A place where you need to follow for what happening in world cup

Туған жер, жүрегімнің төріндесің!

600

Жуалы аудандық кітапхананың «Білім» орталығында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жуалылық талантты жас, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі, «МузАРТ Live» жобасының жеңімпаздарының бірі Нұрхат Сегізбаймен кездесу өтті. Кездесуге Нұрхат Берікұлы оқыған мектептің ұстаздары мен оқушылары және аудан жастары қатысты.

Кездесуді «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов ашып, жүргізіп отырды.
Жастардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға, өнерді құрметтеуге баулу мақсатындағы кездесудің еркін пікір алмасу форматында өтуіне атсалысуға шақырды.
Сөз тізгінін Нұрхаттың алғашқы ұстазы Айымкүл Меңлібаева алып, Нұрхаттың мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастап қызықты сәттерінен естеліктерімен бөлісті.
Ұстаз өнерлі ата-анасынан үлгі-өнеге алып өскен Нұрхаттың бала кезден өнерге жақын болып өскенін, шәкіртін әрдайым мақтан тұтатынын жеткізді.
6-сыныптан бастап сынып жетекшісі болған ұстаз Дамира Әбубәкірова да естеліктерімен бөлісіп, шәкіртіне деген жылы лебізін білдірді.
Ұстаздары Нұрхаттың бойындағы жас ұрпақ үлгі аларлық қасиеттері – еңбекқорлығы, тілалғыштығы, қарапайымдылығы жайлы айтты.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Қырғызбаева Нұрхаттың мектеп қабырғасында облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүретіні, мақсаткерлігі, арман-мақсаты жолындағы ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы, қарапайымдылығы, көпшілікке сыйымды жайдары мінезі, адамгершілігі жайлы әңгімеледі.
Сөз тізгінін алған Нұрхат Сегізбай туған жеріне, ұстаздарына, жастарға деген алғысын тебірене жеткізді:
-Біріншіден, туған жеріме келіп, сіздермен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Туған жер, туған ел әрдайым жүрегіңнің төрінде тұрады екен!
Қандай жетістікке жетсек те ол ең бірінші Алланың қалауы, сондықтан Аллаға сансыз шүкіршілік етемін.
Екінші, ата-анамыздың арқасы болса, үшіншіден, бізге білім беріп, тәлім-тәрбие беріп, өмірге бағыт-бағдар берген ұстаздарымыздың арқасы. Мен сіздерді ешқашан есімнен шығармаймын. Әрдайым құрмет тұтамын, бас иемін.
Өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма айтарым ата-аналарыңның, ұстаздарыңның қадірін біліңдер, құрметтеңдер. Біз балалықпен, жастықпен көп нәрсенің қадіріне жете бермейміз, бірақ кейін өкініп жатамыз. Сондықтан, бардың қадіріне дер кезінде жетіп, қадірлей білгенге не жетсін!
Адамның болашағы бала кезден, мектептен бастап қаланады. Сол себептен сабақты жақсы оқып, болашақтарыңызға биік арман қойып, сол арманға жету жолында талпынып, ізденіп, еңбектеніңіздер. Өмірде адам дұрыс армандай білу керек. Нені армандайсың, ниетіңе қарай міндетті түрде орындалады.
Өнер менің бойыма апамнан, ата-анамнан дарыған. Сметовтар әулеті өздеріңіз білесіздер, өнерлі отбасы.
Мен бала кезімде спортшы болғым келетін. Осы арманымның жетегімен біраз жыл боксқа қатыстым. Кейін бойдағы, қандағы өнер бәрібір жеңеді екен. Мектепте, ата-анаммен бірге той-томалақта ән айтып жүріп, менің жолым өнер жолы екенін білдім.
Өнер жолына түскен соң, өнердің биік шыңына жетуім керек деген мақсат қойдым. Мектеп бітірер жылы ата-анама «Алматыға оқуға барамын» десем, ол кісілер: «Алматыда не бар? Таразға не Шымкентке бар, әрі десе Алматыда ешқандай туысымыз жоқ»- деді. Бірақ мен қайтпастан Алматыға бардым. Мектеп қабырғасында Өнер мектебінде оқымағандықтан бірден жоғары оқу орнына түсе алмадым. Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне түстім. Алғашында 11 сыныпты бітіріп келіп, колледжде оқимын ба деген ой да болды. Кейін бұл өнер шыңырағында небір атақты өнер адамдары оқығанын, жұмыс істегенін біліп, түсініп марқайып қалдым.
Колледжде Сәкен Майғазиев ағамыз ұстазым болды. Ол кісіні өзіме үлгі тұттым. Кейін Өнер академиясына оқуға түстім. Қазір магистратурада оқып жатырмын. Алматы – өнер ордасы ғой. Алдағы уақытта мен де шәкірт тәрбиелегім келеді.
Өнерімізге келсем, өкінішке орай «МузАРТ Live» тобы тарап жатыр. Біз Серікболсын екеуміз ғана қалдық. Екеуміз дуэт болып ән жазып жатырмыз, енді бейнебаян түсіреміз. Алла қаласа, жаңа альбомымыз да шығып қалар.
Жалпы, қазақ өнер десе ішкен асын жерге қоятын, өнерді ерекше құрметтейтін халық. Қазақ өнері дами берсін! Шын өнерлі жастарымыз көбейе берсін!- деді Нұрхат.
Нұрхаттың әңгімесі өнерді шын сүйген, өнерді құрметтей білген, еңбекқор жан ешқашан жерде қалмайтынын тағы бір ойға түйді.
Нұрхаттың сыныптасы Дүйсебай да досын әрдайым қолдайтынын, Нұрхат үлкен жобаларға қатысып жатқанда Астанадан Алматыға арнайы барып, жанынан табылып, қолдау білдіретінін, Нұрхаттың тоғыз жылға жуық уақыт бойы әлі тынбай білім алып жатқанын және мемлекеттік шәкіртақы алатынын айтты.
Нұрхатқа оқушылар тарапынан да бірнеше сұрақтар қойылды.
«Жастар ресурстық орталығының» маманы Элмира Сүйінбаева да әншіге деген жылы лебізін білдірді.
Кездесуді «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов қорытындылады.
-Жастар саясатының аясы кең. Ең бастысы, жастарға патриоттық, рухани тәрбие беру. Бүгінгі іс-шарамыз осы шараларымыздың бір бөлшегі ғана.
Атақты көтере білу де өнер. Қазір көптеген жастар болар болмас жеңісіне бола «жұлдыз ауруымен ауырып» шыға келеді. Ондай мінезбен адам көпке бармайды. Оның барлығы адамның ойын, жетесін білдіреді. Сондықтан адамға ең бірінші қарапайымдылық, кішіпейілділік қасиет керек,- деп Мейіржан Бегасылұлы ойын түйіндей келіп, Нұрхатқа орталықтың атынан Алғысхат пен естелік сыйлығын тапсырды.

Перизат  Шымыртайқызы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.