A place where you need to follow for what happening in world cup

Тірлігі де, бірлігі де жарасқан

186

Замандастарына үлгі боларлық еңбекқор жастардың бірі Сағыныш Жақсылықов ауданымыздағы ең жасы үлкен 10 қариямыз кәріқорғандық ардақты ана Әнапия Жақсылықова әжеміздің немересі. Яғни, әженің үлкен ұлы марқұм Құрманғалидың екінші ұлы. Сағыныштың әкесі Құрманғали ағайын-туысқа, ауылға биік адамгершілік қасиетімен сыйлы болған жан екен. Колхозда механик, инженер болып еңбек етіп, елге көп шарапаты тиген. Алайда тағдырдың жазуымен өмірден ерте озыпты.

Анасы Жұмакүл Дүйсенәліқызы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардақты ұстаз. Құрманғали Мұхамеджанұлы  мен Жұмакүл Дүйсенәліқызы үш қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде ұл-қыздары үйлі-жайлы. Сағыныш жұбайы Маржан Исламқызы  екеуі қара шаңырақта аналарына қызмет етіп отыр.

Сағыныштың мамандығы — заңгер. Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетті бітіріп, ауылға келген жас жігіт алғаш аудандық «Жастар орталығында», яғни Жетітөбе ауылдық округінің жастар ісінің нұсқаушысы болып қызмет етті. Жастармен жұмыс істеп жүріп, ауыл жастарының мәселелеріне қанықты, олардың шешілуіне тамшыдай болса да өз үлесін қосты, жастармен түрлі іс-шаралар ұйымдастырды.

Сағыныш  2016 жылы ауыл шаруашылығына арналған алты пайыздық жеңілдетілген несие алып, оған 12 бас сауынды сиыр, бір бас асыл тұқымды бұқа сатып алады.

 Тірліктің көзін тапқан Сағыныш бүгінде несиесін төлей отырып, сауынды сиырларының санын 30-ға жеткізді.

Сағыныш бұл жұмысын отбасымен бірге атқарады. Сиырларын сауу аппаратымен сауады. Отбасы мүшелерінен бөлек бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол азамат мал бағумен айналысады.

-Азын-аулақ жеріміз бар. Ол жерге мал азығына қажетті арпа мен жоңышқа егеміз. Енді тағы да жеңілдетілген несие алып, сауынды сиырларымыздың басын 100-ге жеткізсек деген ойдамыз. Мал басы көбейгеннен соң бізге мал азығы да көбірек керек. Сол себептен, ауылдық округтің аумағынан егін егуге жер қажет болып отыр. Ауылдық округ әкіміне осы мәселені шешіп берсе деген өтінішіміз бар.

Мектепте оқып жүргенде «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, облысқа жолдама алып, облыстық байқаудан І орынды жеңіп алғанмын. Өзім бала кезден жылқы малына құмар едім. «Жігіт сұлтанында» жігітке тән қасиетімізге, өнерімізге мән берді. Бұдан сәл бұрынырақта жылқы малымен айналысуға мүмкіндігім болмады. Қазір балаларымды да жылқы малына қызығушылыққа, ұлттық ат спортына баулу мақсатында жүйрік, шапқыш аттарды ұстауды қолға алудамын. Аллаға шүкір, екі кішкентай ұлдарымыз өсіп келе жатыр. Алла қаласа үшінші кішкентайымызды күтіп отырмыз. Жігіттің, оның ішінде қазақ жігіттерінің ат спортына жақын болғаны дұрыс. Ұлттық ат спорты жігітті батылдыққа, ептілікке, жігерлілікке тәрбиелейді. Өзім көкпар ойынына қатты қызығамын,- дейді Сағыныш.

Үлгілі отбасының алтын қазынасы Жұмакүл ана отбасының ұйытқысы болып отыр.

-Енемнің ең үлкен келінімін. Апамызбен 11 жыл бірге тұрдық. 41 жасымда жолдасым қайтыс болып, бес баланы ағайын-туыстың ортасында жеткіздім.

Апаммен бірге тұрып, өміріме керекті көп нәрсені үйрендім. Ол кісіден алған тәрбиемізбен өз балаларымызды да тәрбиеледік. Аллаға шүкір, әзірге қазір бір келінім бар. Үш қызым тұрмыста. Үлкен ұлым Қуаныш Таразда тұрады. Қолымдағы келінім Маржанмен бірге тұрғанымызға алты жыл болды. Үлкенді сыйлай білетін ибалы келініміз отбасымның шырағы.

Бала тәрбиесіндегі ұстанымым — балаларды еңбекқорлыққа, адалдыққа, тазалыққа, жан тазалығына, кішіпейілділікке тәрбиелеу. Аллаға шүкір балаларым, келін, күйеубалаларым, немерелерім де көңілімнен шығады,- дейді Жұмакүл Дүйсенәліқызы.

Ардагер ұстаз-ана бүгінде елімізде болып жатқан жағдайларға да бей-жай қарап отырған жоқ.

-Коронавирус індетіне байланысты елімізде енгізілген шектеу шараларын әрбір отбасы қатаң сақтауы керек. Біз де үйімізге күнделікті ылғалды жинау жұмыстарын жүргіземіз. Үйден ешқайда шығып жатқан жоқпыз. Балалар сырттан үйге кірген сайын қолдарын мұқият жууын қадағалап отырамын. Әр жақта тұратын ұл-қыздарымды да тәртіпке бағынуларын ескертіп, сабырға шақырудамын. Бұл шараларды халық болып қатаң қолға алып, сабыр сақтасақ, ертерек тығырықтан шығамыз. Елдің амандығын, ертерек індетті жеңуімізді бес уақыт намазымызға қосып Алладан тілеп отырмын. Ел-жұртымызға Алла жар болсын!

Кеше қашықтықтан оқытуға дайындық үшін немерелеріміз сабақ өтті. Бір қиыны — біздің ауылда интернет жылдамдығы өте нашар. Үйдің өзінде кей жерлерде ғана ұстайды. Бұл мәселе біздің ауылда ғана емес қой. Сондықтан бұл мәселе де шешімін табатын шығар деп ойлаймын. Бірақ «Балапан» телеарнасы көрсетеді. Осы телеарна арқылы оқуға мүмкіндігіміз бар. Немеремнің сабағына өзіміз де үйден көмектесетін боламыз,- дейді ардагер ұстаз-ана.

-Өткен жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланып, жастарға көп көмек көрсетілді. Оның ішінде кәсіп ашуға ниет білдірген бірқатар жастарға 505 мың теңгеден қайтарымсыз грант берілді. Олардың қатарында біздің ауылдың да жастары бар. Бұл шындап кәсіппен айналысқысы келетін жастарға әжептәуір көмек. Тек ол қаражатты мақсатты жұмсай білуі керек.

Одан бөлек , ауыл шаруашылығымен және кәсіптің әртүрімен айналысатын жастарға көп жеңілдіктер бар. Ізденіп, жүгіріп сол мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Ізденбесек, бізге ешкім алдымызға әкеліп бермейді. Жалпы, тірліктің көзін таба білетін, еңбек етуге ынталы жандарға  қазір жұмыс көп,- дейді Сағыныш Құрманғалиұлы.

Иә, мақсаты айқын, ынтымағы жарасқан әрбір отбасы мемлекетіміздің тірегі. Лайым үлгілі жас отбасыларымыз көп болғай!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

Жуалы ауданы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.