A place where you need to follow for what happening in world cup

Жылдар тоғысындағы ұстаз келбеті

514

Шын мәнінде, ұстаз бен оқытушының арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Кез-келген арнаулы білімі бар адам оқытушы боп қызмет етуі мүмкін. Ал нағыз ұстаз болу жан тазалығын, ар тазалығын сақтаған адамның пешенесіне ғана жазылмақ. Әр жастың жүрегіне жол тауып, келешекте адами қалпын сақтап қалатын білімді, білікті елінің ертеңін ойлар ойлы азамат тәрбиелеп шығару да нағыз таланттың қолынан келетін іс.

Иә, менің ұстазыммен алғашқы таныстығым 2015 жылдың маусым айынан басталады. Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2 курс тыңдаушысы болып жүргенімде оқу әдістемелік тағылымдамадан өту үшін мақсатты жолдама алып, жастықтың жалынымен алып-ұшып өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД -158/1 мекемесі кадр жұмысы бөлімшесінің есігін қағып кіргеніміз әлі күнге есімде. Бағыма орай, менің тәлімгерім ретінде аталған мекеменің белді қызметкерінің бірі — әділет капитаны Бақыткүл Алимжанова бекітілді.

Бақыткүл Мұратбекқызы менімен біраз пікір алмасқаннан кейін өзінің маған жетекшілік жасайтынын, жұмыс болған соң қиындығымен қызықшылығы қатар жүретіндігінен хабардар етті. Сонан соң, рет-ретімен кадр жұмысына қатысты іс жүргізу барысымен таныстырды. Тәлімгерімнің жыл қарсы алып, білгенін үйретуге деген ынтасын көргенде бойымдағы үрей де, қорқыныш та, толқу да сап тыйылды.
Екі апталық оқу әдістемелік тағылымдама барысында ұстазымнан үйренгенім өте көп. Себебі, жұмысымның ұстаз тарапынан мақтауға ие болғаны маған қанат бітірді, күш берді, жігерлендірді. Менің өз жолымның қалыптасуына ұстазымның сіңірген еңбегі орасан зор. Ол қарбалас жұмыстың арасынан уақыт тауып, мені қасына шақырып, кадр жұмысының бар құпиясын «тайға таңба басқандай» үйретті, кеңес берді. Өз кезегінде мен де ұстаз айтқан талаптарға сай болу үшін еңбек еттім.

Иә, жылдар жылжып, өмір керуені көше береді. Мен ұстазым Бақыткүл Мұратбекқызының қасында жүріп, қызығы мен жауапкершілігі зор өмір мектебінен өттім, шыңдалдым, тәрбиелендім, жақсы істерді үйренуге, адами қасиеттерді бойыма сіңіруге тырыстым. Осынау өмір соқпағында мені осынау аяулы жанмен табыстырған, жолымыз түйістірген тағдырға да алғысым шексіз.

Айгерім ЕРУБАЕВА,
ЖД-158/1 мекемесінің кадр саясаты бөлімшесінің бастығы, әділет аға лейтенанты

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.