A place where you need to follow for what happening in world cup

Сарысуда Тәуелсіздік күні 122 отбасы баспаналы болды

133

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, аудан орталығы Жаңатас қаласында 1 шағын аудандағы №47 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді.

Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев пен аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы және жауапты сала өкілдері қатысты.

Көпқабатты үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында беріліп жатқан бұл үйде 1 бөлмелі – 10, 2 бөлмелі – 70 және 3 бөлмелі – 40 пәтер бар.

Айта кетейік, биыл Жаңатас қаласында арнайы әлеуметтік санатқа жататын және үй кезегінде тұрған 310 отбасы баспаналы болды. Бұған дейін екі бірдей көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

Сонымен қатар, бүгін Сарысу ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында қос бірдей тұрғын үй пайдалануға берілді.

Екі үйдің бірі – Жаңатас қаласында болса, енді бірі – Ұйым ауылында бой көтерген. Салтанатты шара ең әуелі Жаңатас қаласынан бастау алды. Еңсесі биік, іші кең әрі жап-жарық жаңа үйдің табысталу рәсіміне аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев пен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері және асарға атсалысқан жеке кәсіпкерлер қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі осынау игілікті іске қол ұшын тигізген жергілікті кәсіпкерлерге, қайырымдылық қор жетекшілеріне және үлкен жұмысты ұйымдастыра білген қала әкіміне азаматтық алғысын білдірді.

Жаңа қоныс иесі, 7 баланы жалғыз өзі жеткізіп жүрген Айгүл Қобыланова да барша жиылған қауымға үлкен рақметін айтты. Сондай-ақ, жаңатастық жомарт жүректі жандар көп балалы анаға қосымша көмек болсын деп, кішкентайлардың қысқа қажетті киімдерін де сыйға тартты.

Ал, аталған жоба аясында жүзеге асқан кезекті қайырымды іс Жаңаталап ауылдық округі, Ұйым ауылында жалғасын тапты.Мұнда көлемі 80 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі үй әлеуметтік аз қамтылған отбасына табысталды. Жергілікті ауыл тұрғындары осынау үй құрылысының аяқталуын тікелей назарда ұстаған ауылдық округ әкімі Темірлан Абдраев екендігін баса айтып, атсалысқандарға ақ баталарын берді.

Айта кетейік, ағымдағы жылы «Асар» жобасы аясында ауданда 9 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Нұрсұлтан Рахымбай,
Сарысу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.