A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбылдық айтыскерлер қырғыздарды қайран қалдырып келді

228

Cөз маржаны, ой тұнығы молынан ақтарылатын айтыс өнері облысымызда кейінгі бір-екі жылда ерекше сипат алды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасы аясында жыл сайын дәстүрлі түрде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысы өңір айтыскерлеріне қанат бітіріп, талай талантты танытты.

Себебі, ауыл, аудан, қалада іріктеу айтыстары өтіп, шын жүйріктері республикалық айтысқа жолдама алып, кіл мықтылармен сөз додасына түсті. Нәтижесінде айтыскерлеріміздің тәжірибесі толысып, шеберлігі шыңдалды. Асқар Исабекұлының бастамасымен төл өнеріміздің көкжиегін кеңейту мақсатында атқарылған жұмыстың жемісін қазірден көріп жатырмыз. Үздіктер мен үзеңгі қағыстырып, шарболаттай шыңдалған жас айтыскерлеріміз халықаралық ақындар айтысына қатысуға да мүмкіндік алып, бүгінде өңір, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Сөзіміздің айғағы, жуырда ғана Қырғыз Республикасының Нарын облысында «Кең Тянь Шань қоршалғансың нұрменен, Қазақ-қырғыз толғап айтсын жырменен» атты халықаралық айтыс өтіп, қазақ жұртының үкілеп қосқан үміттері ел сенімін ақтады. Қырғыздың кіл мықтылары қатысқан халықаралық айтыста жерлестеріміз Нұрлыбек Құрманов пен Медеу Мырзатай жалын атқан отты жырларымен, ұтқыр шумақтарымен, өткір ойларының өрнегімен қазылар алқасын, көрерменді тәнті етіп, үздіктер қатарынан көріне білді. Қос ақынымыз да ой жүйріктігі мен көркем тілге шешендіктерін байқатып, жып-жылы шумақтарымен айыр қалпақты ағайындардың көңілін тәтті сезімге бөледі. Қазылар алқасының шешімімен Нұрлыбек Құрманов жүлделі үшінші орынға ие болса, жанартаудай жалын атқан жырларымен жасындай жарқылдаған жас талант Медеу Мырзатай арнайы сыйлыққа ие болды. Жамбылдық қос жүйріктің өнеріне тәнтті болған айтыс ұйымдастырушылары Нұрлыбек пен Медеудің иығына арнайы шапан жауып, ерекше сый-құрмет көрсетті.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.