Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталатын төртінші бөлімінде білім беру сапасын жақсарту жайына аса көңіл бөлініп отыр. Аталған құжатта: «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын» делінген. Осы орайда Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылуы маңызды.
Баланың шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін оларға жан-жақты жағдайлар жасалуы қажет. Дарындылықтың табиғаты шексіз. Дарын талант дегеніміз – адамның белгілі бір салада көрсеткен жоғары қабілеттілігі. Талантты, қабілетті балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет. Себебі, дарынды адам, қабілетті адам қоғамға көп пайда әкеледі. Әрбір талантты адам еңбекке бейім, ол шығармашылық тапқырлықпен жігерлі еңбек етеді. Сонымен дарынды, қабілетті, талантты балаларды бағыттаудағы ата-ананың, мектептің үздіксіз еңбегін айтуға болады. Дұрыс бағыт таңдағанда ғана «кемеміз» тура бағытта есіп жүзе алатындығы осынау кемелді еліміздің әрбір атқарылған ісімен, жемісімен нақтыланып отыр. Бұл күнделікті жеңісі мен жемісін мемлекетіміздің өркендеуімен байланыстыратын еңбек ұжымына жігер беретін сөздер.
Өзім 12 жыл басқарып отырған өнер мектебінде талантты жастарды дамыту және өнерлерін шыңдау жұмыстарына ата-аналардың қызығушылықтары артып, жыл сайын бала санының да артып келе жатқаны байқалады. Мектепте өз іс-әрекеттеріміз арқылы алға қойған міндеттерді жүзеге асырып отырмыз. Өткізіп жатқан фестивальдар, есеп беру және жай концерттер, акциялар, тағы да басқа іс-шаралар шақпақаталық жас жеткіншектердің өзіндік азаматтық танымын жоғарылатуға және талантты жастарды дамытуға, өнерін шындауға мүмкіндіктер жасап отыр.
Мектеп ашылғалы бергі 12 жылдық жұмысымызды айтар болсақ, педагогикалық ұжым дарынды балалармен 150-ден аса іс-шара өткізді және бұл іс-шараларға 700-ден аса бала қатысты. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп жатқан мектеп ұстаздарының алар асулары әлі алда. Олар еліміздің бағытының айқын, болашағының жарқын болуына үлес қосуға әрқашан дайын.
Талантты жастарды дамыту және олардың өнерін шыңдау бағытында атқарып жатқан жұмыстарымыз өз кезегінде шәкірттеріміздің шығармашылық жеке дарындылығын дамыту болып табылады. Оларды жан-жақты етіп, еңбекке шығармашылық қатынасын, өмірлік азаматтық белсенді позициясын қалыптастыруға және жоғары адамгершілік саналары мен рухани құндылықтарының дамуына ықпал етуге тиіспіз.
Талантты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы: сынақтан өткізу), талантты баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет. Биік танымдық қабілет, тұрмыс-тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс баланың бойында ерте жасынан туындайды екен. Сондықтан ізденушілікке баулу өнерін шыңдау бастапқы сыныптан басталуы тиіс. Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын шыңдауға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Талантты жастарды, яғни балалардың өнерін шыңдау – кез келген психодиагностикалық анықтау сияқты өте күрделі мәселе.
Осы жағдайда ең бастысы, ата-аналармен жұмысты нығайту керек. Себебі, ата-ана өз балаларының қызығушылықтарының икемділігін анықтап білуге көмектеседі. Осы ретте мектебіміздің талантты балаларын арттырып, олардың өнерінің шыңдалуын басты назарда ұстап келеміз. Осындай жүйелі жұмыстардың дәлелі болса керек, 12 жыл ішінде мектебімізден көптеген талантты түлектер шығып, олар өз кезегінде үлкен жетістіктерге жетуде. Бірқатар талантты оқушыларымыз халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Атап айтқанда, өткен жылы II республикалық «Дарабоз» атты өнер мен білім байқауында «Хореография» жанрында «Шақпақ» би тобы бас жүлдені жеңіп алды. Аталған республикалық «Дарабоз» өнер мен білім байқауында «Вокал» жанрында «Жігер» вокалдық тобы да өнер жарысының бас жүлдесіне лайық деп танылды.
Одан бөлек, республикалық «Құс жолы» балалар өнер байқауында «Аспапта ойнау» жанрында (топтық) «Сұлу-саз» ансамблі, «Аспапта ойнау» жанры бойынша (жекелей өнер көрсету) Рамзат Азизұлы бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар, аталған өнер байқауында «Аспапта ойнау» жанрында (жеке) НұрсұлтанТашполат I орын алды.
Республикалық «Алаш үміті» балалар өнер байқауында «Вокал» жанры бойынша Аяжан Балтабай I орын алды. «Тәуелсіздік – мәртебем» өнер байқауында «Бейнелеу өнері» және «Көркем сөз оқу» жанрлары бойынша Жасмин Сайрамбай, «Бейнелеу өнері» жанры бойынша Балнұр Дәулетбекова I орын алды.
Балалар өнер мектебінің талантты шәкірттері биылғы жылды да жарқын жеңістермен бастап отыр. Қаңтар айының 26-шы жұлдызында өткен халықаралық «Танцы по правилам» бишілер байқауында «Шақпақ» би тобы I орынды иеленді.
Қорыта келе, өнер адамның жан дүниесін рухани қуанышқа бөлейді. Рухани қуаныш – ең жоғары қуаныш. Сол себепті, өнерлі де талантты адамдарды халқымыз ерекше құрметтейді. Сондықтан да талантты жастарды дамыта берейік.
Майра Шәкірбаева,
№4 Балалар өнер
мектебінің директоры
Жуалы ауданы