A place where you need to follow for what happening in world cup

Ұлттық халық санағы

272

Бүкіл Дүниежүзілік халық санағы бағдарламасының және БҰҰ 2020 жылғы раунд тұрғын үй қорының ұсынымын және 2016 жылғы 16 қыркүйектегі Бішкек қаласындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достығының Мемлекеттер Басшылары Кеңесінің (бұдан әрі — ТМД) шешімін ескере отырып, ТМД мемлекеттер-қатысушыларында 2020 жылға жақын мерзімде, шамамен 2019 жылғы қазаннан бастап 2020 жылғы қазан аралығында кезекті халық санағын өткізу туралы шешім қабылданды.

«Мемлекеттік статистика туралы» Заңына, 2010 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1049 «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерін бекіту туралы» қаулысына, 2018 жылғы 3 наурыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №105 Қаулысымен бекітілген өзгерістер мен толықтыруларға, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» № 419 қаулысына сәйкес, халық санағын өткізу мерзімі 2020 жылғы 1-30 қазан аралығына белгіленді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен 2020 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағына дайындық және өткізуге байланысты ұйымдастыру және әдістемелік мәселелерді шешу үшін арнайы комиссия құрылды.

Осы құжаттардың негізінде облыс Әкімімен 2019 жылғы 23 қыркүйекте «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі Жамбыл облыстық комиссиясының құрамын және іс-шаралар жоспарының Жамбыл облысында орындалуы бойынша бақылауды бекіту туралы» өкім қабылданды.

Халық санағы – белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша респонденттерді сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау (респонденттерге жаппай сауал салу арқылы), өңдеу және алынған ақпаратты, статистикалық көрсеткіштер жүйесін және олардың талдауын қалыптастыру, халық туралы агрегатталған (иесіздендірілген жиынтық) деректерді бағалау және тарату процесін қамтитын арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау.

2020 жылғы халық және тұрғын үй қоры санағын жүргізу бойынша БҰҰ еуропалық статистиктер конференциясының ұсынымдарына сәйкес «Халық санағы», «барлық халықтың әлеуметтік және демографиялық сипаттамаларының жиынтығы бойынша ақпаратпен қатар елдің аумағында және оның ең кіші географиялық бірліктерінде тұратын халық санын уақыттың тұрақты интервалы арқылы ресми есепке алуды (немесе бақылап салыстыруды) жүргізуге мүмкіндік беретін іс-шара» сияқты айқындалады.

Халық санағының қорытындылары жалпы ел бойынша, қалалық және ауылдық жерде және өңірлік бөліністе жынысы мен жасы, неке жағдайы, ұлттық құрамы, азаматтығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, үй шаруашылықтарының (және отбасылардың) саны мен көлемі, тұрғын үй жағдайлары және басқа да сапалық және сандық белгілері бойынша халық санының құрылымындағы өзгерістер сияқты халықтың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен 10 жыл ішінде Қазақстан Республикасында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді.

Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет.

Санақты екі әдіспен, заманауи ақпараттық технологияларды, атап айтқанда «интернет» желісін және портативті-есептеу құрылғыларын (планшеттерді) пайдалану арқылы өткізу жоспарлануда. Жаңа IT-технологияларды пайдалана отырып санақты өткізудің осы әдістерін біздің елімізде бірінші рет өткізу жоспарланып отыр. Интернет-сұрау салу кезінде азаматтар өз бетінше өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне электрондық санақ парақтарын мамандандырылған сайтта толтыра алады. Екінші әдіс санақ персоналымен қалған азаматтарды жаппай аралап шығып  мәліметтерді жинау үшін пайымдалған.  Ақпаратты жинауды санақ персоналы планшеттер арқылы электрондық санақ парақтарына енгізуді жүзеге асырады.

Интернет-сұрау салу санақ басталған кезден бастап 15 күнге жалғасады. Интернет-сұрауға кіру www.sanaq.gov.kz веб-сайты арқылы жүзеге асырылады. Респондентті тіркеу ЖСН, куәлік нөмірі, мобильдік телефон нөмірі, электрондық пошта, код және растау паролін енгізу арқылы іске асыру жоспарлануда. Телефон нөмірін енгізгеннен кейін респондент мобильдік телефонның көрсетілген нөміріне, немесе электрондық поштаға растау кодымен SMS-хабар алады.

  • Жүйе тәулігіне 24 сағат қолжетімді;
  • Бланкті толтыруды үзу және респондент үшін ыңғайлы уақытта жалғастыру мүмкіндігі;
  • Ыңғайлы. Респондент зерттеуге қашан қатысатынын өзі шешеді және бұл жауаптардың сапасын арттырады;
  • «Интервьюердің әсері» болмауы (интервьюердің жеке әсері жойылады, егер интервьюердің көңіл-күйі болмаса немесе жекелеген адамдарды жақтырмаса және т.с.с. – осының барлығы алынатын деректерге әсер етеді).

2020 жылғы Ұлттық халық санағы 2 кезеңнен тұратын болады.

Ұлттық санақтың бірінші кезеңінде (2020 жылғы 1-30 маусым аралығында) санақтық аудандастыру жүргізіледі – «Аудандастыру үшін тұратын халықты нақтылау бойынша тұрғын үйлерді  және тұрғын емес ғимараттарды аралау». Алынған ауылдық елді мекендердің, тұрғын үйлердің, ғимараттардың және  тұрғын  емес ғимараттардың актуалдандырылған электрондық тізімінің және нақтыланған аудандар карталарының, ауылдық жерлердің сызбанұсқалық жоспарларының және мекемелердің тізімінің негізінде санақтық аудандастыру жүргізіледі.

Санақ теліміне жүктеменің орташа бекітілген мөлшеріне сәйкес (833 адам) нұсқаушылар және санақ телімдері қалыптастырылады.

Ұлттық санақтың екінші кезеңінде (2020 жылғы 1-30 қазан аралығында) негізгі халық санағы өткізіледі, ол өз кезегінде Интернет- сауалдама және жаппай сауалдамаға бөлінеді.

Одан әрі 2 кезең (санақшылармен) интервьюерлермен планшетпен жаппай аралау және он-лайн және офф-лайн режимдерінде деректерді жинау басталады, оның ішінде интернет-сұраудан өткендер. Респондент хабардар еткен кезде, тексеру жүргізіледі және барлық тұрғындар (тұрақты немесе уақытша, сонымен бірге ҚР басқа азаматтары) сұраудан өткен, өтпегенін нақтылайды.

Егер респонденттер онлайн режимінде халық санағынан өтпесе, онда интервьюер оларды санаққа алуға міндетті.

Жиналған мәліметтерді тексеру мақсатында сұралған халықты аралап тексеру жүргізіледі.

Әрбір үй-жайда нақты тұратын респонденттер, оның ішінде уақытша болмағандар және тұрақты тұратын жері бойынша олар туралы мәліметті ешкім бере алмайтын болса уақытша тұратындар мен келгендер қоса санаққа алынады.

Шу аудандық статистика басқармасы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.