A place where you need to follow for what happening in world cup

Желаяқ зейнеткер

206

Қай ауыл болмасын, өзінен түлеп ұшқан перзентін аспанға көтеріп, мақтан тұтары анық. Ал Төле би ауылының үлкен-кішісі Мұратбек Құсайыновпен мақтанады. Таңмен таласа тұрып, үлкен ауылды айнала жүгіріп өтетін осы бір ел ағасын жергілікті жұртшылық желаяқ ретінде жақсы таниды. Бүгінде алпысты алқымдап, жетпіс жасқа жақындап қалған М.Оразымбетұлының саналы ғұмыры спортпен тығыз байланысты. Кезінде былғары қолғап шебері болған ол әлі күнге дейін дене шынықтырып, спорттан қол үзбей келеді.

Шынын айту керек, «Спорт – денсаулық кепілі» деген тәмсілді тілге жиі тиек еткенімізбен, көпшілігіміздің спортпен тұрақты түрде айналыса бермейтініміз анық. Ал спортты өмірінің айнымас серігі еткен біздің кейіпкеріміз күнделікті таңертеңгілік жаттығулардан бөлек, күніне бірнеше шақырым жүгіріп, дене сергітуді де әдетке айналдырған. Соның нәтижесі болса керек, жүгірген кезде кәсіпқой спортшылардан еш кем түспейді. Тіпті, 60 жастан асқан адамдар арасында өтетін жүгіру жарысында өңірімізде оған ешкім тең келе алмаған. 2016 жылы облыс көлемінде өткен жүгіру жарысында алғаш рет топ жарған ол, соңғы екі жылда да жеңімпаз атанып келеді. Айта кету керек, өткен жылы жүгіруден аудандық және облыстық жарыстың іріктеуін алғашқы орынмен тәмамдап, Алматы қаласындағы республикалық жарыстың жолдамасын қанжығасына байлаған. 60 жастағы спортшылар арасында өңір намысын абыроймен қорғаған Мұратбек Құсайынов шешуші кезеңде 1000 метр қашықтықты 3 минут, 42 секундта бағындырып, күміс жүлдені еншілеп қайтты. Аталмыш жарысқа Азия чемпиондарының қатысқанын да айта кеткен жөн.

Міне, дәл осы республикалық жарыста көрсеткен нәтижесі үшін М.Құсайынов «Алматы марафоны» ұйымдастыру комитетінен шақырту алыпты. «Өткен жыл мен үшін табысты болды. Облыс орталығында өткен бірқатар спорттық жарыстардан жүлделі орындарды иелендім. Әрине, олардың ішінде Алматы қаласындағы жарыстың орны бөлек. Сәуір айына шақырту алғаннан кейін жарыс алдындағы дайындықты бастаған болатынмын. Бұл халықаралық жарыс болғандықтан, кіл мықтылармен сынға түсесің. Сондықтан тыңғылықты дайындық міндетті түрде қажет. Алайда, бүгінде елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты сәуір айына жоспарланған жарыс кейінге шегеріліп отыр. Қалай болғанда да дайындықты жалғастыра беремін» — дейді зейнеткер.

Күні бүгінге дейін өзін жағымсыз әдеттерден аулақ ұстап, ардагерлер арасында өтетін жарыстарға тұрақты түрде қатысып жүрген ел ағасы ұзақ жылдар бойы спорт саласында ұстаздық еткен. Дәлірек айтсақ, 1980 жылы Алматыдағы спорт академиясын тәмамдағаннан кейін туған жеріне оралып, бапкерлікті қолға алады. Осылайша, бірнеше жыл бойы аудан жастарына бокстың қыр-сырын үйретеді. Ал 2002 жылдан бастап аудан орталығындағы М.Мақатаев атындағы мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берген. Аталған білім ордасында 17 жыл еңбек етіп, өткен жылы зейнетке шығыпты. Бүгінде бір ұл, екі қыздан өрбіген немере-шөбереге ата болып отырса да Мұратбек Құсайыновтың көңілі сергек, қайрат-жігері мықты. Тіпті, алдағы уақытта халықаралық жарыстарда бақ сынауды жоспарлап отыр. Біз де өз кезегімізде спортты жанына серік еткен жерлесімізге сәттілік тілей отырып, «Алматы марафонында» өңір намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдіреміз.

Ерғали АСХАТҰЛЫ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.