A place where you need to follow for what happening in world cup

Жүк тасымалы – жауапты іс

264

Тамыз айының алғашқы жексенбісі елімізде көлік саласы қызметкерлерінің төл мерекесі.  Тарих таспасына көз жүгіртсек, біздің Шу өңірі топырағына темір жол түскен сәттен бастап тоғыз жолдың торабы саналады.

Темір жол көлігі жыл мезгілі, тәулік уақыты мен ауа райына қарамастан тоқтаусыз жүріп отырады және көлік түрінің қауіпсіз және жайлы түріне жатады. Жолаушылар тасымалымен қатар, ол үлкен көлемдегі жүктер мен құрылысқа қажетті  материалдарды да тасумен айналысады.  Қазақстан темір жолы барлық жүк тасымалы айналымының 68 пайызын құраса, жолаушы тасымалы қалған 32 пайызға тиесілі екен. Осы бір жауапты қызметті абыроймен алып жүрген Шу стансасының жүк тасымалы бөлімшесін атап өтуге болады. Шу стансасы Жамбыл жүк тасымалдау бөлімшесіндегі ең ірі сұрыптау стансасы болып табылады.  Ол 1930 жылы іске қосылып, бүгінгі күнге дейін  жүк тасымалы ісіне айтарлықтай үлес қосқан. Стансаның негізгі мақсаты Қырғызстан, Қытай, Ресей, Орталық Азиядан, тіпті Еуропадан да жүк қабылдап, межелі жеріне жеткізу. Оның ішінде астық, азық-түлік, тұрмыстық техника, тұрмысқа қажетті химия, жанар-жағармай және тағы да басқа қажеттіліктер бар. Одан бөлек маусымға байланысты өзімізден шетелдерге жіберілетін негізгі жүк — бау-бақша дақылдары, көкөністер.  Қазіргі кезде Шу стансасы жаңа қондырғылармен жабдықталған. Атап айтқанда автоматты орталықтандырылған дөңесі, пойыздық және маневрлік радио байланысты автоматты басқару жүйесі бар, сонымен қатар рет ретімен орналасқан 6 паркі бар кластан тыс бір жақты сұрыптау стансасына айналған. Стансаның жалпы ұзындығы 7,5 шақырымды құрайды. Бүгінде тасымалдың басым бөлігі осы Шу стансасынан өтеді. Стансада 216 адам жұмыс жасайды екен. Олардың әрқайсысының өз міндеттері бар. Бірі — жүк тасымалына өтініш қабылдаса, екіншісі оның уақытылы жеткізілуін қадағалайды.  Отандық экономиканың күретамыры темір жол қызметінің жүк тасымалын жеткізу бөлімі ерен еңбектің үлгісі.  Мысалы, станса қызметкерлері  2014 жылы пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоғары көрсеткішке ие болып, «Салалық жарыстың жеңімпазы», осы жылдың екінші жартыжылдығында Жамбыл жол бөлімшесінің стансалары арасында «Үздік ұжым» және қызмет көрсету сапасын көтергені үшін ұжым «Құрмет грамотасымен» марапатталған.  Сонымен қатар, «Қазақстан Теміржолы» ҰҚ ұйымдастыруымен өткен кіші футболдан жеңімпаз. Ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып жүрген болат жолдың мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, алар асуларыңыз көп болсын демекпіз.

Меруерт Бейсенәлі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.