A place where you need to follow for what happening in world cup

«Жауапкершілік жүгі ешқашан жеңіл болмайды»

20 572

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүргізілген Президенттік жастар кадр резервінің қорытындысы жарияланып, 300 қазақстандық жас іріктеліп алынды. Қазіргі уақытта резервке енген жастар мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалып та үлгерді. Жобаға қатысып, іріктеліп алынған 300 жастың қатарына енген жерлесіміз Әбілхайыр Тамабек апта басында облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Әбілхайыр Ғалымұлын жастар басылымы атынан құттықтай барып, жалынды жаспен аз-кем сұхбаттасқан едік. 

– Әбілхайыр Ғалымұлы, білімі мен біліктілігі жоғары кез келген жастың Президенттік жастар кадр резервіне өткісі келетіні анық. Дегенмен жоба талаптарының оңай емес екені белгілі. Резервке өтуге өтінім берген мыңдаған жастың арасынан топ жарып шығу да оңай болмаған болар?
– Көпшілік жастар бұл жобаға тек жас мемлекеттік қызметкерлер ғана қатыса алады деп ойлады. Негізі мүлдем олай емес. Ешқандай шектеу болған жоқ. Жобаға Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі 5 жыл еңбек өтілі бар кез келген азаматының қатысуына мүмкіндік берілді. Қателеспесем, байқау жарияланғанда 13 мыңнан астам жас өтінім берген екен. Сөйтіп 7312 жас толық тіркеліп, алғашқы кезеңге өтті. Бірінші кезеңде үміткерлер тестілеуде бағын сынады. Тест үміткердің мәтіні және сандары күрделі ақпаратпен жұмыс істей алу қабілетін анықтауға бағытталған. Алғашқы кезеңде вербальды және сандық тест тапсырып, 904 жас келесі кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңде үміткерлердің көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық көрегенділік деңгейі, ынталандырылуы мен құндылығын бағалау сыналды. Ол үшін үміткерлер эссе жазып, өзінің әлеуметтік маңызы бар жобаларын таныстыруы керек. Эссе арқылы үміткерлердің сауаттылығы, эрудициясы, білім деңгейі, сындарлы ойлауы, ойлау қисындылығы, қорытындыларының дәлелділігі мен негізділігі бағаланды. Өз кезегінде, жобаларды таныстыру үміткердің таңдаған лауазымдар топтамасына сәйкес, тиісті саланың немесе қызмет бағыттарының дамуын болжауын бағалауға бағытталады. Бұл кезең сондай-ақ үміткерлердің құзыреттерін бағалауды қамтиды. Қатысушылардың құзыреттерін бағалау арқылы олардың жеке қасиеттері, ынталандырылу деңгейі, сондай-ақ басқарушылық құзыреттерінің болуы анықталады. Келесі кезең Сарапшылық комиссияда қатысушылардың әңгімелесуі болды. Бұл кезеңге балдар жиынтығы бойынша алдыңғы кезеңдерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қатысушылар жіберіледі. Әңгімелесу қорытындысы бойынша Сарапшылық комиссия дауыс беру арқылы алдыңғы кезеңдерді қосқандағы жоғары ұпай жинаған 330 үміткердің тізімін жасап, оны қарастыру үшін Ұлттық комиссияға жолдады. Іріктеудің соңғы кезеңінде қатысушылардың кандидатурасы кадрлық резерв жөніндегі Ұлттық комиссияда қарастырылды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша үміткерлерді Президенттік жастар кадр резервіне қабылдау туралы шешім қабылданды.
– Резервке өткеннен кейін жан-жақтан көптеген ұсыныстар түскен болар?
– Иә, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан және Алматы, Ақмола, Қызылорда облыстарынан алпысқа жуық ұсыныс түсті. Басқарма басшысы, аудан әкімдерінің орынбасары, бірнеше министрліктен департамент директоры сияқты лауазымдарға шақырту болды. Бірақ ойлана келе туған жеріме таңдауым түсті.
– Өзіңіздің замандастарыңыз керісінше алып мегаполистерге кетуге асық. Сіздің өзге аймақтарды емес, облысымызды таңдауыңыздың себебі неде?
– Әрине басқа аймақтарды таңдауыма болатын еді. Ұсынған қызметтері олқы дей алмаймын. Дегенмен осы облыстың тумасы болғаннан кейін елге, жерге қызмет етейін деген ой болды.
– Ал облыстан өзіңізден басқа резервке енген жастар бар ма?
– Облыста қызмет етіп жүрген жастар жоқ. Бірақ жалпы статистиканы қарағанда өңірде туып, қазіргі таңда басқа аймақтарда қызмет атқарып жүрген жамбылдық 24 жас резервке өткен. Бірқатары өзге өңірлерге қызметке тағайындалып үлгерді.
– Қанша адам болса, сонша пікір болатыны заңдылық. Бұлай деуімнің себебі, біздің қоғамда жас азаматтар лауазымды қызметке келсе, «тамыр-таныстықпен, бір дөкейдің баласы ғой, бас қалаға өсу үшін келіп отыр» деген секілді әңгімелер желдей еседі. Өмірбаяныңызға, атқарған қызметіңізге, оқыған оқу орныңызға қарап сізді де солай айтатындар табылады деп ойлаймын…
– Әрине, барлығына жағу мүмкін дүние емес. Әркімнің пікірі әралуан. Дегенмен, осындай алып-қашпа әңгіме айтатындар бір мезет ойланса екен деймін.
Шынымды айтсам ешқандай да бай-бағланның баласы емеспін. Өсіп, жоғарылап кетуге, анығы уақытша келген адам емеспін. Өзіңіз жақсы білетін Талас ауданының тумасымын. Тоғыз жолдың торабында орналасқан, бұрын аудан орталығы болған Ақкөл деген ауылда май топыраққа аунап өскен жігітпін. Тіпті, қала емес, сол ауылдағы Ы.Алтынсарин атындағы қарапайым орта мектепті бітірдім. Ұстаздарымның саналы тәрбие, шын берілген білімінің арқасында мектепті алтын белгіге аяқтадым. Қарашаңырағымыз әлі де сол ауылда. Әке-шешем қарапайым, елге қызмет етіп жүрген еңбек адамдары. Сондықтан жел сөзге ермей, шамамыз келгенше халыққа қызмет ету басты міндетіміз. Ал, орынды сын, білмей жатқан тұстарымыз болса, әр кез ашықтық принципін ұстанып, үлкен аға буыннан үйренуге даярмыз.
– Республика бойынша ең жас басқарма басшысысыз. Жауапкершілік жүгінің салмағы айтпаса да түсінікті. Қорқыныш болған жоқ па?
– Дана қазақтың «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» деген сөзі бар емес пе? Егер өзіңнің білімің мен білігіңе, ойлаған ісіңнің дұрыстығына сенетін болсаң тәуекелдерден қорқуға болмайды. Жалпы, бәсекелестікке толы қазіргі заманда тәуекелсіз іс бітпейді ғой. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендей қорқақтап, жауапкершіліктен қашатын болсаң өмір бойына қатардағы маманның бірі болып жүре беруге болады.
Жалпы мемлекеттік қызметті таңдағаннан кейін бар мақсатымыз – еліміздің бір кетігіне кірпіш болып қалану. Президенттің өзі үлкен жауапкершілік жүктеп отырғаннан кейін сенімге селкеу түсірмеуге барымызды салатын боламыз. Кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Хан баласында қазақтың хақы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деді ғой. Әрине ол дәурен өтті. Қазір демократиялық мемлекетпіз. Ал қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерде халық­тың хақысы бар дер едім. Мүмкіндігінше мемлекеттік қызметкерлердің халықтың барлық қажеттілігін қамтамасыз етуі керек. Анығы мәселесін шешуі қажет деп білемін.
– Сіздіңше жастар кадрлық резерві мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге қаншалықты оң ықпал ете алады?
– Бірден нақты бағасын беруге болмайды. Өйткені кез келген жобаның жемісін көру үшін кемі 2-3 жыл керек. Уәде бергенім де қисынсыз болар. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді ғой дана халқымыз. Сондықтан берілген мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тырысамын. Сондай-ақ осындай жауапты қызметке тағайындап, сенім білдіріп отырған облыс басшысы Асқар Мырзахметовке үлкен алғыс білдіремін. Мүмкіндік берілді, енді тек жұмыс жасауымыз қажет. Сөздің тоқетері жауапкершілік жүгі ешқашан жеңіл болмайтынын жан-тәнімен түсінемін.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

«ARAI» газеті

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.