A place where you need to follow for what happening in world cup

Тұрғындарды толғандырған сауалдарға тұшымды жауаптар берілді

228

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аудандарға сапарлары жалғасуда. Бүгін қоғамдық қабылдау Сарысу ауданының Ақтоғай ауылында өтті.

800-ге жуық тұрғыны бар ауыл облыстық мәндегі күре жолдың бойында орналасқан. Ауыл маңында «Жел электр станциясы» орналасқан. Алдағы уақытта елді мекен жанынан әктас өндіретін цех салынбақ. Дегенмен бұл бастама бойынша тұрғындардың ойы екіге жарылып, бір мәмілеге келе алмауда. Ашығын айту керек, одан ауылға ешқандай зиян келмейді. Есесіне, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Қоғамдық қабылдау барысында цех салатын инвестор мен ауыл тұрғындарының кездесуі өтетін болып келісілді. Ол басқосуда түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.

– Ауылда ауыз су өзекті. Сондықтан ауыз су мәселесін жылдамырақ шешіп берсеңіздер. Барлығымыздың сапалы тіршілік нәрін пайдаланғымыз келеді. Сондай-ақ, көгілдір отынға қосылсақ деген ниетіміз де бар. Басшылық тарапынан осы мәселелерді шешіп берсеңіздер, – деді ауыл тұрғыны Боранқұл Шүкеев.

Ауыл тұрғынының көтерген мәселесіне мәселесіне жауап берген ауыл әкімі Қуандық Алдабергенов қазіргі таңда аудан көлемінде газ құбыры жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта келетінін жеткізді. Ал ауыз су жүргізу бойынша биыл облыстық бюджеттен 327 миллион теңге бөлініп, конкурс арқылы мердігер де анықталып жатқандығынан хабардар етті. Яғни, жыл соңына дейін ауылға ауыз су келетін болады.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр ауданда дүлей желдің әсерінен ауылда жарық бағаналары құлап қалған болатын. Бірақ, олар толық ауыстырылмапты. Сондықтан ондағы халық қалған бағаналарды да жаңалап берсе дейді.

Сонымен қатар ауылдағы кітапхана шағын ғана бір бөлмеде орналасқан. Ондағы кітап қоры сол бөлмеге сыймай да қалған. Бұл ретте жауапты мамандар кітапхана салып берсе деген ұсыныстарын білдірді. Бұдан өзге, ауылдық клубтың да жағдайы мәз емес. Ғимараттан бөлек онда бір ғана маман жұмыс істейді екен. Аталған мәселелердің барлығы партия назарына алынып, құзырлы органдармен шешу жолдары қарастырылатын болады.

Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімінің Қайрат Аманов пен аудан әкімдігінің бөлім басшылары жауаптар берді. Ал «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхаммед Жұмабек партияның «Ауыл Аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары кеңінен түсіндірілді. Жобалардың жүзеге асырылуы бойынша тұрғындардың сұрақтарына тұшымды жауаптар да берді.

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.