A place where you need to follow for what happening in world cup

Жағдайды тұрақтандыруға күш салуда

172

Елімізде індетке қатысты төтенше жағдай енгізілгелі дәрігерлер 24/7 режимінде жұмыс жасауда. Олардың бұл қызметтеріне қолғабыс етіп өңірдегі бірқатар колледж қызметкерлері мен еріктілері де бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс атқара бастады.
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі Байзақ аудандық орталық ауруханасына өкпені жасанды желдету аппараттарын алу үшін мекеме есебінен 1 миллион теңге аударды.

Бұдан бөлек, қызметкерлер қосымша 200000 теңге жинап, ауруханаға «Gamma» ингаляторын және 25 дана көрпе-төсек жабдығын табыстады.
Сондай-ақ, «Тараз — Болашақ» жоғары медициналық колледжінің ұжымы оттегі цехындағы еріктілерге ыстық тамақ әзірлеп, облыстық және қалалық ауруханаларға 500-ге жуық оттегі балонын тасыды. Ал Жамбыл жоғары медициналық колледжінің волонтерлары тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, емделушілердің дене қызуын, қан қысымын, тыныс алуын тексеріп, аурудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Колледж қызметкерлері елде қиындық туындаған кезеңде қолұшын беру әр азаматтың адами борышы екенін айтады.
Еліміздегі індеттің алдын-алуға №9 Меркі колледжінің ұжымы да белсенділік танытуда. Білім мекемесінің қызметкерлері Меркі аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері мен емделушілерге түскі ас әзірлеп, 100-оттегі балонын алуға 250 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Бұдан бөлек, «Меркі қайырымды жандары» қорының есепшотына 295 мың теңге көлемінде қаржы аударды.
Облыстағы 4 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің қызметтік көліктері облыстағы медициналық мекемелерге уақытша пайдалануға берілді.
Індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер қауымын қолдау шараларын Тараз қаласындағы Өмірлік қиын жағдайға қалған балаларды қолдау орталығының жұмысшылары де жалғастырды. Мекеме қызметкерлері облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері мен емделушілеріне қой сойып, сорпа әзірледі.
Осылайша қысылтаяң шақта облыстағы білім саласының қызметкерлері мен еріктілер елге жанашырлық танытып, жағдайды тұрақтандыруға күш салуда.
Бұған дейін де көптеген қайырымдылық шаралардың ұйытқысы болған жамбылдықтардың қайырымдылық істері әлі де жалғасын таппақ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.