A place where you need to follow for what happening in world cup

Жас мамандармен кездесіп, пікір алмасты

164

Жамбыл облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мәди Мәтен ауданға жасаған жұмыс сапары барысында мемлекеттік қызметшілермен бірқатар кездесулер өткізгені белгілі. Осы ретте Әдеп жөніндегі уәкіл Мәди Мәтен аудандық орталық кітапханадағы «Білім орталығында» 29 жасқа толмаған бірқатар жас мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, пікір алмасты. Кездесуге сонымен қатар, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Кәрібай Құрмашев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов шақырылды.

Кездесуді аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің бас маманы Асқар Нұрмағамбетов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы кезекте Кәрібай Құрмашев және Сауытбек Махамбетов сөз алып, мемлекеттік қызметтегі тәжірибелерімен бөлісті. Жас мемлекеттік қызметшілерге өмірлік ұстанымдары жайлы кеңінен әңгімелеп, тапсырылған қызметті адал, тыңғылықты атқаруға кеңес берді.
Кездесу барысында Жамбыл облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мәди Мәтен жиналғандарға мемлекеттік қызмет саласының қыр-сыры жайында әңгімелеп, идеологиялық, рухани кездесулердің маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекеттік қызметшінің бойында бәсекеге қабілеттілік қасиеттерімен қатар білімділік, жан-жақтылық болуы қажет,- деді Мәди Мейірбекұлы. – Қазір мемлекеттік қызмет саласында жастардың жұмыс жасауларына бірқатар мүмкіндіктер қарастырылған. Сайып келгенде, әр адам қызметтегі беделін өзі қалыптастыруы қажет. Бұл тұрғыда іздену де маңызға ие. Біздің халқымыздың ежелден қалыптасқан ұлттық коды, салт-санасы бар. Мемлекеттік қызметші ең алдымен ұлттық құндылықтардан тамыр үзбеуі керек. «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов айтқандай, халыққа адал қызмет ету ісінде белсенділік танытқандарыңыз абзал. Бұл өз кезегінде еліміздің тұтастай бәсекеге қабілетті болуының алғышарты болып саналады. Бойларыңыздағы жақсы қасиеттерді дамытуға, оқып үйренуге көптеп көңіл бөліңіздер.
Кездесуде бірқатар жас мемлекеттік қызметшілер көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарымен бөлісті.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.