A place where you need to follow for what happening in world cup

Медициналық пойыз сапары: Жамбыл облысының тұрғындары қандай ауруларға шағымдануда?

287

«Жәрдем» медициналық пойызының мамандары Жамбыл облысындағы жұмысын аяқтады. Жылжымалы емхана бір ай оңтүстік өңірдің 15 станциясына барып, жергілікті халыққа тегін медициналық көмек көрсетті.

Еліміздің батысы мен оңтүстік облысын қамтыған «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы Жамбыл облысында 4 қазан мен 5 қараша аралығында разъездер мен шағын станциялар халқына тексеру әрі емдеу жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, Жамбыл облысында 15 станцияның: Боранды, Ақтаутас, Жаңатас, Үшбұлақ, Ақшолақ, Ақыртөбе, Малдыбай, Тәтті, Бірлік 1, Хантау, Қияқты, Шығанақ, Мыңарал, Сарышаған, Шоқпар  тұрғындары тексерілді.

Консультативті-диагностикалық пойыздың дәрігерлері 11 136 тұрғынды, оның ішінде 4747 баланы тексерді. Жалпы дәрігердің қаралымында 50 266 адам болды.

ЖПД/терапевт/педиатрдың қарауында 7246 адам, хирургте 5388 адам, көз дәрігерінде 6259 адам, құлақ және мұрын дәрігерінде 6546 адам, гинекологта 1781 адам, тіс дәрігеріндк  5029 адам болды.

Сондай-ақ шалғай станциялардың тұрғындарына 3619 ЭКГ жасалса, 20 ФЛГ мен 4695 УДЗ процедурасы жүргізілді.

Пойыздың мамандарына денсаулығын тексертуге Мейірхан Асанбаев Тәтті бекетіне жылжымалы емхананың келуін асыға күткен. Ауыл тұрғыны 35 жыл бойы теміржол саласында жұмыс істеп, зейнетке шыққан.

«Жыл сайын ауылдарды аралап, тегін медициналық көмек көрсететін дәрігерлерге денсаулығымызды тексертіп, жақсылық көрудеміз. «Жәрдем, «Саламатты Қазақстан» пойыздарын шығарып, алыс бекеттерге жіберіп, халыққа қызмет көрсетіп жатқандары біз үшін үлкен көмек. Біз аудан орталығынан 40 шақырым жерде тұрамыз. Анализ тапсырмақ түгілі орталыққа жетудің өзі қиын. Бұл пойыздың артықшылғы – бәрі ішінде. Қарапайым халық үшін керемет мүмкіндік. Жоба жалғасып, жыл сайын бізді қуантып тұрса екен», — деп қорытындылады өз сөзін ауыл ақсақалы.

Пойызға алғаш рет келіп, мамандардың қабылдауында болған Тәтті бекетінің тұрғыны Рүстем Саратов да өз ойымен бөлісті:

«Мен алдымен невропатолог маманның қабылдауында болдым. Тамағымда ісік барын әрі ол нервтен екенін айтты. МРТ-ға түсуіме кеңес берді. Офтальмологке кіріп, көзімді де тексертіп алдым. Бүйрегімді УДЗ аппаратына түсірдім, дәрігер тұз жиналғанын айтты. Мамандардың жұмысы көңілімнен шықты. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін».

Дәрігерлердің айтуынша, жергілікті халықтың арасында көбіне  қант диабеті, миопия, астигматизм, глаукома, аллергиялық дерматит, липома, созылмалы холецистит, артроз аурулары анықталған.

«Тұрғындардың арасында көбіне невропатолог дәрігеріне, терапевтке, сондай-ақ УДЗ маманына, құлақ және мұрын дәрігеріне сұраныс та, кезек те көп болды. Мамандар әр тұрғынға кеңес беріп, ем-домдарын тағайындайды. Келушілерге берілген кеңестен кейін, денсаулықтарына салғырт қарамай, әрі қарай күтінуді әрдайым айтып отырамыз. Кейбір тұрғындар жыл сайын өтуі тиіс флюорографиядан өтпейді. Себебін ауылдарыаудан, облыс орталығынан алыста деп түсіндіреді», — деп өз ойымен бөлісті «Жәрдем» пойызының медбикесі Дана Сағынбекова.

«Жәрдем» пойызы 23 мамырда Алматы-2 теміржол вокзалынан жолға шығып, жұмысын Маңғыстау облысынан бастады. Жарты жылға уақытта ол Жамбыл облысынан басқа тағы 6 облысты – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарын жүріп өтті.

Естеріңізге сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» мен «Жәрдем» пойыздары медициналық қызметке мұқтаж шалғай станциялардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативті-диагностикалық көмек көрсетеді.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауының арқасында мүмкін болды және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырылуда.

«Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылды және 2019 жылға дейін жыл сайын жүзеге асырылды. Коронавирус пандемиясы кезінде үзіліс жасады. Осы кезең аралығында консультативті-диагностикалық пойыздар Қазақстанның 1 700-ден астам шалғай өңіріне барып, 488 880 тұрғынды қарады.

Толық ақпарат бойынша:

Айдана Айтбай, +7 775 486 80 81, medpoezda@gmail.com

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.