A place where you need to follow for what happening in world cup

От кешкендер

265

Жыл сайын Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының бастамасымен Кеңестік армияның Ауғанстанға кірген күні мен шыққан күні елімізде аталып өтеді.  Биыл міне, Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 31 жыл толып отыр. Он жылға жуық өзге елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы Кеңес әскері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды.  Осылардың ішінде  біздің ауданнан 131 азамат соғысқа аттанып, олардың жетеуі Ауған жерінде шейіт болды.

Небәрі 20 жастың о жақ бұ жағындағы тепсе темір үзетін албырт жігіттер кеудесін оққа тосып, жанын пида етіп, қыршын кетті. Бүгінде олардың есімдері тарих беттерінде жазылып қалды. Ауданымызда боздақтарға арналып есімдері ұрпағының санасында жаңғырып тұрсын деп «Даңқ» аллеясында 7 батырға тастан ескерткіш орнатты. Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша қаза болған жауынгерлердің  ата-аналары,  бауырларының қатысуымен еске алу шаралары ұйымдастырылып, рухтарына тағзым етіледі. Жалыны шарпыған сұм соғыста дұшпандармен бетпе бет келіп, кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, бүгінде ортамызда жүрген батырларымызға да лайықты түрде сый-сияпат көрсетіліп, марапатталып жүр.

Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев:  «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындалды, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма? Бұл ұтылыс жоғарғы әскери команданың белгілі бір бөлігін мықтап ойлантты»-деп атап көрсеткен болатын. Ауған соғысының қасіреті жайындағы бірнеше мақалаларды оқи отырып, жазықсыз құрбан болған боздақтардың рухтары халықпен мәңгі жасайтынына кәміл сендім. Сол соғыста қаза  тапқан жерлестеріміз түгелімен дерлік туған елі — Қазақстанға әкелініп жерленді. Тарих қойнауына еніп, санадан көмескіленіп бара жатса да, 10 жылға созылған соғыстың лайықты бағасы әзірге толыққанды берілген жоқ. Десе де, әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын туған елінен жырақта өтеген интернационалист-жауынгерлер өскелең ұрпақ үшін үлгі тұтар жандар. Отан алдындағы әскери борышын өтеуге барып озбырлықтың құрбанына айналған ерлеріміз елі үшін қарсы келген жауға қайыспай қарсы тұра алатындығын дәлелдей алды, жалындаған жастық шақтарын отты жылдарға арнады.

А.Берденова, 

Шу аудандық музейдің меңгерушісі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.