A place where you need to follow for what happening in world cup

Жақыныңа жанашыр бол!

175

Қазақ халқы басынан небір зұлмат, қиын-қыстау замандарды өткерді. Соның ішінде жаугершілік кезеңді, ашаршылық нәубетін, неше-түрлі ауруларды көрді. Сонда да сынаққа сынбады. Қасқайып қарсы тұра білді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» ұранын берік ұстанды.
Бүгінде бүкіл әлемді дүрліктіріп отырған пандемия кім-кімге де оңай соқпағаны рас. Жақынынан қапияда айрылып, қайғыдан қан жұтып отырғандар қаншама. Десе де, бұл Алланың сынағын сабырмен көтере білгеніміз абзал. Өтер, кетер. Бұрынғыдай емен-жарқын ағайынмен араласатын күндеріміз қайта туар, бұйырса. «Үйінен қонақ үзілмейтін халықпыз» дегендей, қонақ күтер күндеріміз де алыс емес, меніңше.
Қазіргі таңда елдегі ахуалдың біршама тұрақталғанын жаңалықтардан естіп-біліп отырмыз. Бірақ, әлі де арқаны кеңге салып, жайбарақат жүрудің қажеті жоқ. Ережені қатаң ұстаныңыз. Өміріңізді сақтап қалғыңыз келсе, медициналық бетперде мен қолғапты ұдайы пайдаланыңыз. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіз.
«Отыз тістен шыққан сөз, отыз ру елге кетер» демекші, әр сөзімізге абай болып, қаңқу мен өсек әңгімелерге ермей, тек шынайы ақпарат көздерінен ғана мағлұмат алғанымыз жөн.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен карантин мерзімі тағы екі аптаға ұзартылды. Бұл оң шешім. Еліміздің игілігі үшін шығарылған бұл шешімге үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз маңызды. Өзімізді де, өзгені де сақтау үшін талаптарды бұлжытпай орындайық! Жақынымызға жанашыр болайық!

Заирбек СҰЛТАНМҰРАТОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.