A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауылдастар асарлатып үй салуда

145

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухаи жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Бірлік ауылдық округінде әкімшіліктің бастамасымен және ауылдағы азаматтардың қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы жүзеге асырылды.

«Бірлік түбі-тірлік» деген тәмсілді берік ұстанған бірліктік тұрғындар ауылдағы төрт баланың анасы, жесір ана Бақыт Оразбаеваға баспана салып беруге уағдаласқан еді. Бақыттың үйінің кіре беріс верандасы былтыр электр тоғының тұйықталуынан өртеніп, жарамсыз болып қалған еді. «Көп түкірсе-көл» деген. Құрылысқа қажетті материалдар сатып алынып, ауыл жастары өртенген үйдің іргесін бұзып, айналасын күл-қоқыстан тазалап бел шеше бастап та кетеді. Аз уақыттың ішінде іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып сыланып, шатыры жабылып, есік терезесі салынып, едені цементтелінді.

Ауыл әкімдігі, үйдің төбесін жабуға қажетті шифрін берді. Сөйтіп, жуырда аз уақыттың ішінде үш бөлмелі пәтер  пайдалануға берілмек. Бүгінде үйдің 85 пайызы аяқталды.

Үй иесі Бақыт ауылдық округ әкімдігінің қаржылай қолдауымен өткен аптада көрші-қолаң, ағайын – туыс, үйді салуға атсалысқан азаматтардың басын қосып қоныс тойын жасады. Шақырылғандар құр қол келмей қуанышқа кенелген үй иесіне сый-сияпаттарын жасап жатты.

Бақыттың қуанышын бөлісуге келген аудан әкімдігі ішкі саясат, құрылыс бөлімдерінің басшылары Жанар Несіпбаева, Ержан Әмірханов, ауылдық округтің әкімі Қанат Көпбаев, округ әкімдігінің бас мамандары Қуаныш Оспанов, Ерік Қалматаев, ауылдың биі Махметәлі Тоқсабаев, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Раушан Жетібаева, көршілер, жақын туыстар мен жастар үйдің лентасы қиылған соң үй иесінің шүкіршілік етіп жасаған дастарханынан дәм татты. Ақ дастархан үстінде М.Тоқсабаев, Ж.Несіпбаева, Р.Жетібаева үй иесіне ақ жарма тілектерін жеткізді. Ал Бақыттың қайын әпкесі Мейрамкүл Шабиева аз ғана уақыттың ішінде асарлатып баспана салуға көмектескен азаматтар мен ауыл белсенділерінің аттарын атап, оларға ризашылғын білдірді.

Иә, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың асарлатып үй салу дәстүрі бастамасына үн қосқан бірліктіктердің ерен еңбектеріне біз де риза болдық.. Мұндай асарлатып үй салу жұмыстары ауданның бірқатар елді-мекендерінде жүзеге асырылуда.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.