A place where you need to follow for what happening in world cup

Бірге күресуге шақырамыз!

166

Әлемді әлекке салған атышулы індет соңғы кездері ел-жұртты қатты алаңдатып қойғаны рас. Салғырт әрекетіміз бен немқұрайлы ниетіміз індетті одан бетер өршіте түсті.
Тіпті, біздің қоғам күні кешеге дейін «Коронавирус бар ма, жоқ па?» деген мәселені талқылап, әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі әңгімелердің өрбуіне себеп болғанын да жасыра алмаймыз. Яғни, халық осынау қауіпті инфекцияға сенімсіздікпен қарап, күнделікті тіршіліктің күйбеңімен тәртіп пен тазалықты ұмытып кетіп жатты.
Енді қазіргі жағдай тіптен басқа. Қазір ел ішінде қорқыныш пен үрей басым. Халық өз өмірі мен жақындарының саулығы үшін алаңдайды.
Дегенменде, сан қилы заманды бастан кешірген халқымыз қандай қиындық болса да өзінің елдігін жоғалтқан емес. Еліміз бұл күнге берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен, елден ерек әсем көркімен жетті. Ендеше осынау барымыз бен нарымызды, қазынамызды, берекемізді бір жұтта жоғалтып алмауымыз керек.
Сондықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдап жатқан шешімдеріне толық қосылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын аса жауапты кезеңге келдік. Яғни, қауіпті індеттің ендігі тізгіні тұрғындардың өз қолында. Төтенше жағдай режімі аяқталса да карантиндік шараларды сақтау, осыған дейінгі тәртіп пен талапты сол күйінде тас қып ұстау өте маңызды. Жұрт той-томалақты, жиын-бас қосуларды шектей тұрып, ұлт саулығын бірінші орынға қоюы қажет. Әрине, індетті ауыздықтауда билік пен бұқара бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай әрекет етпесе, бұл істен оң нәтиже шығару қиын. Сондықтан дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек.
Әлемді мейірім құтқарады. Қауіпті індет ел-жұрттың есін екеу, түсін төртеу қылып отырған кезде қайырымды жандар көмек қолын созып, қаржы жинап, емдеу орындарына қажетті құралдар әперіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде. Осындай алмағайып сәтте мемлекет те батыл шешімдер қабылдап, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге байланысты нақты қадамдар жасауда. Бұл елдің рухын көтерді, сенімін оятты.
Енді міне, жер-жерден қауіпті індеттің беті қайтты деген қуанышты хабарлар жетіп жатыр. Осынау аурудан жазылғандардың саны да сәт сайын өзгеріп, ем қонғандардың қатары күн санап көбеюде.
Ендеше осынау сынақтан сүрінбей өту үшін рухымыз асқақ, бірлігіміз бекем, еңсеміз биік болуы тиіс. Бізге ауызбіршілік қажет.
Лайым, Алла тағалам ел-жұртымызға әрдайым қорған, пана бола берсін!

Аудан жанашырлары

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.