A place where you need to follow for what happening in world cup

Шудан шыққан шу: қыз алып қашу қазақы болмыс па, әлде қылмыс па?

386

Жамбыл облысы Шу ауданынан тағы шу шықты. Бұл жолы аудандық теміржол бекетінен қыз алып қашып бара жатқан жас жігіттердің видеосы желіні «жарды». Жан дауысы шыққан бойжеткенге ешкім араша түспесе де, телефонға түсіріп желіде жұрт жарыса жариялады. Бұны біреулер жабайылық пен адам ұрлығы десе, енді бірі екі жасқа бақыт тіледі.

Жалпы, бүгінде байыбына бармай жатып, байбалам салатындар көбейген. Олай дейтініміз – оқиғаның мән-жайын білмей жатып желі белсенділері облыстық Полиция департаменті мен аймақ басшысына дейін белгілеп тастады. Алайда ертесіне бойжеткен тұрмысқа шығуға ерікті түрде келіскенін, бастапқыда қорқып кетіп айқай шығарғанын видео арқылы айтты. Ал біздің анықтағанымыз – қыз Талдықорған қаласының тумасы екен. Жігіт екеуі теміржол саласында бірге жұмыс істейді. Сол күні бала қызды ата-анасымен таныстыру үшін Шу қаласына алып келген. Алайда теміржол бекетінен күтіп алған баланың әпкесі мен жездесі қыздың басына бірден ақ орамал жаба салыпты. Міне, қыз осыдан шошып, теміржол бекетін басына көтерген. Оған қоса қыздың бір көтерілсе, басылмайтын мінезі де бар екен. Десе де, қазір тараптар келісіп, құқық қорғау қызметкер­леріне қолхат беріп, Талдықорған қаласында қызға сырға тағуда. Байқап тұрсаңыз, «түймедей зат түйедей» болған. Сонда бұл видеоны жариялап, елді шулату қаншалықты керек еді?

Негізі, елімізде қыз алып қашуға қатысты арнайы заң қарастырылмаған. Оны «Адам ұрлығы» фактісі бойынша тіркейді. Қылмыстық кодекстің 125-бабына сәйкес «Адам ұрлығы» үшін 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Ал қыз алып қашуды адам ұрлығына жатқызуға бола ма?

БҰҰ-ның адам құқығы декларациясының отбасын құруға қатысты 16-бабында ер мен әйелдің құқығы тең әрі неке екі тараптың толық келісімімен қиылады деп көрсетілген. Қыз алып қашуды «адам ұрлығы» ретінде қарауға итермелеп жатқан осы декларация секілді. Әйтпесе бабадан балаға жалғасқан дәстүрді бұлайша қиындатпас едік.

Әрине, біреудің бағып-қағып өсірген қызына қиянат жасауға ешкім құқылы емес. Алайда «қыз тұрмыс құруға жүрексініп жүр» немесе «жақындарының жағдайына қарауда» деп қаншама жас отбасы құра алмауда? Тіпті, қыздың алдында ағасы мен әпкесі бар екен деп талай неке қиылмай кетіп жатыр. Ал бұл еліміздегі бойдақтардың санын күн санап арттыруда. Мәселен, соңғы жүргізілген есепке сүйенсек, елімізде 25 жастан жоғары бойдақтар саны 3 миллионнан асып жығылады екен. Ал 14 пен 29 жас аралығындағы бойдақтар саны 4 миллион 616 мың деген дерек бар. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы ерлер болса, 2 миллион 279 мыңы – қыздар. Бір сөзбен айтқанда, елімізде нәзікжандылардың 28,2, ер-азаматтардың 39,6 пайызы бойдақ жүр.

– Негізі, бұл мәселеге екіжақты қарау керек. Біріншіден қыз алып қашу «адам ұрлығы» ретінде қаралатындықтан бұрынғы­дай екінің бірі қыз алып қашпайтын болды. Оның салдарынан бойдақтарымыздың саны артып кетіп жатыр. Екіншіден қыз алып қашу – бұл адам тағдыры. Көрмеген, танымайтын адамына қазір ешкім баласын қиып бермейді. Оған қоса қазіргі жастар да көмпіс емес. Егер құдалардың құда түсіп баруға немесе қызын ұзатып шығаруға шамалары келмей жатса, онда жеңгелері қызды шығарып берсе болады. Әйтеуір қыздың кетіп бара жатқанын жақын­дарының бірі білуі керек. Сонда оның арты айқау-шу болмайды.

Біздің орталыққа қазір 4-5 баласы бар келіншектер келіп, көмек сұрап жатады. Басым бөлігінің тағдыры жолдасын танып-білмеген. Соның салдарынан таяқ жеп, қианат көрген. Тіпті, жуырда тоғыз бала тапқан әйел келді. Күйеуі ұл тумадың деп әрбір бала дүниеге келген сайын соққының астына алған екен. Әйел соған шыдап жүре берген. Байқап тұрсаңыз, отбасы құруда қазір барынша бәрін байыппен бағамдаған жөн. Сондықтан мен қызды өзінің қалауынан тыс алып қашуға қарсымын, – дейді облыстық Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсетуге арналған дағдарыс орта­лығының басшысы Жамал Дүйсембайқызы.

Күнделікті қиын тағдырға тап келген қыз-келіншектермен жұмыс істеп жатқан орталық басшысы ойын осылай білдірді. Ал облыстық Полиция департаментінің маман­дары егер қызды алып қашқан тарап оны ерікті түрде қайта үйіне апарып тастаса, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалмай­тынынан құлағдар етті. Бүгінде өңірде қыз алып қашып сотталған бірде-бір факті тіркелмепті.

Әрине, бұл жанға жылу беретін ақпар. Өйткені үйленемін деп, абақтығы айдалып жатса, бұл кімге болса да абырой емес. Ал сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

Жамбыл облысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.