A place where you need to follow for what happening in world cup

Алты бала облысқа жолдама алды

263

Бірнеше жыл қатарынан аудандық балалар-жасөспірімдер орталығында «Бояулар құпиясы» атауымен жас суретшілерге арналған аудандық байқау  ұйымдастырылып келеді. Бейнелеу өнері арқылы жас жеткіншектердің көркемдік-шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауда «суретші болсам» деген арманы бар балалар бақтарын сынады.

Қатысушылар кіші топ, орта топ, жоғары топ санаттары  бойынша  сынға түсті. Байқаудың тынысы жыл санап кеңіп, қатысушылардың қатары көбейіп келеді. Биылғы байқауға аудандағы білім беру мекемелерінен 42 жас суретші қатысты. Үміткерлер қазылар алқасы берген тақырыптарға байланысты тапсырма  орындады. Атап айтқанда, кіші топ — «Екі дос», ортаңғы топ — «Ұлттық аспаптар», жоғарғы топ — «Туған жер» тақырыбында сурет салды.

Әділ қазылар мүшелігінде мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін «Жамбыл дарыны» орталығының кәсіби бағдар бөлімінің меңгерушісі О.А.Сағындықова, аталған орталықтың педагогы, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі С.А.Сағындықов болды.

–Дәстүрге айналған «Бояулар құпиясы» байқауы арқылы жас суретшілерді одан әрі шыңдап, бойларына сенімділік ұялатып, сурет өнеріне деген қабілеттерін оятуда күш-жігерімізді аянбаймыз. Біздің міндет –үздігін анықтап, өнерге деген құлшыныстарын арттыру,–дейді балалар-жасөспірімдер орталығының директоры Нағима Райкулова.

Қоршаған ортаны, өзінің дүниетанымын, бала қиялының ұшқыр ойларын қағаз бетіне түсіруге талпынған жас суретшілердің салған бейнелері жан-жақты, әрі сан бояулығымен ерекшеленді.

–Мен кез келген тақырыпта сурет салғанды ұнатамын. Ұстазымның арқасында салынуы қиын бейнелерді де меңгеріп келемін. Бүгін аудандық сайыстан бірінші орын алып, облыстық байқауда бағымды сынауға мүмкіндік алдым. Менің басты мақсатым — жеңу емес, өзім секілді бояулар құпиясын ашуға қызығушылық танытатын достармен танысып, шығармашылығымды шыңдау,–дейді байқаудың бас жүлде иегері Рауан Жексенбек.

Талғамы таудай жас суретшілердің қиялына қанат бітіріп, самғар көгіне еркін қалықтау  мақсатында ұйымдастырушылар байқауда 23  қатысушыға жүлделі орындар ұсынып, оның алтауына облыстық байқауға жолдама берді.

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.