Жуалы ауданы әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен №15 мектеп-лицей базасында робототехникадан «IT-BALAQAI» атты бірінші ІТ технологиялар фестивалі өтті. ІТ технологиялар фестивалі оқушылардың белсенділігін дамыту, оларды инженерлік машықтандыру, робототехника және бағдарламалау білімін дамыту, өзара тәжірибелермен алмасу және мықты командаларды анықтау мақсатында ұйымдастырылды.
Фестивальға аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Сыпатаева, «Benediximus» ЖШС-ның басшысы Абзал Әбдешов, тренерлер Бағдат Жолдасұлы, Изат Жұмабаев, білім бөлімінің әдіскері Роза Керімбаева және аудандағы 23 мектептен кіші 6-13 жастағы және ересек 14-18 жастағы балалар, яғни жалпы 100 оқушы қатысты.
Шараның ашылуы салтанатты жағдайда өтіп, онда оқушылар патриоттық рухта ән салып, ұлттық билер биленді.
Фестивальда алғашқы құттықтау сөз білім бөлімі басшысының м.а. Гүлсім Сыпатаеваға берілді.
-Бүгінгі ғылым мен техника қарқынды дамып, еліміздің экономикасы өсіп, үкімет үдемелі индустрияландырудың керемет жобаларын іске асырып отыр. Осы орайда, оқушылардың компьютерлік сауаттылық деңгейіне қойылатын талап та жоғары болып отырғаны баршамызға белгілі. Бізге білімді ұрпақ керек. Ал білімнің кілті – барлық нақты ғылымдардың негізін меңгеруде. Себебі, компьютерлік сауаттылығы жоғары, әрі ойлау қабілеті дамыған бала ғана ғылым мен техниканың тілін табысты меңгере алады. Сол себепті ХХІ ғасырдың талабына сай, бәсекеге қабілетті біздің оқушыларымыз биіктен көрінетініне сенім мол, – деген Гүлсім Ақылбекқызы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, «Benediximus» ЖШС-ның басшысы Абзал Әбдешов те бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, оқушыларға табысты болуға тілектес екенін білдірді.
Ал фестивальға қазылық етуші мұғалімдер оқушыларға жарыстың бағытын, шарттары мен ережелерін түсіндіріп өтті.
ІТ технологиялар фестивалі басталмас бұрын бөлшектенген роботтар тексеріліп, жиналып, нөмірленді. Аталған жарыс үш бағытта өтті. Бірінші бағыт «Сызық бойымен жарыс» деп аталып, мұнда робот қашықтықтың қара сызығымен қозғала отырып, ең аз уақыт ішінде ең көп ұпай жинауы тиіс, сондай-ақ, робот ең көп 2 минут уақыт ішінде қашықтықты жүріп өтуі керек. Ал, «Кегельринг» айналымында робот қысқа уақытта ринг аймағындағы қара сызықтан белгілі бір түсті кегельді ығыстырып шығаруы керек. Бұл айналымда әр командадан бір дербес робот ойын шартына сай дайындалып, рингтті кегельден тазалау сайысына түсті.
Балалардың қызығушылығын оятқан фестивальдың үшінші бағыты «Робосуммада» қатысушылар қарсылас роботты сызылған ринг шеңберінің сыртына, яғни рингтің қара сызығына оңтайлы жолмен ығыстырып шығарып жарысты. Жарыс жеребе тастау бойынша бірнеше кезеңде жұп роботтар арасында өтті. Әр кезең үш кезеңнен тұрды, кезеңнің ұзақтығы үш минутты құрады. Яғни, бұл сайыста да әр мектептен келген команданың роботтары сол мектептің намысын қорғады.
Сонымен қатар, фестивальда оқушылардың шығармашылық жұмыстары сарапқа салынды. Мұнда балалардың ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, тағы да басқа салалардың қажеттіліктеріне бағытталған жобалары таныстырылды. Фестивальда әсіресе, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушылары дайындаған жоба ерекше көзге түсті. Сонымен қатар, Мыңбұлақ орта мектебінің оқушылары жасаған ауыл шаруашылығына керекті жоба да қазылардың назарына ілікті.
Ауданда алғаш рет ұйымдастырылған ІТ технологиялар фестивалі өз мәресіне жетіп, қорытындыланып, жеңімпаздар жарияланды. Фестивальдің «Сызық бойымен жарыс» кезеңінде кіші топ арасында І орынды №4 Қ.Сағындықов атындағы ОМ оқушылары иеленсе, ІІ орынды №1 МГ-ның «Құлагер» командасы қанжығасына байлады. Ал, жүлделі үшінші орыннан №9 Абай атындағы ОМ оқушылары көрінді. Аталған кезеңнің үлкен топ арасында І орынды №1 МГ-ның «Robotex» командасы, ІІ орынды №5 М.Ломоносов атындағы ОМ оқушылары, ІІІ орынды №19 Д.Қонаев атындағы МГ оқушылары иеленді.
Ал, «Кегельринг» кезіңінің І орны №3 Қ.Қошмамбетов атындағы ОМ оқушыларына, ІІ орны №1 МГ оқушыларына, ІІІ орны «Робототехника» орталығының «Robotech» командасына бұйырды. «Робосумма» кезеңінің жеңімпаздары №3 Қ.Қошмамбетов атындағы, №7 Т.Әкімов атындағы, №14 Б.Майлин атындағы ОМ оқушылары атанды.
Шығармашылық кезеңде барлық мектеп командаларының жұмыстары қаралды. Олардың жасалу техникаларын да қазылар алқасы саралап қарап шықты. Кейбір оқушыларға бағыт-бағдар беріп, кеңестерін айтты. Нәтижесінде, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп оқушыларының жобасы үздік деп танылды. Ал, шығармашылық кезеңнің ІІ орны №15 мектеп-лицейге, ІІІ орны №2 Мыңбұлақ орта мектебіне бұйырды.
Сонымен қатар, командалық есепте ескеріліп, І орынды №1 мектеп-гимназия, ІІ орынды №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектеп және ІІІ орынды №19 Д.Қонаев атындағы МГ иеленді.
Фестивальдің жеңімпаздарына арнайы грамоталар табысталды. Сондай-ақ, «Robotech» жеке кәсіпкерлігінің директоры Олжас Тұрғын демеушілік жасап, жүлдегерлерге «Робототехника» курсына бір күндік тегін шеберлік сабағына арналған сертификаттар берді. Ал, «Benediximus ЖШС-ның басшысы Абзал Әбдешов компания демеушілігімен фестиваль жеңімпаздарына дипломдар табыстап, «Taraz Hub» IT орталығына үш күндік тегін сапарға шақырды.
Жарыс барысында білім бөлімінің әдіскері Роза Керімбаева «2019-2020 оқу жылында аудан бойынша білім беретін 39 мектеп бар. Оның 23-і робототехника кабинетімен жабдықталса, ІТ сыныптар 6 мектепте бар. Ауданда робототехника кабинеттерімен 30 орта мектептің 23-і жабдықталып, қамту үлесі 59 пайызды құрап отыр. Жалпы информатика пәні мұғалімдері «Робототехника негіздері», «Робототехника, 3Д принтинг және бағдарламалау» тақырыптарында біліктілікті арттыру курсынан өткен» деген мәліметтерін беріп өтті.
Ал, ауданның информатика пәнінің мұғалімдерін біліктік курстарынан өткізген «Benediximus» ЖШС-ның басшысы мен тренерлері фестивальға қатысушы оқушылардың талаптары мен қызығушылықтары жоғары екенін атап өтті. Пән мұғалімдері оқушылармен ұйымдасқан түрде жұмыс жасайтындарына, балалардың «Робототехниканы» жақсы меңгергендеріне дән риза екендерін де жеткізді. Сонымен қатар, олар еңбектерінің еш кетпегенін, ауданның мектептері нәтиже беріп отырғанын да баса айтты.
P.S. Иә, бұл да біз үшін мақтаныш. Көш соңынан қалмай, заман талабына сай, бәсекеге қабілетті болу бүгінгі күннің талабына айналып отырғанына тағы бір көзіміз жетті. Мұндай ауқымды, маңызды шаралар аудан көлемінде жалғасын тапса нұр үстіне нұр. Себебі, фестивальда балалардың жаңа дүниені меңгеруге деген қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Әсіресе, кіші жастағы балалардың ой-өрісінің кеңдігі, жылдамдығы тәнті етті. Осы орайда, техника мен технологияны меңгеруге қызыққан жас буын әлі де биік белестерді бағындыратына біз де сенім білдірдік.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ