Әсілінде Әулиеата өңірі таланттардан кенде емес. Әсіресе, әдебиет әлеміне бет бұрып, өрнекті өлеңдерімен талайды тәнті етіп жүрген жас ақындар шоғырының қалыптасып келе жатқандығы қуантады. Міне, сондай замандасымыздың бірі Данияр Әлімқұлдың жуырда облыс әкімдігінің қолдауымен «Жүрек хаттары» атты жыр жинағы жарық көрген болатын. Ал кеше Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің мәжіліс залында осы туындының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жаңа кітаптың тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, зиялы қауым өкілдері мен ақынның оқырмандары, жалынды жастар жиналды.
Поэзия кешін жас ақындар Нұрболат Сатымқұл мен Нұрболат Жаңабекұлы өзара сұхбат құра отырып ерекше форматта жүргізді. Кітаптың тұсауын белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы мен облыс әкімінің кеңесшісі Жасұлан Әбдіхалық кесіп, ақынға шалқар шабыт тіледі.
Шара барысында Данияр ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, университет студенттері автордың өлеңдерін көпшілікке ұсынды. Кітап авторы да жыр кешіне келген қонақтарға алғысын білдіріп, жауһар жырларын арнады.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман Данияр Әлімқұлдың шығармашылығына талдау жасап, өлеңдерінің ерекшелігіне тоқталды.
Сонымен қатар облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, ақын, белгілі журналист Бақытжан Әлімқұлов, журналистика саласының ардагерлері Бекет Момынқұл, Баймаханбет Ахмет, Асқарбек Сейілхан, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, ақын Ғайни Әлімбекқызы, тағы да басқа азаматтар жылы лебіздерін білдіріп, ақын өлеңдері жайлы өз пікірлерін ортаға салды.
«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым» деп Төлеген Айбергенов жырға қосқандай, мөлдір мұңға малынудың мехнаты оңай соқпаған. Қай кезде де ақынның жүрегі өмір атты алып кеңістікті, ондағы қым-қуыт құбылысты басқаша бағамдайды. Данияр Әлімқұлдың «Жүрек хаттары» да оқырманын жұмбақ иірімдерге жетелейді. Ақынның алғашқы жыр жинағының тұсаукесеріне жиналған көпшілік рухани сусындап, зор серпіліспен тарасты.