A place where you need to follow for what happening in world cup

Жыл жақсы нәтижемен аяқталуда

22 773

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелер және атаулы күндер туралы» Жарлығына сәйкес қараша айының үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіліп келеді. Осыған орай, біз аудандағы ауыл шаруашылығы саласына басшылық жасап отырған аудан әкімінің орынбасары Ә.Балқыбековпен мерекелік сұхбат жүргізген болатынбыз.

— Құрметті Әлихан Әбіләшұлы, биылғы жылы аудан тауар өндірушілеріне тартылған инвестиция көлемі қанша және тартылған қаражат ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде қандай нәтиже берді?
— Ауыл шаруашылығы саласына биыл барлығы 1 млрд 853 млн 419 мың теңге көлемде қаржы тартылды. Оның ішінде, «Шу–несие» серіктестігі арқылы 431 млн 839 мың теңге, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өз қаражаттары бойынша 254 млн 380 мың теңге, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 512 млн 200 мың теңге, ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорынан 240 млн теңге, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 415 млн теңге несиелендірілген. Міне, осы тартылған қаражатты пайдалана отырып, ауданның ауылшаруашылық тауар өндірушілері 50 млрд 151 млн 400 мың теңгенің өнімін, оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 35 млрд 316 млн теңге, мал шаруашылығы бойынша 14 млрд 728 млн теңгенің өнімі өндірілді.
— Егін шаруашылығының бүгінгі жағдайы туралы айтсаңыз, өткен жылдармен салыстырғанда өнім көлемі артты ма?
— Егін шаруашылығы бойынша айтатын болсақ, күздік бидайдан 36 926 тонна өнім түсті, былтырғыдан 783 тоннаға артық, арпадан 56 427 тонна түсті, былтырғыдан 5995 тоннаға артық. Биыл шаруашылықтар арпаның егіс көлемін 1600 гектарға ұлғайтты.
Одан бөлек, дәндік жүгеріден 12 438 тонна алынды, былтырғымен салыстырғанда 2075 тоннаға көп. Сондай-ақ, биыл Белбасар ауылындағы «Қызылша» 397 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын қолданып, жоғары өнімдерге қол жеткізді. Бүгінгі күнге әр гектарынан 110 центнерден өнім алуда.
Қант қызылшасын өткен жылы 725 гектар жерге сепкенбіз, оның ішінде «Қызылша» ЖШС 300 гектарға қант қызылшасын сеуіп, әр гектарынан 500 центнерден аса өнім алған еді. Бірақ «Меркі қант зауыты» осы серіктестікке 131 млн теңге қаражатын төлемеді. Осының салдарынан «Қызылша» ЖШС қант қызылшасына дайындалған 700 гектарға дәндік жүгері мен жаздық арпа себуге мәжбүр болды.
«Қызылша» ЖШС-і қант қызылшасын биыл 25 гектарға ғана орналастырды.
Бақша өнімдерінен 274 412 тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 19552 тоннаға артық. Биыл бақша өнімдеріне сұраныс өте жоғары болды.
Көкөніс бойынша барлығы 364 067 тонна өнім алынып, былтырғы жылдан 49069 тоннаға артық жиналды. Барлық дақылдар бойынша жоғарғы өнім көлемі қалыптасты.
Мал азығы дақылдарынан түсім жақсы түсіп, төрт-түлік мал басына 181 мың тонна пішен дайындалды.
— Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы біріне-бірі байланысты ғой, мал шаруашылығында мал бастарының жағдайы қалай, соны айта отырсаңыз? Жалпы, мал шаруашылығы жылдан-жылға жақсы дамып келеді.
— Мал шаруашылығы бойынша бүгінгі күнде 31 442,8 тонна сүт сауылып (2019 ж. – 30 727,1 тонна сүт), өткен жылмен салыстырғанда 102,3 пайызға көбейді, өндірілген ет (тірідей салмақта) 13041,2 тонна құрап (2019 ж. – 12661,1 тонна ет), өткен жылмен салыстырғанда 103,0 пайызға өсті, алынған жұмыртқа 8246,1 мың данаға жетіп, 101,6 пайызды құрап отыр (2019 ж – 8118,5 мың дана жұмыртқа).
2020 жылдың бүгінгі күнге мал басы санының өсу қарқыны сақталуда. Атап айтқанда, ірі қара малы – 35 668 бас, өткен жылмен салыстырғанда (2019 ж – 33 977 бас) 105,0 пайызға өсті, қой-ешкі – 404 620 бас, өткен жылмен салыстырғанда (2019 ж – 387 814 бас) 105,1 пайызға көбейді, жылқы – 14 250 бас өткен жылмен салыстырғанда (2019 ж – 12 947 бас) 110,1 пайызға өсті, түйе – 70 бас, өткен жылмен салыстырғанда (2019 ж -68 бас) 102,9 пайыз, шошқа – 1464 бас, өткен жылмен салыстырғанда (2019 ж – 1464 бас) 100 пайыз және үй құстары – 105 069 бас, өткен жылмен салыстырғанда (2019 ж-104 785 бас) 100,3 пайызды құрап отыр. Жалпы, барлық мал басы түрлерінде өсім қалыптасты.
— Осы жұмыстарды атқаруда ауылшаруашылық техникаларының маңызы жоғары екенін білеміз. Ауданда ауылшаруашылық техникаларын жаңалау жұмыстары қалай жүруде?
— Аудан шаруашылықтары соңғы жылдары Үкімет беріп отырған жеңілдіктерді жақсы пайдалануда. Бүгінгі күнге 505,1 млн теңгеге техникалар алынды. Оның ішінде лизинг тәсілімен 250,8 млн теңгеге 40 дана техника, өз қаражаттарына 53 дана техниканы 254,4 млн теңгеге шаруашылықтар сатып алынды. Алынған техникалардың 27 данасы соңғы маркалы тракторлар.
— Атқарылған жұмыстар қомақты, келер жылдың өніміне күздік бидай егу, оның тұқымын жаңарту туралы айтсаңыз.
— Соңғы жылдары аудан шаруашылықтары өнімді жоғары алу мақсатында жоғары өнім беретін сорттарды егуге ұмтылуда. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы «Опытное хозяйство масличных культур» ЖШС-і Россия ғалымдарымен бірігіп жұмыс атқару нәтижесінде күздік бидайдың Бригада сорты әр гектардын 100 центнерден өнім алуға қол жеткізіп, оның элиталық сорттарын шығара бастаған. Шығыс Қазақстан облысындағы «Опытное хозяйство масличных культур» ЖШС-нен 7 АШТӨ 106,5 тонна элиталық Бригада сортынан тұқым әкелді. Атап айтқанда, Ақсу ауылдық округінен «Бахыт» ШҚ иесі Сүлейменқұл Бақыт- 10 тонна және «Дулат» ШҚ иесі Жайықбаев Алтай — 10 тонна, «Баимаханбет» ШҚ иесі Сәрсенбаев Шәміл — 10 тонна, «Илип» ШҚ иесі Сейсенқұлова Базаркүл — 10 тонна, «Дархан» ШҚ иесі Іңкәрбеков Әуесхан — 10 тонна, «Нариман» ШҚ иесі Ускенбаева Шынар — 10 тонна, «Расул» ШҚ иесі Караев Расул — 10 тонна тұқым алды. Сондай-ақ, Жапсарбаев Төлеухан «Омар Шу» АӨК-ҚазЕж/е ӨШ ҒЗИ-дан (КИИЗ) 11тонна Стекловидная-24 элиталы тұқым алды. Алға ауылдық округінің «Алау» ШҚ жетекшісі Омарбеков Ануар, «Благовещенка» ЖШС-і элиталық тұқым шаруашылығынан элиталық Стекловидная 24 сортынан 50 тонна және 6 тонна элиталық Стекловидная «ҚазЕж/е ӨШ ҒЗИ»–дан (КИИЗ) сатып алды. Жаңақоғам ауылдық округінен «АҚ дала» ШҚ Саурықов Мұрат ҚазЕж/е ӨШ ҒЗИ-дан КИЗ-дан 4 тонна Стекловидная 24 элиталық, Бірлікүстем ауылдық округінен «Бірлікүстем» ШҚ жетекшісі Қараулов Нұртай «Елібай» ЖК-ден 13 тонна Безостая -1 элита тұкымын, «Елібай» ЖК–ден «Абзал» ШҚ — 7 тонна Безостая-1 элита тұқымын, Алға ауылдық округінен «Жалтен» ШҚ «АСК- Қазақстан» ЖШС нен Туранус сортының 1 репродукциялы тұқымынан 2 тонна тұқымын сатып алып, барлығы 199,5 тонна элиталық тұқым 1110 гектар жерге егілді.
Осы шаруашылықтардың күздік бидай егу жолында игі жұмыстарын атап, келешекте мол табыс алуына тілектеспін. Атап өтерлігі, рапс атты жаңа дақыл аудандағы 70 гектарға жерге себілді.
Ауыл шаруашылығы көпсалалы, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Өсімдіктерді қорғау ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету, ветеринария және жер қатынастары бөлімдері жұмыстарын өз деңгейінде атқаруда.
— Алдымызда келе жатқан кәсіби мерекеге орай еңбеккерлерге айтар тілегіңіз!
— Халқымыздың асыраушы саласында жұмыс істеп жүрген ауыл еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, атқарып отырған істеріне сәттілік, болашақтарына баянды бақыт тілеймін!
— Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Руслан ИСКАКОВ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.