A place where you need to follow for what happening in world cup

Қайырымды іс — қиындықтан құтқарады

74

Елімізді әбігерге салған коронавирус пандемиясымен жұрт болып жұмыла күресуде мойынқұмдықтардың береке-бірлігі күн өткен сайын арта түскенін көрсеткендей. Үстіміздегі жылдың 10-маусымынан бастап аталмыш пандемияны алдын алу мақсатында ауданымыздың белсенділері және туған жерден түлеп ұшқан қолы ашық, жаны жомарт кәсіпкер аға-апаларымыздың бірігуімен әлеуметтік ватсап желісі арқылы топ (чат) құрылып, «Туған жерге қызмет» акциясы аясындашарапаты мол игі бастама қолға алынған болатын. Осы орайда апта басындааталмыш акцияны ұйымдастырушы, Күшаман ауылының тумасы Кәмшат Малдыбекова бастаған акция белсенділері Шолпан Салиева, Бәкен Бейсебаев, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева, аудандық орталық аурухананың басшысы Жайдар Әйтішев және волонтерлік қызметте үлкен үлес қосқан Мәди Күнтудың жетекшілігімен келген Жастар ресурстық орталығының жалынды жастары аудандық орталық аурухана алдына жиылып, шарапаты мол акцияны жоғары деңгейде өткізді. Акция аясында көптің қолдауымен жиылған 5 миллион 100 мың теңге қаражатқа белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның ашқан «Айдың нұры» қайырымдылық қоры  арқылы індетпен күресуде маңызы жоғары 17 оттегі концентраторы аппараттарын жәнеөкпенің қабынуы кезінде үлкенге-кішіге қолдануға болатын 11 дана небулайзер аппараттарын, өкпедегі оттегіні анықтайтын 11 дана пульсоксиметр, 100 дана төсек жабдықтары, Мойынқұм,  Бірлік ауылдық ауруханаларына бір-бір дана кір жуғыш машиналарын табыс етті. Сондай-ақ, халықтың белсене атсалысқанының арқасында жиналған ақшадан артылған 600 мың теңгеге пандемия кезінде көптеген жұмыстардың тоқтап қалуына байланысты аудан бойынша 46 отбасыға азық-түлік себеттері таратылса, онымен қоса қолдан тігілген 7 500 қорғаныс маскасы ел игілігіне жұмсалды.

Акцияны  ұйымдастырушы Кәмшат Малдыбекова өз сөзінде, Мойынқұм ауылының тұрғыны Ардақ Отыншиеваның көмегімен бұған дейінде тағы екі концентратор аппараты алынып, аудандық орталық ауруханаға тапсырылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол: «Ең бірінші болып осы демеушілікті бастаған Ардақ ханымға үлкен рахмет айтамыз. Сол кісінің демеушілігінің арқасында біздің топтың жұмысына деген ел ішінде сенім артты. Соның нәтижесінде ауданымызда 16 ауылдық округ болса, соның әрқайсына бір аппараттан алып отырмыз. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ж. Әйтішевке бұл аппараттарды салтанатты түрде тапсырамыз, ол кісі қай ауылға қанша аппарат қажет екенін анықтап, соның бәрін тиісінше өзі реттейтін болады. Ауылдық жерлердегі медбикелерге аппаратты қалай дұрыс қолданылуы керектігі де үйретіледі. Бұл ілкімді істің ілгері жүруіне ерекше ықпал еткен Лидия Бірімқұлова (Бірлік), Зәуре Мәуленова (Кеңес), Индира Жомартбекова (Хантау), Жұмакүл Үсейінова (А.Назарбеков), Болат Жақсылықов (Көкжелек), Айнұр Уалиева (Күшаман), Шолпан Салиева, Нәзира Кәдірбекова (Мойынқұм), Зәуре Баевтова (Қылышбай),  Ақсұңқар Донгулова (Құмөзек), Динара Рыстаеваларға (Қарабөгет) көп алғыс айтқым келеді»-деді ол.                                Ал  орталық аурухананың бас дәрігері Жайдар Әскербекұлы ел басына күн туған қиын шақта елжанды азаматтардың қол ұшын беріп жатқаны жақсылықтың нышаны екенін айта келе, ел болашағы жолында барынша жұмыла көмек қолын соза білген ауыл тұрғындарына, аталмыш игі бастаманың басы-қасында жүрген акция белсенділеріне ерекше ықыласпен рахмет ниетін жеткізді.

Сонымен қатар ауданымыздың түлегі, Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықовта жақындапандемияға қарсы күреске өзінің қалта қаражаты есебінен 1 миллион 786 мың теңгеге аудандық орталық ауруханаға бір мезетте 12 нүктеге тарайтын мүмкіндігі бар оттегі станциясын орнатып бергенінде айта кеткеніміз жөн. Ал бұл бүгінгі күні ауданға өте қажетті құрылғы еді. Ендеше ел басына күн туғанда елжандылық таныта білетін мойынқұмдық қолы ашық, жүрегі жомарт жандарға қашанда жасаған игі істеріңіздің тек қайырын берсін дейміз.

Уалихан ЖАЙЛАУ,

«Мойынқұм таңы».

Суреттерді түсірген А. Әлтай.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.