A place where you need to follow for what happening in world cup

Алматыда алаяқтарға сенген жұп қомақты қаржысынан айырылды

29

Алматыда алаяқтардың құрбаны болған ерлі-зайыптылар бір күнде миллион теңгеге жуық қаржысынан айырылған. Жұп желідегі сайттардың бірі арқылы тұрмыстық техника сатып алмақ болған. Жалған сатушы бірнеше тауарды ұсынып, ерлі-зайыптыларды қызықтырған. Осылайша олар үш рет ақша аударған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Тұрмыстық техника іздеуге үйдегі тоңазытқыштың бұзылуы себеп болған. Олар сайттардың бірінен заманауи тоңазытқыштың видеосын көрген, әрі бағасы да қол жетімді болған. Сондықтан ерлі-зайыптылар сатып алмақ болыпты. Хабарлама авторы мессенджер арқылы техниканың жаңа екенін, кепілдік беретінін айтқан. Сосын бірден сатып алушылардың қай қаладан екенін сұраған.

«Біз Алматыдан дедік. Бірақ ол өзінің Тараздан екенін айтты. Қазір жүктерді тиеп жатқанын, тоңазытқышты бірнеше сағатта тегін жеткізіп беретінін айтты. «Үйімді сатып жатырмын, әскери адам болғандықтан басқа жаққа іссапарға жіберіп жатыр» деп жағдайын түсіндірді», – деді зардап шегуші.

Ер адам тағы жиһаз, ойын приставкасы мен тұрмыстық техника сатып алуды ұсынған. Барлығы жаңа болып көрінгендіктен, жұп сатып ала бастапты. Тауар үшін ақшаны бірден аударып жіберген. Нәтижесінде бір миллионға жуық ақша аударыпты. Кейін ер адам көлікке тиелген тауарлардың суретін жіберіп, байланысқа шығуды доғарған.

«Бірден полицияға жүгіндік. Барлық банк аударымдары тіркелді. Барлық хабарламаларды көрсеттік. Бір қызығы, тек WhatsApp арқылы сөйлестік, телефоны үнемі сөндіріліп тұратын», – деді зардап шегуші.

Мұндай қылмысты ашу қиынға соғады екен. Алаяқтар жалған ұялы телефон сервисін пайдаланады дейді құқық қорғаушылар.

«Қазір И. есімді азаматтың арызы бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тергеу жүріп жатыр. Жыл басынан бері Алматы қаласында интернет-алаяқтықтың 1 400 дерегі тіркелді», – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полицияда компьютер қылмыстарымен күресу үшін арнайы құрам жұмыс істейді. Олардың техникалық мүмкіндіктері алаяқтарды анықтауға көмектеседі, тек бұған уақыт керек екен.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.