A place where you need to follow for what happening in world cup

«Хан қымызын» дайындау технологиясын ұсынған ғылыми зертхана

1 491

Нағыз бабындағы «Хан қымызын» ішіп көріп пе едіңіз?! Айтары жоқ, ауруға – ем, сауға – қуат, дертке – дауа, дәрі қымыз. Бүгінде бұл қымызды Тараз қаласындағы «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріп отыр. Ал оны дайындау технологиясы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Наноинженерлік зерттеу әдістері» зертханасында жасалған. Авторы – осы зертхананың аға ғылыми қызметкері, профессор Ерман Спандиярұлы.

Сонда оның басқа қымыздан артықшылығы неде дейсіз ғой?! Ерекшелігі – 2 ай сақталатындығында. Алпыс күн тұрса да, қуатын жоғалтпайды, табиғи құрамы да бұзылмайды. Бұл – ұзақ уақыт бойы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі.

Бұл жоба бір кездері жұрт жаппай «Немістер қымызды патенттеп, меншіктеп алыпты» деп дүрліккен кезде қолға алынған еді. Нағыз брендке айналатын ұлттық сусынды шынында да бір күні біреулер «біздікі» деп иемденіп кетер деген ой маза бермеген жамбылдық кәсіпкер, «Заң» ЖШС директоры, өңірлік университеттің құрметті профессоры, Дүйсенбек Ыбыналиев ғалымдарға ұсыныс жасайды. «Қымыз дайындау технологиясының ғылыми негіздемесін жасап, ертерек патенттеп алайық» дейді жанашырлықпен. Ерман Спандиярұлының зерттеуге бел шешіп кіріскені де сол шақ.

Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін университеттегі «Наноинженерлік зерттеу әдістері» зертханасы нағыз қолайлы база болды. Ұзақ ізденіс, тынымсыз еңбек жемісін беріп, бірінен кейін бірі ғылыми мақалалар жарияланып, бірнеше халықаралық конференциялар, дөңгелек үстел, басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Осылайша екі ай бойында сапасын жоймай сақталатын қымыз дайындайтын отандық патентпен қорғалған жаңа технология жасалынып өндіріске енгізіледі.

Ғылыми лабораторияны ұлттық тағамдардың инженериясы деуге болады. Тура бір табиғи құрамы мен қуатын байытып, ұлтқа қайта ұсынған орталық десек, артық айтпаймыз. Себебі, мұнда тек қымыз ғана емес, ұлттық сусындар – боза мен ашымық, шалапты, құрт пен ірімшік, қауынқұрт және басқа да тәтті тағамдарды дайындау технологиясының ғылыми негіздемесі жасалған.

– Қазір дүкеннен сатып алған сүт пен айранның бәрі бірдей сіңімді, денсаулыққа пайдалы деп айта аласыз ба?! Сіз, оның сақталу мерзіміне мән беріп, қарап көрдіңіз бе? Бір-екі аптаға ғана жарамды дегенін ілуде бір таппайсыз. Кемі 4-5 ай бұрын шығарылған. Ал кеше сауып алған сүтті ең құрығанда бір апта сақтай аласыз ба? Жоқ, ол мүмкін емес. Сонда 3-4 ай бұрын өндірілген өнімді ұзақ уақыт сақтау үшін бір қоспа қосатыны анық. Ал біздің ғалымдар ұлттық тағамдардың табиғи құрамын сақтай отырып, ұзақ уақыт сақтау технологиясын жасады. Біз қазір әр тағамның түрі бойынша жүргізілген зерттеулер нәтижесіне сүйеніп, өндіріске рецептуралар мен технологияларымызды ұсына аламыз. Жобалар бар, ғалымдар үлкен ізденіс жасады, талай мәрте сынап та көрді. Бірақ, соны өндіріске енгізу мәселесі деген бар. Әзірге, лабораторияның дайын ғылыми негіздемесін, рецептілерін іздеп келіп, сұрап жатқандар жоқ. Ондай қозғалыс болуы үшін ұлттық деңгейде сұраныс тууы қажет, — дейді «Наноинженерлік зерттеу әдістері» зертханасының меңгерушісі, т.ғ.д, профессор Исабай Бекбасаров.

Ғалымдар дайындаған «Боза» жасау технологиясы да назар аударарлықтай. Зертханалық технологиямен жасалатын бозаның базардағыдан көп айырмашылығы бар екен.

– Біріншіден, біздің бозаның иісі жағымды. Базардағыдай тым ашқылтым емес, дәмді келеді. Екіншіден, нәрлілік құрамы жағынан анағұрлым денсаулыққа пайдалы. Ұзақ сақталса да, ашып, қызуы қатты болмайды. Біз жасаған ашымық пен шалаптардың құрамы да сондай. Қуаттылығы жоғары, нәрі мен дәмі жағымды, — деді зерттеу үлгілерімен таныстырған зертхананың аға ғылыми қызметкері, профессор Ерман Спандиярұлы.

Негізі қазақтың ұлттық тағам өнімдерінің барлығы дерлік белгілі емдік-профилактикалық, диеталық, тағамдық және дәмдік қасиеттері бар екені көп айтылады. Жамбылдық ғалымдар бұған ғылыми тұрғыда дәлел де келтіре алады. Бастысы ұлттық тағамдарды дайындап-сақтаудың жаңа технологиясын әзірлеп, негіздемесін жасаған. Ол жобалар енді тек өндіріске енгізу кезегін күтуде.

Исабай Исақұлы ол үшін ғалымдар мен өндірістік саланың мамандары бірлесе жұмыс істеуі керек екенін айтады. «Дәрумендік құнары мен табиғи құрамы сақталған әрі пайдалы, әрі қауіпсіз ұлттық тағамдарды өндіру үшін бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілуі керек. Мәселен, «Қазақтың ұлттық азық-түлік өнімдері» деген республикалық ғылыми орталығын құрса, ол ұлттық азық-түлік өнімдерінің барлық спектрі бойынша тағамдарды өнеркәсіптік өндірудің қазіргі заманғы технологияларын әзірлей отырып ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтамасыз етер еді. Сондай-ақ осы орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі ретінде фармацевтикалық, медициналық, косметикалық және басқа да салаларға арналған бұйымдарды, препараттарды және өнімдерді (Қазақ ұлттық тағам өнімдерінің шикізат материалдары негізінде) әзірлеуді қарастыруға болады. Бұл отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарды біріктіруге, олардың қызметін қазақтың ұлттық тағам өнімдерінің сапалы жақсартылған түрлерін зерделеуге, апробациялауға және енгізуге байланысты мәселелерді кешенді шешуге үйлестіруге мүмкіндік береді», — дейді профессор.

Жалпы университет басшылығы  тарапынан ғалымдардың зерттеулері мен жобаларын өндіріске енгізуге, патенттер бойынша гранттар ұтып алуға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Кеше ғана оқу орнына келіп-кеткен Satbayev University-нің Басқарма төрағасы-ректоры Мейрам Бегентаев бастаған делегация да лабораторияға арнайы барып, зерттеу жұмыстарымен танысты. Қос университет арасында екіжақты меморандум жасалды. Қос университет арасындағы байланыс жамбылдық инновациялық жоба авторларының зерттеулеріне басқа ғалымдардың да назарын аударып, оны өндіріске енгізуге жол ашады деген сенім мол.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.