A place where you need to follow for what happening in world cup

Мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін майор Пронина

206

Әр азамат үшін өз Отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін, тілін білу парыз. Ал оны білу, өз кезегінде, халыққа деген құрметтің белгісі. Осы тұрғыда, ұлты орыс болса да қазақ тілін ана тіліндей меңгерген Жамбыл облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы арнайы мекемелер және айдауылдау тобының инспекторы, полиция майоры Анжелика Владимировна Пронинаны ерекше атап өткен жөн.
Қазақша мүдірмей сөйлейтін Анжелика орта мектепті де, жоғары оқу орнын да орыс тілінде оқыған. Ата-анасы, бауырлары да тек орыс тілінде сөйлейді екен.
— Мен бұрын «сәлем, сау бол» деген секілді қарапайым сөздерді білетінмін. 2000 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқара бастаған кезімде Жамбыл облысы Полиция департаментіндегі мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысып, қазақ тілінің грамматикасын, дұрыс жазылуы мен айтылуын үйреніп, іс-қағаздарды сауатты жүргізуді меңгердім. Сөздік қорым толығып, өз ойымды еркін жеткізетін болдым. Жолдасым екеуміз отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Бәріміз бір-бірімізбен тек қазақ тілінде сөйлесеміз,-дейді Анжелика.
Сондай-ақ, бізді сүйсіндіргені, Анжеликаның «қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын күні-түні оқып, ұлы қазақ елінің тарихын түсіндім» дегені еді. Ал, иісі қазақ еліне бұл шығарманы мұқият зерделемейінше оның сан ғасырлық тарихын талдап, пайымдау да мүмкін емес. Қазақ тілін ана тіліндей жетік меңгеріп, балаларын қазақы тәрбиеге баулыған орыс қызының ұлттық құндылықтарға деген құрметіне еріксіз тәнті боласыз.
Анжелика еркін сөйлеуімен қатар, құжаттарды орыс тілінен қазақ тіліне сауатты аударма жұмыстарын да жүргізе алады. Өз ісіне тиянақты, жауапты полиция майоры қызмет барысында бірнеше рет Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен, Полиция департаменті бастығының алғыс хаттарымен марапатталған.
Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы жауапты қызметімен бірге, отбасындағы ұлттық, отаншылдық тәрбиені де қатар игерген Анжеликаның адами болмысы мен полиция қызметкері ретіндегі кәсіби біліктілігі көпке үлгі боларлық өнеге. Отан қорғаушы азаматтардың қатарында осындай жүрегі нәзік болса да, рухы биік, патриот азаматшалардың болуы парасатты ұрпақтың қалыптасуына өз үлесін қосады деп сенеміз.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.