A place where you need to follow for what happening in world cup

Ана бақыты

(Фарида Абдраманова туралы бір үзік  сыр)

354

Төле би ауылының тұрғыны, ардақты ана, ұлағатты ұстаз Абдраманова  Фарида Ханафияқызымен танысқаныма (суретте), өзара әңгіме-дүкен құрғанымызға жиырма шақты жылдың жүзі жаңарды. Бұл бір адамды танып білу үшін аз мерзім емес. Бірақ, ол кісімен сұхбаттаса жүріп, жастық шағы  туралы сыр алысып көрмеген едік. Бір сәті  түскен кездесу кезінде:

-Жеңеше, сіз Ұлы Отан соғысы басталған шақтан бір жыл бұрын дүниеге келіпсіз. Балғын, балдәурен шағыңыздың  ел басына қаралы күн туған сұрапыл соғыс жылдарында өткендігі жасырын емес. Соғыс өрті еліміздің Батыс бөлігін шарпығанымен басқа аймақтарға да айтарлықтай ауыртпалық түсірді. Осы  жайында не  айтар едіңіз? деп, ол күтпеген сұрақты қойып қалдым.

–Аха (мені осылай атайды), шынымды айтсам соғыс жылдарындағы халқымның тартқан қайғы-қасіреті бәрі есімде деп айта алмаймын. Ол кезде ойын баласы болдық та, үлкендердің қас-қабағына қарап отыратынбыз.Олардың қабағы  қатуланса, біздің де көңіліміз пәс боп қалатын. Ішсек тамаққа, кисек киімге жарыған  емеспіз. Аш құрсақ жүрсек те, үлкендермен бірге  колхоз шаруасына араласып, қолдан келгенше күш салдық. Айта берсек, соғыс жылдары үлкенге де, кішіге де үлкен сынақ  болды…

-Сіз Қырғыз КСР-ы,  Қант ауданы, Милянфан селосында туыпсыз. Осы отбасыңыз жайында біраз әңгімелеп берсеңіз?

-Әкем Ханафия, шешем Ғайнұр қарапайым еңбек адамдары болатын. Екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Атап айтқанда, әпкем София, ағаларым Рашид пен Фатих, сіңілім Халида бесеуміз ата-анамыздың көзінің ағы мен қарасындай өзара сыйластықта өстік.

1943 жылы әкеміз аз ғана уақыт ауырып,  бақилық болып кетіпті. Сол жылы біздің  отбасымызға аса бір қамқорлықпен қарап жүрген нағашы  атам Уәлиге тықыр  таянғандай оқыс жағдай  болған. Өйткені нағашы  атамыз ескіше хат  таныған, көкірегі  ояу, молдалығы бар  кісі еді. Әр түрлі ауруға шалдыққан нәрестелерді емдеп-домдап жіберетін балгерлігі де байқалатын. Қысқасы, жергілікті  жұрт қадір  тұтып, төріне отырғызатын қазыналы  қарияны  Қари  деп  атап кеткен. Бір  күні кешкісін  органның бір  адамы  келіп, нағашы  атама: «Ақсақал, бүгін түннен  қалмай жолға  шығып кетіңіз. Ертеңге қалсаңыз, сізді  тұтқындайды» деп ескертіпті. Осы суық хабардан кейін нағашымыз майданға аттанған жалғыз  ұлы Инғамның жаңадан  қосылған жары,  яғни келінін, әпкем София мен ағам Фатихты өзімен бірге алып кетті. Арада екі жыл өткен соң анашым  Ғайнұр сұрастыра жүріп, Қазақстанға, қазіргі Төле би ауылына табан  тіреген  әкесін іздеп  тауып, сол жаққа қоныс аударады.

-Айып  болмаса, әкеңіздің аяқ астынан қайтыс болғандығы  туралы бір сөзіңізде  айтып қалдыңыз. Осы жөнінде кеңірек  айтып бересіз бе?

-Анамның айтуына  қарағанда әкем Ханафия қолы  ашық, мейірімді жан  болыпты. Соғыс  жылдарында қай үйдің тұрмыс  жағдайы озып тұр дерсіз. Соған қарамастан әкем көшеде жүрген адамдарды мүсіркеп үйге  ертіп келіп, дәм татқызуды  қуаныш көретін. Кейбірінің сақал-мұртын, тіпті өсіп кеткен шашын да ұстарамен алып тастағанды арсынбайтын. Бір  күні әкеміздің бір  туысы өзінің жұқпалы ауруға шалдыққанын, бала-шағасының қарамай кеткендігін таусыла айтып, емделуіне  көмек сұрап келіпті. Өзінен бұрын  өзгенің  жағдайын ойлайтын әкеміз әлгі  туысын өз отбасынан бөлек  жерге  жатқызып, қажетті дәрі-дәрмекпен екі айдай емдеген. Ауру адамның маңына ешбір жанды  жолатпаған. Соның  салдарынан өзіне жұқпалы ауруды жұқтырып, санаулы күндерде қайтыс болған көрінеді. Ал, ауру туысы болса айығып, ауруынан  құлан-таза жазылып кетіпті…

Тағдырдың  жазуы  шығар,  Фарида Ханафияқызы мектеп  табалдырығын аттаған  шақта Қазақ  орта  мектебіне  барып бір жыл сауатын  ашты. Келесі  жылы қайтадан  орыс мектебінің бірінші сыныбынан оқуына  тура келді.  Бастауыш сыныптарында қазақша  және орысша білім  алса да кешкісін үлкендерге батырлар жырларын, қиссалар мен дастандарды оқып  беруге машықтанып  алды. Жиенінің мәнерлеп оқығанына разы болған нағашысы Уәли: «Осы қыз аман болса, бойжеткенде мұғалім  болады» деп шынайы сезімін  білдіретін. Нағашы  атасын  арқа тұтатын Фарида  қыз: «Нағашы, мен мұғалім болмаймын, өйткені мұғалімдер құдай жоқ деп түсіндіреді» десем, «Қызым, жаратқанға сенесің бе, сенбейсің бе өзің білесің, бірақ  түбі сенен  жақсы мұғалім шығады» — деген ойынан айныған емес.

1958 жылы Горький (қазіргі Е.Бекмаханов) орыс  мектебін  ойдағыдай тәмамдаған Фарида Ханафияқызы бұрынғы Фрунзе қаласындағы сауда  техникумына құжаттарын  тапсырып, оқуға түседі. Сабақ басталғанға дейін  ауылға келіп жақындарымен қуанышын бөліскенді жөн көреді. Сол тұста қызғалдақтай құлпырып тұрған, бойжетіп тұрған қызға  Әуесбек есімді ер жігіттің көзі түсе қалады деп кім ойлаған?! Екеуара бір екі рет кездесіп әңгімелескені болмаса, болашақ жайлы уәде беріспеген еді. Фариданың құрбысы қоярда қоймай жаздық  кино театрға барып қайтайық деп айтады. Сонымен олар кешкісін кинотеатрда отырған кезде болашақ жігіті көлігін дайындап үлгеріпті. Кинодан шыққан екі қызды қыдыртып  қайтамыз  деп көлікке отырғызған  бойы аудан орталығынан таяқ  тастам жердегі «Еңбек» ауылына жол тартқан. Жас қыз өзін ықтиярсыз  алып келгендігін айтып, қайтадан алған жерлеріне апарып тастауларын сұранған.    Жамаш  енесі бастаған  ауыл  кемпірлері  көлденең келіп: «Қарағым, қызым, алғашқы аттаған ақ босағадан кері  қайтқандық жақсылыққа апармайды.  Біз де  бір  кездері  өзің  сияқты жас  қыз  болсақ та, осындай  жолмен келін  болып  түскенбіз. Құдайға  шүкір,  бұл  күндері  ешкімнен кем  емеспіз. Ұл да таптық, қыз да таптық ақыры халыққа жақтық»- деп ақ тілектерін  айтып, ақ баталарын бере  бастады. Үлкендерді  құрметтеп  өскен  Фарида қыз артынан ағалары  қуып келгенде де, өз  еркімен  келдім  деп  жаңа  жұртта қала  берді…

Фарида Ханафияқызы қазіргі Төле  би ауылында бастауыш сыныптарға мұғалімдер даярлайтын курс ашылып, соны тәмамдайды. Бұл 1961 жыл болатын. Содан  бері жарты ғасырға  жуық бастауыш сынып бүлдіршіндерін тәрбиелеп-өсірумен айналысты. Мектептегі  бастауыш сыныптары бойынша директордың орынбасарлық қызметін де абыроймен  атқарды. Аудандық  білім бөлімінде әдіскер қызметін де  қалтықсыз орындады. Ата-аналардың алғыстарын, үкіметтің мақтау қағаздарын  ала жүріп, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық  қызметкері» атағына ие болды. «Еңбек ардагері» медалімен де марапатталды. Ол кісінің алдын  көрген, дәрісін  алған шәкірттері әлі күнге  дейін «Біздің  Фарида  тәтей» деп  құрметтеп  тұрады.

Бір өкініштісі,  ері Әуесбек өмірден мезгілсіз  өтіп  кетті. Бүгінгі  таңда Әуесбек пен Фаридадан өсіп-өнген 9 ұл мен қыздан отыз шақты немере мен қырық шақты шөбере өсіп-өніп, Абдрамановтар  әулетін көпшілікке  кеңінен  таныстыруда.  Ал,  бірер  күнде  80 жасқа  толғалы отырған Фарида Ханафияқызының аналық бақыты баянды  бола  берсін  деген  ниет  білдіремін.

Сондай-ақ мақаламды мынадай өлең шумақтарымен түйіндегім келеді:

Сұм соғыс басталғанда қаз-қаз бастың,

Өзіңдей бөбектермен қатарластың.

Тағдырды туа салып кім таңдайды,

Қызығын көрмей өстің балғын шақтың.

Жолықты жетімдік те бала кезден,

Отбасың күн көріспен дала кезген.

Әкеңді еске алып мұңайсаң да,

Боларын жақсылықтың анаң сезген.

Өтіпті қиындықпен жастық шағың,

Қалайша оның бәрін жасырамын.

Бұл күнде батыр ана болып жүрсің,

Алысқа атағыңды асырамын!

Ахметжан  Қосахов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.