A place where you need to follow for what happening in world cup

Бір округте екі алаңша ашылды

181

Өткен аптада тамыз айының үшінші жексенбісі спортшылар күні және оқу жылы қарсаңында Қарабөгет ауылдық округінің Қарабөгет, Құмөзек ауылдарында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасанды футбол алаңшаларының ашылу салтанаты болып өтті. Жалпы сметалық құны әрқайсысы  12 миллион 710 мың теңгеге соғылған футбол алаңшаларының ашылу салтанатына аудан әкімі аппаратының басшысы Манарбек Көшкімбаев, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков, округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев,  ауыл ақсақалдары мен көздерінде қуаныштың оты ойнаған ауылдың болашақ жас футболистері қатысты. Қос алаңшаның құрылысында жеке кәсіпкер «Айгерім» портал арқылы ұтып, жауапты мердігер Сабит Алыпбаев мойынға жүктелген міндетті жауапкершілікпенсапалы жүргізген екен.

Салтанатты жиынға жиналған қос ауылдың тұрғындарын аудан әкімі аппаратының басшысы М. Көшкімбаев арнайы барып құттықтады.

–  Республикамыздағы айтулы мерекенің бірі ол спорт күні мерекесі қарсаңында мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жастар мен жасөспірімдерге арналған округтеріңіздегі қос ауылда да бүгін міне жасанды футбол алаңшалары ашылғалы отыр. Аталмыш бағдарламаның бір ерекшелігі қазіргі қиын-қыстау заманда экономиканың драйверіне айналып отыр. Баланы тек білім нәрімен сусындатып, оған тәрбие берілмесе, ол қоғамға ешқандай пайда әкелмейді. Сондықтан дене тәрбиесі де үлкен тәрбиенің бір түрі. Адам дене тәрбиесіне мән беріп, салауатты ой ойласа, оның мақсаты да биік болмақ. Бұл бастама енді биік белестерге бастайтын баспалдақ болады деп есептеймін,- деді ол.

Жиын барысында Қарабөгет ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәндібай Шәйшаев, еңбек ардагері Үрлән Шыныбекова және Құмөзек ауылында еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Байұзақ Саурықов, жеке кәсіпкер Бибажар Омаровалар сөз алып, ілкімді істі жүргізуге қолдау білдірген аудан басшыларынаауыл тұрғындары атынан ыстық ықыласын жеткізіп, ақ батасын берді. Сондай-ақ, тарту етілген жасанды футбол алаңдарын жақсы күйде ұстау ауыл жастарының міндеті екенін атап өтті.

Аудан әкімдігінің өкілі М. Көшкімбаев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Шайшаев және еңбек ардагері Б. Саурықовтар жасанды шағын футбол алаңшаларының лентасын қию рәсімін өткізді, һәм шашу шашылды. Футбол алаңшалары  ашылсымен жасөспірімдер ойынды бастап кетті. Жаңа алаңдағы алғашқы ойынға допты  қосу құрметіне Манарбек Өсербекұлы  ие болды.

Айта кетейік, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында спорт саласына аудан бойынша 112 миллион теңге қаржы бөлінген. Бөлінген қаражатқа 8 жасанды футбол алаңшасы соғылса, 1 жасанды футбол алаңшасына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Уалихан ЖАЙЛАУ,

Мойынқұм ауданы

Қарабөгет, Құмөзек ауылдары.

Суретті түсірген А. Әлтай.          

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.