A place where you need to follow for what happening in world cup

Ерекшелігі көп оқу жылы болады

113

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Біздің тілшіміз жаңа оқу жылы қарсаңында аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы Жазықбаевқа жолығып, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының барысы, ерекшеліктері туралы айтып беруді өтінгенінде ол былай деді:

– Аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты 45 білім беру мекемесі, атап айтқанда, 24 мектеп (21 орта, 2 негізгі, 1 бастауыш), 15 балабақша, 7 мектеп жанынан құрылған шағын орталық және 5 мектептен тыс мекемелер, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Жаңа оқу жылында осы 24 мектепте 6095 оқушы білім алмақ. 630 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр. Мектептерде 986 мұғалім сабақ береді. Олардың 870 жоғары білімді, 116 арнаулы орта білімді, 290 ұстаз жоғары санатты, 245 мұғалім бірінші, 203 ұстаз екінші  санатты, санаты жоқ 248 мұғалім бар. 2020-2021 оқу жылында аудан бойынша 22 педагог маманға қажеттілік бар.

Жаңа оқу жылына оқулықтар алуға жергілікті бюджеттен 89 млн. 300 мың теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 13 баспадан оқулықтар мен оқу-әдістелемік құралдар толық алынды. Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен жүз процент қамтамасыз етілетін болады. Аудандағы 24 мектептің 23-і автономды, 1 мектепке тұрмыстық пеш орнатылған. Барлығы қатты отынды пайдаланады. Жалпы білім саласындағы 45 мекемеге 6658 тонна көмірге 93434 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін 3100 тонна көмір түсірілді. Мирный ауылындағы В.Терешкова мен Хантау ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебіне модульдік пештер алынып,  сыртқа шығару жұмыстары аяқталуда. Білім саласына қарасты 24 мектеп пен 15 балабақшаға бейнебақылау камералары толық орнатылды. Мектептердегі 374  бейнекамераларды цифрландырылған жүйеге қосу үшін 2021 жылға облыстық бюджеттен 48 млн. теңгеге сұраныс беріп отырмыз. Аудандағы 24 мектеп толық ғаламтор жүйесіне қосылған. Мектептердегі компьютерлер саны 1382 дананы құрайды. Үстіміздегі жылы 45727, 0 мың теңгеге 24 мектепке 229 дана жаңа моноблок сатылып алынды.

Ауданда 117 жағдайы төмен, 657 көпбалалы отбасыны компьютермен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар. Қосымша 152 компьютер алу үшін облыстық білім басқармасына  38 млн. теңгеге  сұраныс берілді. Аудандық бюджеттен «Роутер» алуға 5350, 0 мың теңге қаралды.

Ағымдағы жылы аудан мектептерінде 25 санитарлық торап салу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңға 20 санитарлық тораптың жұмыстары аяқталды. Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы, Т.Рысқұлов тірек мектебі, Ы.Алтынсарин, Ә.Төлепбергенов атындағы орта мектептеріндегі санитарлық торапты су жүйесіне қосу және кабина қою жұмыстары жүргізілуде.  Ал Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебіндегі санитарлық торап жұмыстары күрделі жөндеу жұмыстарымен бірге жүргізілуде. Бұдан басқа «Жол картасы» бойынша 12 мекемедегі ағымдағы жөндеу  жұмыстары аяқталды. Бір мекеменің күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында бітеді.

Пандемияға байланысты жаңа оқу жылында оқу процесі оқушылар үшін қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы және шалғай орналасқан ауылдарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы, Т.Рысқұлов тірек мектебі, М.Жұмабаев атындағы мектеп –лицейі, Қ.Рысқұлбеков, №2, Шығанақ орта мектебінде 3004 оқушы қашықтықтан оқытылады. Жұмыс істейтін, үйінде балаларын онлайн режімінде оқыта алмайтын ата-аналар үшін «кезекші  1-4 сыныптар» ата-аналардың өтініштері негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылатын болады. Оқушылар екі ауысымда оқиды. Болжаммен алты мектепте 44 кезекші сыныпта 532 оқушы болады. Шалғай ауылдарда орналасқан шағын жинақталған мектептер мен оқушы саны 250-ден төмен 18 мектепте 2559 оқушы дәстүрлі түрде оқиды.

Дәстүрлі оқыту мен дезинфекциялау жұмыстарына аудандық бюджеттен 19031, 0 мың теңге қаралды. Бүгінгі таңда мектептерге тепловизор мен медициналық төсеніш берілді. Қазіргі пандемия жағдайына байланысты тамыз педагогикалық кеңесі онлайн түрінде ұйымдастырылды. Білім бөлімінің әдістемелік кабинеті тарапынан 24-27 тамыз аралығында «2020-2021 оқу жылында білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері» тақырыбында әр пән бойынша секция отырыстары және Zoom платформасы арқылы мектеп директорлары, олардың орынбасарларымен пленарлық мәжіліс өткізілді. 1-қыркүйек – Білім күні барлық мектептерде онлайн түрінде өткізіледі.

 

Жазып алған Жолдыбай ДӘМЕТОВ.

Суретті  түсірген А.Әлтай.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.