A place where you need to follow for what happening in world cup

Ел бірлігі – ең асыл қазына

628

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ауданда этносаралық қарымқатынасты нығайту жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамы белгіленген кесте бойынша ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізуде.

Тұрғындармен кездесу өтпестен бір күн бұрын аудан әкімі Нарбай Ергебеков аймағымыздағы этномәдени бірлестік жетекшілерімен және белсенді мүшелерімен аудандық кітапхананың «Білім» орталығында кездесу өткізді. Кездесуде аудан басшысы өңіріміздің бірлігі мен татулығын, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытында бірлесіп жұмыс жасау мақсатында жиналып отырғандарын жеткізді. Сонымен қатар, аудан басшысы кездесуге қатысып отырған азаматтардың этносаралық жағдайды тұрақты ұстауға бағытталған арнайы топтың құрамына енгізілгенін де баса айтты.

Осы орайда, этномәдени бірлестік мүшелерінің ұсыныс-тілектерін тыңдауға дайын екендігін білдірді. Алғашқы болып сөзді «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Мамедова алды. Ол жастарды тәрбиелеуді мектеп қабырғасынан бастау керектігін ұсынды. Яғни, мектептерде түрлі кездесулер өткізіп, еліміздің бірлігін, ынтымағын балалардың санасына сіңіріп өсіру керек. Сонымен қатар, мұндай шараларға учаскелік полиция инспекторларының да атсалысу қажеттігі де айтылды. Ал, шешен этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лечи Оздамиров аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруындағы іс-шараларға өзге ұлт өкілдерін көптеп тартса, бірлігіміз одан да әрі нығая түсетінін жеткізді. Сондайақ, кездесуде еліміздің бірлігін, ынтымағын сақтау баршаның міндеті екендігі кеңінен сөз болды.

Бұдан бөлек, комиссия құрамының тұрғындармен кездесуі Мыңбұлақ ауылдық округінде де өтті. №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте өткен кездесуге ауыл ақсақалдары мен тұрғындар және өзге ұлт өкілдері шақырылды. Жиынды ауылдық округтің әкімі Ғабитбек Үмбеталиев ашып, жиынның мақсатына тоқталып өтіп, сөз кезегін топ жетекшісі Сейітхан Жұмашевқа берді.

Сейітхан Шерелханұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысына тоқталды. Сонымен қатар, этносаралық қарым-қатынасты нығайту жөніндегі комиссия құрамымен таныстырды. Жиында топ жетекшісі облыста, ауданда атқарылған істерді және осы уақытта жеткізген жетістіктерді баса айтты. Сонымен қатар, елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстар тұратынын айтып, Қазақстанның тәуелсіз, көпұлтты мемлекет ретінде дүниежүзіне танылған мемлекет екенін мақтанышпен жеткізді.

Жиында әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Гашангқызы сөз алып, ол осындай мемлекетте тұратынын мақтан тұтатынын айта келе, жиналғандарды ата-бабамыздан келе жатқан татулықтың туын биік ұстауға шақырды. Сондай-ақ, кездесуде шешен, өзбек этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері Лечи Оздамиров, Зувайда Мажитова сөз алып, жастардың тәрбиесіне көп көңіл бөлу керектігі жөнінде сөз қозғады. Ал, ауыл ақсақалдары округ тұрғындарының татулығын, бірлігін алға тартып, жастарды достықта, ынтымақта өмір сүруге тәрбиелеу үшін біркісідей атсалысатындары жөнінде айтып өтті.

Ашық ой-пікір алмасудан соң аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы округте алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды таныстырды. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков ауыл ақсақалдарына жастардың тәрбиесіне мән беріп, арандатушылықтан сақ болуды үндеді. Кездесуде комиссиялық топ тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, сұрақтарына тұшымды жауап берді.

Дәл осындай кездесулер Б.Момышұлы ауылында және Көкбастау ауылдық округінде болып өтті. Мұнда да жиынның күн тәртібі бойынша этносаралық қарым-қатынасты нығайту жөніндегі комиссияның жұмыс барысы айтылып, тұрғындардың талаптілектері тыңдалды. Жиындарда аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков аймақта жастар саясаты тұрақты назарда екенін айтса, аудан прокуроры Секер Бүркітбаев заң аясында әңгіме өрбітті. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға тиісті мамандар жауап берді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.