A place where you need to follow for what happening in world cup

Түлік – төлден өседі…

207

Халқымыз бірі-бірімен сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқанда ең алдымен: «Мал-жаның аман ба?» деп сұрайды. Осының өзі-ақ, қазақтың өмірінде, күнделікті тұрмыс-салтында төрт түліктің аса маңызға ие екенін көрсетіп тұр емес пе?! Кең сахарада мал баққан шаруа үшін төрт түліктің амандығы, жаңа туған төлдің жағдайы әрдайым басты назарда болады. Дәл қазіргі уақыт Абай атамыздың өлеңінде айтылатындай, қой қоздап, түйе боздап, қорада шу боп жатқан қауырт кезең.

Қарасаз ауылдық округі әкімінің аппараты мамандарының бізге берген мәліметінше, округ аумағында барлығы сегіз мал қыстауы бар көрінеді. Қазір олардың жетеуінде мал бағылады. Біреуі әзірге бос тұр. Бір мал қыстауында жылқы ұсталса, қалған алты мал қыстауында ұсақ тұяқты мал бағылады екен. Әкімшілік мамандары көктемгі мал төлдету науқанының қалыпты жағдайда өтіп жатқанын айтады.

Қарасаз ауылдық округіндегі Қуаныш-1 аталатын мал жайлауында ақтылы қой өргізіп, Шопан ата тұқымының көбеюіне сүбелі үлес қосып отырған іргелі шаруашылықтардың бірі – «Корпорация Ақсанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік 2014 жылы Қарасаз ауылындағы бұрынғы «Бірлік» өндірістік кооперативінің мал қыстауы мен 680 бас меринос тұқымды қойы мен 22 бас қошқарын сатып алған екен. Шаруашылық басшылары содан бері мұнда қойдың басын көбейтіп келеді.

Шаруашылықтың Қуаныш-1 жайлауында орын тепкен мал қыстауында бір отар қой, нақтырақ айтқанда, 700 бастан астам меринос тұқымды қойы бар. Дәл қазіргі уақытта малшылар қой төлдету науқанын жауапкершілікпен өткізу үстінде. Күні кеше ғана осындағы мал төлдету науқанының барысы туралы материал әзірлеу мақсатында қыстауға барған болатынбыз.

Бізді «Корпорация Ақсанат» ЖШС-ның атқарушы директоры Бақытжан Оспанов Көктас ауылының маңынан күтіп алып, қыстауға бастап апарды. Қыстаудағы мал төлдету науқанының барысы туралы аталған шаруашылықта біраз жыл аға шопан болып еңбек етіп, осыдан екі жыл бұрын ғана зейнет демалысына шыққан көктастық азамат Алтыбай Сегізбаев айтып берді.

-Қазір қыстауда қарбалас шақ. Олай дейтініміз, қойлар жаппай төлдеп жатыр. «Қой шелді болмай, төлді болмайды» деген аталарымыздың сөзі бар. Қыс бойы жақсылап қарағанымыздың арқасында қойларымыз қоңды. Бұл да малдың төлдеуіне елеулі әсер етеді. Қазір отардың жартысына жуығы төлдеп үлгерді.  Қой туған уақытта оларды жылы қораға қамап, әрқайсысын жеке-жеке бөлеміз. Жаңа туған қозыларды ауыздандырып, тұратын жерінің де жылы болуын қадағалаймыз. Туған қойлар әлденіп, қозылар толықтай аяқтанған соң сақпанға қосып, шетінен өріске шығара береміз. Әр сақпанда 100-200-ден қойлар бар. Оларды да жеке-жеке қадағалап, қыстаудан ұзатпай бағамыз. Сақпаншылар бар. Олар да өздеріне тапсырылған жұмыстарын тыңғылықты атқарып жатыр,- дейді ардагер шопан Алтыбай Ниязбекұлы.

Біз қойшы үйінің жанында шаруашылық басшысы Бақытжан ағамен және шопандармен әңгімелесіп тұрған сәтте қыстауға ат жегілген арба жақындап келе жатты. Жанымызға келгенде байқап қарасақ, арбаға жаңа туған 5-6 қой тиелген екен. Бұлар өрісте жаңадан туған қойлар. Сақпаншылар қойды жылы қораға кіргізіп, алдын ала дайындалған орындарға жайғастырып жатыр. Қазір мұнда негізгі қойшыдан бөлек төрт сақпаншы уақытпен санаспай еңбек ету үстінде.

Көктас ауылының тұрғыны Алтыбай Ниязбекұлы бұрынғы Карл Маркс совхозында, одан кейінгі жылдары «Бірлік» өндірістік кооперативінде озат шопан болғанын айтады. Суреті үнемі Құрмет тақтасынан түспейтінін де мақтанышпен жеткізді. Қазір зейнет демалысында болғандықтан, «шопанның ақ таяғын» өзінің ұлы Ілиясқа берген екен. Ілиястың келіншегі Ақбота Тұрарова екеуі қыстауда шаруашылықтың қойын бағып, осындағы шаруаға бас-көз боп жатқанына 5-6 жылдың жүзі болыпты. Олар отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Ардагер шопан ұлынан үлкен үміт күтетінін айтса, Ілияс та өз сөзінде әке сенімін ақтайтынын жеткізді.

-Қазір шаруа баққан ағайын үшін өте қауырт кезең. Қыстауда мал төлдеу науқаны жүріп жатса, бір жағынан алқаптарға арпа, бидай егіп жатырмыз. Қазір егінді толықтай егіп болдық. Мал төлдету науқанын жауапкершілікпен өткізіп, төлдің шығынын барынша азайтуға тырысып жатырмыз. Бұл мақсатта отардың қыс бойы жем-шөптен қысылмауын қаматамасыз еттік. Туғаннан кейін де саулықтарға жем беріледі. Жақсы күтім жасалады. Осылайша малдың басын көбейтуге күш салып жатырмыз.

Қойдың санын көбейтіп, сапасын арттыруға толықтай мүмкіндігіміз бар. Ол үшін иелігіміздегі егістік алқаптарына жоңышқа, арпа, бидай егіледі. Нақтырақ айтқанда, 260 гектар жоңышқалық алқабымыз бар. Одан бөлек, жыл сайын 500 гектардай алқапқа арпа, бидай егеміз. Жерді өңдеп, егуге, жинап алуға барлық қажетті техникалар өзімізде жеткілікті. Үш трактор, үш комбайн, екі бірлік «К-700» маркалы трактор, тағы да басқа қосалқы агрегаттардың көмегімен жерді тиімді игерудеміз. Жұмысшылардың тұрақтап жұмыс істеулері үшін тиісті жағдайларды жасап отырмыз. Жалақылары уақтылы төленеді,- дейді «Корпорация Ақсанат» ЖШС-ның директоры Бақытжан Оспанов.

Серіктестік басшысының айтуынша, шаруашылықтың Түркістан облысының Түлкібас ауданында да ірі қара және жылқы ұстайтын фермалары бар екен. Қорыта айтқанда, серіктестіктің жұмысы сан-салалы, алға қойған мақсаттары да айқын.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

Жуалы ауданы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.