A place where you need to follow for what happening in world cup

Өткен жылдар жаңғырығы

«Шектеулі контингенттегі» қазақ сарбазы

231

1962 жылғы күзде мұхиттың арғы бетінде күрмеуі көп күрделі жағдай туындаған-ды. Әлем  ядролық соғыс апатының алдында тұрды. Шиеленіс АҚШ-тың Бостандық аралына басып кіруді көздеген  «Мангус» операциясынан басталған болатын. Ал, КСРО оған жауап ретінде «Анадырь» атты әскери жоспар жасап, Кубаға өзінің қуатты ракеталарын апарып орнатуға шешім қабылдаған еді. Сөйтіп сол жылдың шілдесінде Кариб теңізі акваториясына қарай жауынгерлердің алғашқы тобы жасырын түрде жіберілген-ді. Оған сол кездері әртүрлі кемемен  үстілеріне жай азаматтық киімдер киген, қолдарында турист, ауыл шаруашылығы маманы, жұмысшы, оқытушы деген  құжаты бар 44 мыңға жуық Кеңес  офицерлері  мен жауынгерлері жіберілген еді. Кариб дағдарысы кезіндегі  Кубаға жіберілген Кеңес жауынгерлерінің арасында қазақ жігіттері де болған. Бүгінгі мақаламызда сол қазақ жігіттерінің бірі, іргелес жатқан Мойынқұм ауданының тумасы  Сембай Әбдіқадыров жайлы әңгіме өрбітпекпіз.

Сембай Әбдіқадыров 1939 жылы Коминтерн бөлімшесінде дүниеге келген. 1957 жылы орта мектепті бітіреді. Содан соң аупарткомда техникалық хатшы, ұжымшар комсомол комитетінің жетекшісі болады. Содан армия қатарына шақырылып, Ленинград әскери округіне барып түседі де сондағы жалпы әскери бөлімде қызмет атқарады. Елгезек қимылын, тәртіптілігі  мен төзімділігін байқаған басшылар оны аз уақыт ішінде-ақ взводтағы аға барлаушы дәрежесіне көтеріп, ефрейтор атағын береді. Партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылдап, үлгілі қызметі үшін еліне қысқа мерзімді демалысқа жібереді.

– Әскери бөлімге қайтып келгенімде күн сайын суретке түсіп, анкета толтыру басталды. 3-4 адамдық комиссия күтпеген жерден шақырып алады да: «Қиын жағдай бола қалса, оған дайынсыздар ма?-деген сұрақтың астына алады. Қарсы жауап беруге қауқар қайда? Сол кездегі патриотизм рухымен «Отан әміріне әзірміз! Берілген бұйрықтан бас тартпаймыз дейміз тақ-тақ етіп»-дейді С.Әбдіқадыров сол жылдарды есіне алып.

Содан жарты ай өткен соң жорық дабылы қағылады да құрамында Сембай Әбдіқадыров бар жауынгерлер жасағы солтүстікке қарай бет алады. Түні бойғы жолды жабық жүк машинасында өткізеді. Таң атқанда «Келдік! Сапқа тұрыңдар!» деген сөзді естіп, жерге түссе теңіз жағасындағы үлкен  портта екен. Қарсы алдарында толқынмен тербетіліп, тұмсығында «Альметьевск» деген жазуы бар үш қабат үйдің биіктігіндей аппақ алып жолаушылар кемесін көреді. Сол-ақ екен командирлер колоннадағы ПТ-76 танкілері мен Урал ЗИС-ке орнатылған ЗПУ-2 қондырғыларын өткелмен трюмге кіргізуге бұйрық береді. Жауынгерлер кемеге тиеліп болған соң полк командирі келеді. Америка империализмі, оның адамзатқа жасап отырған арам пиғылын айтады. Кеңес Одағының бұған ешуақытта жол бермейтінін, Бостандық аралы тұрғындарының жарқын болашағы үшін қандай да бір қимылдан бас тартпай жәрдемдесетінін тілге тиек етті. Соның нақты дәлелі ретінде партия, үкіметтің ұйғарымымен өздерінің мұхиттың ар жағындағы бейбітсүйгіш ел-Куба халқы алдындағы интернационалдық борыштарын өтеуге аттанатындарын  хабардар етеді.

– Біздің келе жатқан жеріміз Балтық теңізінің аумағы екен.  Кемеміз жүзіп отырып үйлері готикалық стильмен салынған портты орағытып өтті. «Швеция» десті командирлеріміз.  Одан соң көзімізге орта ғасырдан қалған қорғандары  бар жағалау көрінді. Бұл — Дания екен. Осылайша Ла-Манш бұғазына келіп жеттік те, Атлант мұхитына шықтық. Көргеніміз — бір-бірін баса көктей алға ұмтылған таудай толқындар. Олармен  бірге жарқ-жұрқ етіп ауаға секірген ақбауыр акулалар. Басқа ештеңе жоқ… Төңірек шетсіз  де шексіз  су айдыны,-деді Сембай ақсақал.

Ал енді осы сапардағы күтпеген жағдай дегенге келер  болсақ… Иә, осылайша 10  күн өткен. Келесі тәулікте «Алыстан ұшақ көрінеді» деген  хабар келеді. Оны естіген  командирлер негізгі құрамға каюталардан шықпауға бұйрық береді де, қалған топты соның алдындағы саяси сабақта жаттығып, пысықталған көз алдау кейпіне көшіреді. Атап айтқанда, бірі палубада  газет оқып отырған турист, екіншісі аунақшыған мұхит көрінісін  полотноға түсіріп жатқан суретші, енді бірі күнге қыздырынып, маужыраған жолаушы бейнесінде әр жерге  шашырап отыра қалады. Жақындағанда байқап қараса, әуеде ойқастаған АҚШ-тың қос моторлы әскери ұшағы екен. Ол төмен қарай екі рет шүйіліп келіп, көліктің жолаушылар кемесі екеніне көзін жеткізіп, ондағы жауынгерлердің қол бұлғаған бейқам кейпін көреді де, кері қайтып кетеді.

Әңгімені бұдан әрі жалғар болсақ, Кеңес жауынгерлері мінген «Альметьевск» жолаушылар кемесі Кариб  теңізіне 14 күн дегенде кештете жетіп, Куба жағалауындағы шағын портқа зәкір тастайды. Кейіпкеріміз кейін барып білсе, бұл Санта-Клара қаласы екен. Міне, осы жерде оларды Бостандық аралының тұрғындары шат–шадыман жүзбен қарсы алады. Фидель Кастроға ұқсатып сақал қойып, иықтарына автомат асынған халық жасағының жігіттері траппен түсіп келе жатқан Сембай секілді замандастарына қол беріп, сигар сыйласа, қарттары банан мен какос жаңғағы бар себеттерін көтеріп алдарынан шығады. Порттағы осындай іңір қараңғылығындағы дабыр-дұбырмен бірге кеме трюміне тиеліп келген біздер жергілікті тұрғындармен тілдестік.

– Бір-бірімізді аудармашылар арқылы түсіндік. Бір взводта бір тілмаш қызмет етті десем еш қателеспеймін. Олар да сол кездегі біз сияқты өрімдей жастар болатын. Көбі Мәскеудің Патрис Лумумба  атындағы Халықтар достығы университетінің түлектері еді. Мәселен, бізге бекітілген Мигель есімді азамат та осы жоғарғы оқу орнын бітірген. Жауынгерлер арасында өзім сияқты Жамбыл облысынан Керей, қостанайлық Қанат, Талдықорғаннан Пернебек деген азаматтар да болды. Кубада бұлардан басқа Александр Завертаев, Анатолий Колбас деген жолдастарым да болды. Бұлар да осы Мойынқұмның жігіттері болатын. Елге келген соң араласып тұрдық. 1963  жылдың қыркүйек айында гарнизонда үлкен  жиын болды. Онда Гаванадан  үкімет адамдары келіп, бізге ізгі лебізін білдірді. Полкымыздағы біраз офицерлер мен жауынгерлерге алғыс хат тапсырылды. Олардың арасында кіші сержант мен де бар болып шықтым. Ертесінде елге қайтатынымыз туралы хабар естідік. Қуанышымызда шек болмады. Куба астанасына барып, екі күн саяхаттадық,-деп бір серпілді ақсақал.

Сембай ақсақал осы сөздерді айтты да бөлмедегі кітап сөресінен бір сувенирді алды. Бірден байқадым, ұлутас. Кәдімгі теңіз жәндігінің қабыршағы. Елге қайтатынын естіген жауынгерлер Гаванада дүкен аралап жүргенде бір сатушы қызбен танысады. Сол бойжеткенге арадағы бір жауынгер естелікке пилоткасындағы қызыл жұлдызды, екінші кеудесіндегі ВЛКСМ деген жазуы бар комсомол төсбелгісін береді. Бұған риза болған сатушы Сембай ақсақал бастаған жауынгерлерге  бір-бір ұлутас сувенирін сыйлайды. Сол сыйкәде әлі күнге дейін өткен жылды еске түсіретін белгі ретінде сақтаулы тұр.

Содан бір аптадан кейін полк жауынгерлері елге қайтады.  Солардың бірі Сембай Әбдіқадыров Мойынқұмға келісімен бірден осындағы Көктерек кеңшарындағы ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кетеді.  Уақыт өте келе аудандық «Білім» қоғамында жауапты хатшы, Жамбыл кеңшарында парторг болады. Одан кейін Талдыөзекте ауылдық кеңес төрағасы, Хантау кеңшарында жұмысшылар комитетінің басшысы  ретінде ізгі із қалдырып, зейнетке шығады.

КСРО кезінде отты нүктелер деп аталатын шет жерге барған отандастарымыздың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі етуге тұрарлық. Көзі тірі кезінде жүздесіп, тілдесудің өзі бір ғанибет емес пе? Айтылмаған тағдыр, ашылмаған ерлік парақтары ғой бұлар. Және жазылмаған тарих беттері де…

Қолда бар ақпараттарды өңдеп, жолдаған Сембай ақсақалдың қызы – Эльмира Әбдіқадырова.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.