A place where you need to follow for what happening in world cup

Ержүрек Сәтімбек ел есінде

27 280

Биыл туғанына 100 жыл толып отырған Төлешов Сәтімбек Омарұлының тағдыр жолы тайғақ кешуде өткендігін көнекөз аға ұрпақ өкілдері білсе керек. Ол Шу ауданындағы Көктөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Омар мен анасы Камила ел қатарлы қарапайым ғұмыр кешкен және мал баққандықтан көшпенділер тұрмысы мен тауқыметін аз көрмеген.  Бар болғаны тоғыз жастағы Сәтімбек тағдырдың жазуы солай болған шығар, әке-шешеден бірдей айырылып, тұл жетім болып қалады. Ол кезде оны қамқорлығына немесе қанатының астына алатын жақындары да табыла қоймаған. Тағдырдың тәлкегіне түскен оң мен солын тани қоймаған бозбала қазіргі Ресейдің Саратов қаласындағы жетім балалар үйіне тап болады. Үш ұйықтаса бұл жаққа келем деген ой түсіне кірмеген ол жағымсыз жағдайға да төзіп бақты.

Ол кезде орысша тілді түсінбегендіктен көңіліне көп күдік ұялап мына жарық дүниеден безіп кеткісі келген тәрізді. Әйткенмен балалар үйінің тәрбиешілері жас қазаққа жанашырлық танытып өмірге деген құштарлық сезімін оята білгендігін атап айтқанымыз жөн. Ең бастысы, балалар үйінің басшылары жетім баланы жігерлендіре біліп, бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі болуына ықпал етті. Сол себептен өзі тәрбие ала жүріп, басқаларға да дұрыс тәлім-тәрбие беруге ұйытқы болды. Бұл 1937 жыл болатын. Сол жылы балалар үйімен комсомол ұйымы бірігіп Сәтімбек Омарұлына Семей қаласындағы жұмысшылар факультетіне оқуға түсу үшін кадрлар дайындайтын курсқа арнайы жолдама беріледі. Сол курста оқып жүріп облыстық «Прииртышская правда» газетінің жауапты қызметкері Николай Солнцевпен кездейсоқ кездесіп танысады. Бір-бірін шынайы түсінген екеуі бірге туған ағайындай араласа бастайды. Бір сөзбен айтқанда, Сәтімбек Омарұлының өмірлік көзқарасының қалыптасуына, коммунист ретінде белсенділігінің артуына, сондай-ақ азаматтық асыл қасиеттерінің ұштала беруіне жаңа танысының ықпалы мен қамқорлығы зор болды. Рабфакты бітіргеннен кейін 1938 жылы Мәскеу қаласына барып тау-кен институтына түсуге бел буды. Арада екі жыл өткен соң, студент С.Төлешовті Алматыдағы әскери училищеге дәріс алуға жолдамамен ауыстырады. Тағдырдың талай тәлкегінен сүрінбей өте білген жас қазақ әскери талапты да адал атқарып лейтенант шеніне ие болады. Ауыл баласы осылайша әскерилер қатарына қосылып өмірдің жаңа ағымымен алға қарай жылжи береді

Бар әлемді дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталған шақта лейтенант Сәтімбек Төлешов өз қатарларымен бірге майданға аттанып, туған елімізді неміс басқыншыларынан азат етуді басты мақсат санайды. Ол жауынгерлік тапсырмасын дер кезінде әрі сапалы орындауға аянып қалмайды. Қажет болса гүл өмірін қиып беруден де тайынбайды. Атап айтқанда, ол рота командирі ретінде Мәскеу төңірегіндегі және басқа да майдандарға белсене қатыса жүріп екі рет ауыр жарақат алған. Әскери госпитальдарда емделгеннен кейін талай мәрте алғы шептен көріне білген.Жеңіс жолында қандай қиындық кездеспесін қайсарлығымен көзге түскен С.Төлешов 1943 жылы Мәскеуге шақырылып, арнайы дайындық курсына қабылданады.

Арнайы курстан кейін батальон командирі жан беріп, жан алысқан талай шайқастарға қатысады. Сондай шайқастардың бірі — Львов қаласынан 60 шақырымдай жерде орын тепкен Броди қаласында болады. Берілген бұйрық бойынша комбат Төлешов аталмыш қалаға келетін жолды жауып, неміс басқыншыларына тосқауыл қоюы қажет болатын. Атап айтар жай, Комбат бұйрықты мүлтіксіз орындады. Осындай сын сағатта небәрі отыз шақты жауынгер тірі қалып, ес-түссіз жарақат алып жатқан комбат С.Төлешов тұтқынға алынды. Бұл — 1944 жыл еді.

Соғыс жылдарында тұтқынға алынғандардың тартқан жан азабы аз болған жоқ. Мәселен, С.Төлешовпен бірге Львов, Чейстхов, Бельск лагерлерінде болған Советтік жауынгерлер   ашаршылықты да, қатігездікті де бастан өткерді. Олар тар қапаста жүрсе де ел намысын бәрінен биік қойып, қайткенде де қамалы биік, күзеті көп лагерден қашып шығуды жан-жақты ойластырды. Мұндай кезде жазым болып көзге түсе қалса жау дұшпанының оқ жаудырып, тұқымыңды тұздай құртатындығы ешбір жасырын емес. Бірақ ажалға да бас тіккен жауынгерлер алған беттерінен қайтпады,  тұтқында жүргендеріне 54 күн болғанда комбат С.Төлешов, капитан Сағалиев, ұшқыш Николай Рудаков және басқалары олар отырған қапаста хатшылық қызмет атқарып жүрген ұлты поляк қызының көмегімен қашып шығады. Жан сауғалаған жандар 15 күн бойы күн-түн демей жол азабын тартып, ақыры Польша мемлекетінің жеріне тап болады. Сол жақта біраз ес жиған соң Сәтімбек Төлешов жергілікті әскери басшылықпен кеңесе отырып, партизандар отрядын ұйымдастыруды жөн көреді. Поляктің әскерилері Советтік жауынгерлердің неміс басқыншыларына деген қарсы іс-әрекетін қолдады. Осының нәтижесінде С.Төлешов құрған партизан отряды көп ұлттың өкілдерімен жасақталады. Олар полковник Томен басқарған поляк партизандарымен бірігіп қоян-қолтық араласып жұмыс атқарады. Осындай ұтымды ұйымдастырудың арқасында тапсырмалардың тиянақты орындалуы кеңге қанат жаяды. Партизандардың тұтқиылдан берген соққысына шыдас бере алмаған неміс жендеттерінің қарқыны бұрынғыға қарағанда бәсеңдей түсті. Ал, 1944 жылғы тамыз айында Советтік партизан құрылымының жетекшісі, майор С.Лесниковский мен С.Төлешовтың отряды бірігіп фашистерден Польша, Чехия, Словакия  және тағы да басқа мемлекеттерді азат етеді. Арада жылдар жылжып өте береді. Ерен ерлігімен көзге түсіп жүрген Сәтімбек Омарұлы 1944 жылғы желтоқсан айында біріккен партизан ұйымының штаб басшысы болып тағайындалды. Тағы да бір атап айтар жай, С.Төлешов поляк жерінде жауынгерлік қызметті атқара жүріп Саша Хина деген лақап атқа ие болғандығын біреулер білсе, біреулер білмейді. Бұл поляк халқының қазақ жігітіне, Кеңестік офицерге деген құрметтің символы сияқты. Бұл партизан отрядының басшысына, ержүрек батырға тіл тимесін, көз тимесін деген ақ тілектен  туындаса керек.

Сұрапыл соғыстан аман қайтқан Сәтімбек Омарұлы Алматы қаласына оралып, бейбіт күннің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кетті. Жақсы қызметтің тізгінін ұстады. Отбасын құрды.  Асыл жары Люма екеуі қызы Лена, ұлы Серікжанды дүниеге әкелді. Тұрмыс жағдайлары да жақсара бастады. Дегенмен, Сәкеңнің көңіл толқыны бір сәт басылған емес. Өйткені өзі туып-өскен Шу бойындағы ауылды, есінде есімдері еміс-еміс қалған ағайын-туыстарды аңсағанда түн ұйқысы төрт бөлінетін. Ауыл жаққа аяқ баспағанына ширек ғасыр болған-ды. Соларды ойлаған сайын сағыныш сезімі жан жүрегін сыздатып қоя беретін. Тамағы тоқ, көйлегі көк болса да туған жеріне ат басын бұруды, жақындарын іздеп табуды жөн көрді. Жүрек әмірі осылай деп үн қатқан соң елуінші жылдардың орта тұсында атамекенін бетке алып шыққаны бар. Сұрастыра жүріп, іздестіре жүріп аталастары Құрманқожа Жанғарашев, Рахыш Аманқұлов, Ыдырыс Нұрбековпен жолығып, өз тегін кеңінен тани бастады. Бертін келе ел ағалары Жапар Түйебеков, Сары Хасенов тағы басқаларымен араласып-сыйласты. Сонымен қатар ауыл адамдарының талап-тілегіне ден қойып, қолынан келгенше көмек көрсетті.  Бауырмашылдық сезімін жайып салған Сәтімбек Омарұлына туған-туыстары да кеңінен құшақ жайып, лайықты құрмет көрсете білді. Ол әр келген сайын бақилық болған жақындарына құран бағыштап, көпшіліктің көңілін таба білді.

Майдангер Сары Хасенұлы Сәкең жайлы бір кездескенімізде былай деп еді: «Бауырымыз Сәтімбек Омарұлы өте қарапайым азамат болғандығын айтқым келеді. Бұл кісі өзін мақтамайтын. Өзге жауынгерлерді үлгі тұтатын, сондай-ақ қайырымды жан еді. Бір қызығы, Сәтімбек Омарұлын арада жиырма жыл өткен соң Польша Халық Республикасының ең жоғарғы наградасы «Виртути Милитари» ордені іздеп тапты. Бұл награда Қазақ ССР Министрлер Советінің мәжіліс залында өз иесіне тапсырылды. Бұл басқосуға Республика басшыларымен қатар Поляк Республикасының мәртебелі өкілдері қатысты. Салтанатты жағдайдан соң Сәкеңнің көңілі теңіздей толқып, шаттықтан тебіренді. Поляк ағайындардың ақ алғысына, ақ батасына дән риза болып, адамға деген жақсылықтың қай кезде болмасын ұмытылмайтындығына көз жеткізді. Тума табиғатынан тал бойы еңселі біткен жаны жомарт, қолы ашық Сәкеңнің өмірдің қаншама қиын тұстарын көрсе де жүрегі жұмсақ, мейірімі мол екендігін байқау қиын емес-ті. Ержүрек ел ағасының Ұлы Отан соғысына қатысып, ондаған  жауынгерлік ордендер мен медальдарға ие болғандығы өз алдына бір төбе әңгіме.

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туы желбірегеннен бастап көшелердің бұрынғы атаулары өзгеріске ұшырады. Мәселен, Көктөбе ауылындағы негізгі көшелердің бірі Ленин көшесі аталатын. Осы көше тұрғындарының талап-тілегі бойынша бұрынғы Ленин көшесіне жаңа атау беріліп, Сәтімбек Төлешов көшесі болып өзгертілді. Көшеге тақтайдай етіп асфальт төселген, электр жарығымен қамтамасыз етілгендіктен түнде  де көше бойы самалдай жарқырап тұрады.

Қазіргі Сәтімбек Төлешов көшесінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ағайынды Алиасқар, Рзыхан Сүлейменовтер, Серік Тоқтанаев, Айдархан Мамырбаев, Нұрғиса Толғанбаев, Нұрмағанбет Көпбаев, Кентай  Қанқұлов, Охас Сәрсенбиев, Наби Изотов, Кәрім Сулеев сынды майдангерлердің отбасы мен үрім-бұтақтары тұрады. Олардың бір-біріне деген құрметі мен қошеметі көңіл қуантады.

Ержүрек майдангер Сәтімбек Төлешов ұзақ жылдар бойы республикалық баспаханалардың басшысы болып баянды қызмет  атқарды. Оның Нұрлан Түйебеков, Исанғалым Ақбасов және тағы да басқа шәкірттері кәсіби шеберліктерін шыңдай түсіп, еліміздегі баспахана ісінің өркендеуіне өзіндік үлес қоса білді. Жерлесіміз майталман майдангер С.Төлешов сұрапыл соғыста тапқан ауруы асқынып, 57 жасында өмірден озды. Ұрпақтары Алматы қаласында ғибратты ғұмыр кешуде.

Ахметжан Қосақов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.