A place where you need to follow for what happening in world cup

Ардагер теміржолшыларға ерекше көңіл бөлінді

184

Осыдан отыз жыл бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Тағдыр тарихын тасқа қашап жазған қазақ елі небір алмағайып заманды бастан өткерді. Бұл қиын кезеңде де ұнжырғамызды түсірмей, еңсемізді биік ұстап, қазақтың басынан өтетін бұл да бір уақытша кезең екенін түсініп, ертеңімізге зор сеніммен қадам басуымыз қажет.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақында жариялаған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген  мақаласында бірлік пен татулық, рухани келісім мен өзара түсіністік сынды құндылықтар әрқашан біздің басты байлығымыз болып қала беретінін тілге тиек етті. Өйткені, бірлік пен тұрақтылық орнаған қоғамда игі жұмыстар жүйелі түрде өз кезеңімен жүзеге аса береді. «Ынтымақ болмай іс оңбас» деген бабамыздан сөз қалған.

Елімізде орын алған ауыр жағдайға байланысты Елбасымыз «Біз біргеміз» республикалық акциясын қолға алып, көпшілік бірден қолдай кетті. Акция аясында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектен бөлек, жаны жомарт азаматтар көмекке мұқтаж, көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге қаржылай, материалдық тұрғыдан, азық-түліктей қамқорлық танытуда. Жақында аудандағы теміржол саласының мекемелері осы салада ұзақ жылдар қызмет атқарып, зейнетке шыққан ардагер теміржолшыларға азық-түлік пакетін таратып, баталарын алып қайтты. Мәселен, Қ.Көкірекбаев басқаратын Шу локомотив депосы 17, Қ.Сазаев басқаратын ШЧ мекемесі 8, М.Ақботаев басқаратын ЭЧ-22 мекемесі 6, ПЧ мекемесі 6 және С.Құсайынов басқаратын Шу станциясы мекемесі бірнеше зейнеткерге азық-түлік пакетін сыйлады.

Атап өтерлігі, ҰОС ардагері 96 жасар Д.В.Серебряковтың да теміржол саласына еңбегі сіңген. Сала мамандары ардагерге де ерекше көңіл бөліп, әлі де қуантамыз деп отыр. Осындай игі істен кез келген азамат тағылым алары анық. Халқымыз қысыл-таяң тұста үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын абзал қасиеттері арқасында ғана бірлесе қиындықты жеңетініне сенемін.

Шындығында, бүгінгідей аяқ астынан туындап, әлем жұртын әбігерге салған індет кезінде береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белгіленген тәртіпке бағынып, мол жауапкершілік танытсақ, бұл кезеңнен де тайсалмай өтетінімізге сенімім мол.

Тұрсынбай Халық,

Құрметті теміржолшы,

Шу станциясы торабының теміржолшы ақсақалдар алқасының төрағасы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.