A place where you need to follow for what happening in world cup

Ел дамуының негізі Жолдауда айқындалған

89

Мойынқұм ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын түсіндіруге арналған актив отырысы өтті.

Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Мәден Мұсаев еліміздің қарқынды дамуының алдағы жолын айқындап берген аталған құжатта мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, теңгерімді аумақтық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты- басты басымдық болғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол бұл Жолдауда қол жетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау саласын дамыту, экологиялық және биологиялық әркелкілікті қорғау, цифрландыру барлық реформаның негізгі элементі қарастырылғанын жеткізді.

– Президент Жолдауы – елдің экономикалық өсімі мен қазақстандықтардың тұрмыс жағдайының жақсаруын қамтамасыз ететін ауқымды әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Біздің міндетіміз – мемлекет басшысы бастамаларының толық уақытылы және сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Биылғы Жолдауда айтылған азаматтардың тұрмысын жақсарту, оларға жағдай жасау, тұрғындардың денсаулығы үшін бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу, жұмыссыздықты жою, мұның бәрі бізге үлкен міндеттер жүктейді, – деді Мәден Тоқтарбайұлы.

Басқосуда сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиев сөз алып, Жолдауда бірқатар маңызды мәселелер айтылғанын тілге тиек етіп, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі мен азаматтардың мүддесін қорғауға ерекше екпін бергенін жеткізді. Сонымен қатар ол COVID-19 пандемиясы әлемдегі ақуалды түбегейлі өзгертіп, осындай қиын қыстау кезеңде мемлекеттік басқару саласының кем-кетігі анық байқалғанын сөз етті.  Содан соң сөз тізгінін алған Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Нұртас Саурықов мемлекет басшысы білім беру саласындағы қашықтықтан білім беру үшін әлі нақты онлайн платформа жасалмағанын сынағанын, 2021 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің айлық жалақысы 25 пайызға өсетінін, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясы кеңейтінін, дарынды жастарды іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында дайындауға басымдық берілетіндігіне назар аударды. Өзі басқарып отырған мектеп-гимназиясында жаңа жағдайда оқушыларға білім беру барысындағы ерекшеліктерді атап өтті. Өз кезегінде  аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Тұрсынкүл Рыстанбаева құжатта атап көрсетілгендей, келер жылы дәрігерлердің жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан екі есе жоғары болатынын, ал ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығында пандемиямен күрескен медицина саласының мамандарына қазынадан 15 миллиард  теңге қосымша қаражат бөлінетінін атап өтті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мәден Мұсаев алға қойған міндет – Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды мерзімінде орындап шығу екенін алға тартып, оны іске асыру ауданның, тұтастай алғанда, еліміздің игілігі үшін әрбірімізге жеке жауапкершілік жүктейтінін қадап айтты.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.