретті түсірген А. Әлтай.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.