A place where you need to follow for what happening in world cup

Қауіпті індетпен күресте ілкімділік қажет

280

Коронавирусқа байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай бойынша қазір барлық сала, күш құрылымдары күшейтілген режиммен жұмыс жасап жатқаны баршамызға белгілі. Төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысының аумағында барлығы 4 блок-бекет қойылған. Дәл қазіргі уақытта бекеттер күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Блок-бекеттің біреуі біздің Жуалы ауданында орналасқан. Атап айтқанда, Түркістан облысынан облысымызға аудан аумағы арқылы өтетін көліктер жіті тексерілу үстінде. Жолаушылардың дене қызуы арнайы құралмен өлшеніп, анкета толтырылуда. Жамбыл облысының Түркістан облысымен шектесер шекарасында орналасқан Шақпақата ауылының тұсында қойылған бекеттің жұмысы қалыпты жүріп жатыр.

22 наурыз – Наурыз мерекесіне қарамастан Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков аудан аумағындағы блок-бекеттің жұмысымен танысу мақсатында Жуалы ауданына арнайы іссапармен келді. Ондағы мақсат – коронавирусқа байланысты жағдайды өз көзімен көру, сонымен қатар, аудан орталығындағы ірі және көтерме сауда орындарындағы, дәріханалардағы жағдаймен танысып, азық-түлік қорының мөлшерін. білу.
Бекболат Орынбеков ең алдымен Шақпақ санитарлық пунктінде болып, мұндағы жұмыстың барысымен танысты. Санитарлық бекеттің меңгерушісі, аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков пункттің жұмысымен таныстырды. – Пункт барлық талаптарға сай жабдықталған. Топ мүшелері арнайы киіммен, медициналық маскалармен, басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Кезекшілік арқылы күшейтілген режиммен жұмыс жасап жатырмыз. Пункттің құрамы аудандық аурухана, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, сонымен қатар, аудандық полиция департаментінің қызметкерлерінен құралған. Олар кезекшілікпен уақытпен санаспай тәулік бойы жұмыс істеуде.

Аудан аумағынан өтіп жатқан көліктердің барлығы, ондағы жолаушылар ауруға қарсы тексеріліп жатыр. Дене қызулары арнайы құралмен өлшенеді. Жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Материалдық база, құрал-жабдықтар, санитарлық, антисептикалық материалдар жеткілікті,- деді Нұрбай Әбілқасымұлы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мұндағы жағдайды өз көзімен көріп, аудан әкімі Нарбай Ергебековке, басқа да жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
-Өздеріңізге белгілі, коронавирусқа байланысты қазір елімізде жағдай күннен-күнге қиындап барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елде төтенше жағдай жарияланды. Қазір сақтық шаралары күшейтіліп, аты жаман ауруды таратпау жөнінде нақты шаралар қабылданып жатыр. Аудандағы жағдайды барынша бақылауда ұстаңыздар. Тәртіп пен талап бәрімізге ортақ. Алдағы уақытта айтылған мәселелер, жоғарыдан жүктелген тапсырмалар сапалы орындалмайтын болса, бәрімізге жауапкершілік бар. Осыны терең ескеріңіздер. Коронавирустың алдын алу бойынша облыстық бюджеттің резервінен қосымша қаражат бөлу мәселелері қаралып жатыр. Басқа да шаралар қабылданады. Жағдайды тұрақты назарда ұстаңыздар. Мұнда жиі-жиі келіп, посттағы жағдаймен тұрақты танысып отыратын боламын,- деді Бекболат Серікбекұлы.
Бекболат Орынбеков келесі кезекте аудан орталығындағы ірі сауда нүктелеріне барып, азық-түлік бағаларымен танысты. Азық-түліктің қорына да баса назар аударды. Б.Момышұлы ауылындағы Бейсенбек Сафинов көшесінде орналасқан екі бірдей кіші маркетте де кейбір азық-түлік бағаларының аздап көтерілгені байқалады. Ол негізінен ұн, сұйық май, қант, макарон өнімдеріне қатысты. Ал ұн саудасымен айналысатын аудандағы ірі кәсіпкердің бірі Оңласын Бүтінбаевтың ұн саудалайтын дүкенінде жағдай әзірге тұрақты. Ұнның қоры да жеткілікті. Біз сауда орнына барғанда кәсіпкер Қарағанды облысынан 40 тонна бірінші сұрыпты ұн алдырған екен. Кәсіпкердің айтуынша, бұл тиісінше, бір аптаға ғана жететін көрінеді. Алдағы уақытта кәсіпкер басқа да облыстармен байланысып, ауданға ұн жеткізу жұмыстарын ұйымдастыратынын айтады. Келесі кезекте облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков аудандағы дәріханалардың, коронавирусқа байланысты аудандық ауруханада дайындалған арнайы орынның жұмысымен танысты. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде аурудың алдын алуға 13 төсектік орын дайындалған. Жуалы ауданындағы жағдайды өз көзімен көрген Б.Орынбеков аудан басшыларына жағдайды тұрақты назарда ұстауды мықтап тапсырды.

Нұржан Манасұлы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.