A place where you need to follow for what happening in world cup

Киелі Сарысу жерінің тарихи куәгері — Шоқай Датқа кесенесі

25 360

Біз өткен уақытты мыңдаған жылдар бойы жинаған барлық мәдени-тарихи қазыналарды тереңнен білуге, зерделеп-зерттеуге ұмтылған заманда өмір сүріп жатырмыз. Еліміздің егемендік алуымен өткенді пайымдауға кең жол ашылды. Айналасына қарасаң көз талатын Ұлы даламыздың қай бөлігін алып қарамаңыз, топырағын түртсең бетіне тарихы шығып жатады. Біздің тарихымыз тасқа басылған деген осы. Сол айтулы тарих тармағының бірінде киелі Сарысу топырағы жатыр. Елдің батысына қарай орналасқан шөлейтті өлке тарихы аңыз бен әфсаналардан да кенде емес.

Тарихқа толы Сарысу жерінде төл тарихымызға енген ескерткіштер жетерлік. Солардың бірі – Шоқай датқа кесенесі.

Шоқай Датқа Қарабекұлы – Сарысу жерінде 19 ғасырда өмір сүрген белгілі тарихи тұлға. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер. Шоқай датқа – еліне, жеріне, халқына өлшеусіз қызмет жасаған, артында сөзі мен ісі қалған ірі тарихи тұлға.

Шоқай датқа кесенесі – 19 ғасырда салынған сәулет өнерінің үздік үлгісі болып саналатын бағалы тарихи ескерткіш. Кесене Саудакент ауылының шетінде орналасқан.

Шоқай датқа кесенесін бауыры Шәкен мен ұлы Төрегелді салдырған. Кесененің сыртқы қабырғасының ұзындығы 8 м, ені  7 м. Кесененің негізгі қабырғасы қам кірпіштен қаланып, сыртына күйдірілген кірпіштер қаптама жасалған. Кесененің сырқы қабырғасына пайдаланылған кірпіштер құрылыс орнында күйдірілген. Кірпіштерді  күйдіру үшін сол аймақтарда өсетін баялыш шөбін пайдаланған. Баялыш шөбі кірпішті жақсы күйдіруімен қатар, кірпішке ерекше әдемі, жағымды иіс береді. Кірпіштің құрылымы біркелкі және жақсы болуы үшін балшығын  арнайы жылқыларға таптатып илеткен деген деректе бар. Үлкен бір бөлмеден тұратын кесене ішінде күмбезді белгі тастабыт орналасқан. Кесененің қасбетіндегі арка үшкіл пішінде болса, кесенеге кірер тұстағы арка тіктөртбұрышты. Кіре беріс қақпаның (арканың) бүйірлерінде әсемдік үшін тереңдетіп салынған текшелер бар.

2017 жылы «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізген қайта жаңғырту жұмыстарының  нәтижесінде Шоқай датқа кесенесі толықтай қалпына келтірілді. Кесененің еденіндегі жарамсыз күйге түскен плиталары мен күмбездің қаптама және ішкі бөлігіндегі кірпіштері алмастырылып, күмбезге гидрооқшаулау жұмысы жүргізілді. Шоқай датқа кесенесінің сыртқы қабырғасындағы беткі қабаты кірпіштері  алмастырылып, ішкі қабырғаны сылау жұмысы толығымен жүргізілді. Сонымен бірге, іргетастың іші-сыртындағы ылғалды реттеп тұру үшін арнайы жүйе орнатылды.

1982 жылы ескерткіш Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.

 

Мадина Ибадильдаева,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени корық-музейінің тарихшысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.