A place where you need to follow for what happening in world cup

Айтбай Назарбековтің ескерткіші ашылды

144

Ел ішінде Айтбай Назарбеков туралы небір аңызға бергісіз әңгімелер бар. Тәуелсіздіктің көк туы желбірегелі бері Мойынқұм ауданында қаншама әкім ауысты, бірақ жергілікті халық сонау партия заманында осы ауданды ширек ғасырға жуық басқарған Айтбай Назарбековті сағынышпен еске алып, әрбір тірлігін үлгі етіп, тамсана айтып отырады. Әйтеуір, Жамбыл жұртының осынау тұлғаға деген құрметі ерекше.

   Иә, алғаш еңбек жолын Сарысу ауданының атқару комитетінде қарапайым қызметкерден бастап, ұзақ жылдар бойы Мойынқұм ауданын басқарып, түлеткен қоғам қайраткерінің еселі еңбегі көпке мәлім. Өз заманының арысы атанып, есін білгеннен еңбектен қол үзбей, адалдық пен әділдіктің үлгісі бола білген осынау тұлғаға туған жерінде – Сарысу ауданы, Игілік ауылында ескерткіш ашылды. Ескерткіштің авторы белгілі мүсінші Алтай Бейсенов.

Әрине, ел ішінде басшы болғандар да, әкім болғандар да жетерлік. Бірақ елдің жүрегінен орын алып, құрметке бөленген, көзі кетсе де өр тұлғасы күн өткен сайын тау сияқты биіктей беретін басшылар өте сирек. Міне, Айтбай Назарбекұлы елінің құрметіне бөленген сирек тұлғалардың бірі. Айтекең өз заманының белгілі тұлғалары Дінмұхамед Қонаевпен, Ғабит Мүсірепов, Еркеғали Рахмадиев, Шәмші Қалдаяқов, Әзілхан Нұршайықов, Өмірбек Жолдасбековпен және басқа да сол кездегі белгілі өнер адамдарымен қоян-қолтық араласып, талайларымен дос-сыйлас болғаны белгілі. Бұл Айтбай ағаның адами қасиеттерінің, қайраткерлігінің, кісілігінің жоғары екенін, ішкі дүниесінің бай, білімі терең, бойына береке дарыған, қызметке адал азамат екенін білдірсе керек.

Ескерткіштің ашылу салтанаты карантин талаптары сақтала отырып өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов, Айтбай Назарбековтің ұлы Асқанбай мен бауыры және ауыл тұрғындары, ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, осынау мемлекет және қоғам қайраткерінің есімі жыл өткен сайын асқақтай беретінін, бұл ескерткіш үлгілі өмірі мен еселі еңбегіне берілген құрмет екенін тілге тиек етті. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады.

Ауыл тұрғындары осынау игі шараны ұйымдастырып, ескерткіштің ашылуына мұрындық болған белгілі ақын, осы ауылдың түлегі Маралтай Райымбекұлына ризашылықтарын білдіріп, ақсақалдар батасын берді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.