A place where you need to follow for what happening in world cup

Ақын мұрасы насихатталды

420

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп төрелігін өзі шешкен ұлы ақын Абай бүгін жарқын бейнесімен, жалынды жырымен де бізбен бірге өмір сүріп келеді. Осы орайда, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткен көркемсөз оқу байқауына ауылдық округтерден келген 17 оқушы қатысты.

Байқаудың мақсаты – оқушыларды ұлы ақынның шығармашылығымен кеңінен таныстыру,  поэзияны сүюге, оны бағалай білуге баулу, оқу дағдысын жетілдіре отырып, рухани танымын кеңейту.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Көркемсөз оқу шеберлігін айқындау» деп аталып, оқушылар  ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды. Бұл кезеңде Марал  Әби, Қари Меруерт, Алтынтай Қаматай, Аяжан Мұстафа өзіндік мәнерлеп оқу шеберлігімен ерекшеленді. Ал, екінші кезеңде қатысушылар Мұхат Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді көркем шеберлікпен жатқа оқылды. Бұл кезеңде өзіндік оқу шеберлігімен, үнімен, образға кіруімен бірнеше оқушылар, яғни Марал  Әби мен Алтынтай Қаматай ерекше көзге түсті. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы…» демекші, байқаудың үшінші кезеңінде қатысушылар Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін орындады.

Көркемсөз оқу байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Қатарларынан оқ бойы озып, Көкбастау ауылдық округі №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы Қари Меруерт байқаудың жеңімпазы атанды. Ал, ІІ орынды күреңбелдік Алтынтай Қаматай мен  жаңаталаптылық Марал Әби иеленді. Байқаудың жүлделі ІІІ орнын №9 Абай атындағы орта мектептің оқушысы Аяжан Мұстафа, №19 Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Балнұр Реймбаева және №23 Алатау орта мектебінің оқушысы Жанель Пәшірәлі өзара бөлісті.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар тапсырылса, байқау қатысушылары Алғысхаттарға үлестірілді.

Айгүл Қалымханқызы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.