A place where you need to follow for what happening in world cup

Дауды сотқа дейін реттеу тәртібі

267

Жамбыл облысының әкімшілік сотында істерді қараудың практикасы заң аясында қалыптасқан. Алайда, кейбір әкімшілік талап арыздарды сот өндірісіне қабылдамай қайтару орын алуда. Оған не себеп?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен (бұдан әрі – Әкімшілік кодекс) талап арызды қайтарудың 17 негіздеме көзделген. Олардың бірі — Әкімшілік Кодекстің 138-бабының 2-бөлігінің 1- тармақшасында қарастырылған – талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтамаса және бұл тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса. Ал жеке талап арыздар заңда белгіленген дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтамастан беріледі.

Не білу керек?

Әкімшілік Кодекстің 91-бабының 5-бөлігіне сай, егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Алайда талап қоюшылар, дауды сотқа дейінгі тәртіпті сақтамай, тікелей сот органдарына шағымданады, ал олай жасау дұрыс емес. Себебі Әкімшілік кодекспен мемлекеттік органмен пайда болған дауды жоғары тұрған әкімшілік органға, лауазымды тұлғаға шағым жасау арқылы шешу қарастырылған.

Кодекспен мемлекеттік органдарға шағым түскеннен кейін шығарылған шешімінің күшін жою арқылы орын алған қателіктерін өз бастамасымен, сотқа жеткізбей түзету құқығы берілген. Әкімшілік кодекспен арызды әрекеттері мен әрекетсіздіктері немесе әкімшілік актісі шағымдалып отырған мемлекеттік органға, лауазымды тұлғаға беру қарастырылған. Бұл мекеме шағым түскен күннен бастап үш жұмыс күн ішінде, оны және әкімшілік істі шағым қарайтын, яғни жоғары тұрған мемлекеттік органға жолдайды (Әкімшілік кодекстің 91-бабының 4-бөлігі).

Шағымды қарайтын орган шағымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті. Нақты мән-жайларды зерттеудің нысанасы мен шектерін шағымды қарайтын орган айқындайды. Шағымды қарайтын орган әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органның, лауазымды адамның, әкімшілік рәсімге қатысушының дәлелдерімен, сондай-ақ шағымда баяндалған талаптармен байланысты емес және әкімшілік істі толық көлемде тексереді. Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.

Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтау жеке және заңды тұлғалар үшін өте қолайлы, себебі сотқа жүгіну ол мемлекеттік баж төлеу, өкіл жалдау және т.б. қосымша шығындарға алып келеді. Сондай-ақ, іс сотта қаралу кезінде тараптардың қосымша уақытын талап етеді, себебі талап арыз сотта бір мезетте қаралмайды, істі қараудың өзінің талаптары болғандықтан, бірнеше айға созылуы мүмкін, яғни сотқа жүгінушілердің қосымша уақытын жоғалтуына себеп болады.

Сондықтан, әкімшілік талап арыздарды қайтару фактілерін азайту және уақыт пен қаражатты үнемдеу мақсатында, арыз берушілер жоғарыда көрсетілген сотқа дейінгі әкімшілік процедураны сақтаулары қажет.

Арнайы заңдарда көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібі

Дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жүгіну керектігі жайлы сұрақтар көптеген талап қоюшылардың ойларында бар. Жамбыл облысының әкімшілік сотында қаралатын істердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар. ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 47-бабында әлеуетті өнім берушінің құқықтарын бұзған әрекеттері (әректесіздіктеріне), шешімдеріне шағым жасаудың мерзімі мен тәртібі реттелген.

Заңның бұл нормасы әлеуетті өнім берушіні сотқа талап арыз бермес бұрын уәкілетті органға – Мемлекеттік ішкі аудит департаментіне, одан кейін жоғары тұрған органға – ҚР қаржы министрлігінің Мемлекеттік ішкі аудит комитетіне шағыммен жүгіну міндеті көзделген.

Осы баппен қарастырылған дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі арызданушыға міндетті болып табылады. Яғни, әлеуетті өнім беруші заңмен көзделген сотқа дейінгі белгіленген тәртіпті айналып, сотқа жүгіне алмайды.

Егер талап арыз сотқа бұл тәртіпті сақтамай тікелей берілген болса, ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасына сай ол қайтарылуға жатады, яғни талап арыз осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтамаса және бұл тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса.

Тағы бір мысал, жеке сот орындаушылардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру істері бойынша. ҚР «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 166-бабына сай, атқарушылық әрекетті дұрыс жасамау немесе жасаудан бас тарту әрекеттері сот тәртібімен шағым жасалады. Заңда бұл санаттағы істер бойынша дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделмеген. Атқарушылық өндірістің тараптары шағыммен сотқа тікелей жүгінуіне құқылы. Аталған мән-жайларды түйіндей келе, дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтау қосымша қаржылық шығындардан босатып, уақытты үнемдеуге көмектеседі.

Ғалым КУЛЕКЕЕВ,
Жамбыл облыстық сотының судьясы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.