A place where you need to follow for what happening in world cup

«Еш кінәсіз екеніне сенемін»: Меруерт Түсіпбаева Ақжарқын Тұрлыбайға қолдау білдірді

398

Қазақ жастарына үнемі жанашырлық танытып жүретін Меруерт Түсіпбаева Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайға қолдау білдірді. Әнші өрімдей жас қыздың еш кінәсіз екеніне, аңқаулықпен алданып қалғанына сенетінін айтты. Ол ел-жұртты Ақжарқын үшін дұғада болуға шақырды, деп жазады Stan.kz тілшісі.

Түсіпбаева өмірде жеке танымайтын Ақжарқынды түсінде көргенін айтады. Мұнысын ол қыздың тағдырына алаңдап, көп ойлағанымен байланыстырады.

«Қаршадай қазақтың қызы, тағдырдың тәлкегімен қайта келмес жастық шағын, тар қапаста, діні де, тілі де бізге жат, өзге елде өткізуде. Өз басым, Ақжарқын туралы тың мәлімет пайда болса, елең етемін. Бас бостандығынан айырылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылып, құдай берген бар ғұмырын боданда өткізуден асқан қасірет бар ма адам баласына? Оның үстіне, нәзік қыз балаға», – дейді өнер иесі.

Әншінің айтуынша, Ақжарқынның хикаясы шетелге жиі шығатын жастарға сабақ болуы тиіс.

«Танымайтын адамнан пакет алмақ түгілі, сөйлеспей, жаныңа жолатпау керек!» – дейді Түсіпбаева.

Өнер иесі Ақжарқынның анасына жазған хатын оқып, тебіренгенін жасырмады.

«Қысқа хат болғанымен (цензура мықты Қытайда), сағынышқа, өксікке толы. Анасына сабыр берсін, жаратқан ием. Мен Ақжарқынның еш кінәсіз екеніне кәміл сенемін. Қазаққа тән аңқаулықпен, албырт жастық шақтың салдыр-салақтығымен, ойланбай жасаған бір қадамы үшін өмірі зая кетпесе екен! Тым болмаса, елге оралса екен! Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаев тізгінді ала сала, Ақжарқынның мәселесін көтерген еді. Нәтижесі болсын деп тілейікші. Ағайын, дұғада болайық, жазайық, мәселені көтерейік! Ақжарқынның алдағы өмірі ақ, жарқын болсын!» — деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, бұған дейін әнші митинг кезінде жазықсыз қамалып, соққыға жығылып жатқан қазақ жастарын босатуды сұраған еді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.