Ауылдың әлеуетін арттыру, еңбек адамын қолдау: «Әділет» партиясының кандидаттары Шу және Жамбыл жұртымен кездесті — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауылдың әлеуетін арттыру, еңбек адамын қолдау: «Әділет» партиясының кандидаттары Шу және Жамбыл жұртымен кездесті

39

Ауыл шаруашылығын қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және сапалы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті кеңейту мәселелері Жамбыл және Шу аудандарында өткен кездесулердің негізгі тақырыбына айналды. «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына партиялық тізім бойынша ұсынған кандидаттары тұрғындармен, педагогтермен және еңбек ұжымдарымен жүздесіп, 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын таныстырды.
Жамбыл ауданында кандидаттар Қыдырбаев Бағлан Жарылқасынұлы мен Тоқбергенов Нұркен Досжанұлы Аса ауылының тұрғындарымен, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің еңбек ұжымымен және «Корзинка» дүкенінің қызметкерлерімен кездесті. Жүздесулерде ауылдағы инфрақұрылым, тұрғындардың тұрмыс сапасы, бұқаралық спортты дамыту және шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.
Шу ауданында кандидаттар Оршыбеков Айбек Әбубекұлы, Кариева Шолпан Қайратқызы және Разымбеков Нұржан Қалмаханұлы Бөлтірік ауылының тұрғындарымен, «Қамқор локомотив депосы» ЖШС-нің еңбек ұжымымен және Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің педагогтерімен кездесті. Мұнда ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, өндірістегі еңбек жағдайы, білім сапасы және тұрақты жұмыспен қамту бағыттары сөз болды.
Ауыл тұрғындары үшін маңызды бастамалардың бірі – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін облыста ауыл шаруашылығы саласында кемінде 30 жобаны іске асыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5,2 мың жеңілдетілген микрокредит алуға жәрдемдесу көзделген. Сонымен қатар 5 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 3 су қоймасын жаңғырту, 442,6 шақырым суару каналын қайта жаңарту және 120,9 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырып, су шығынын екі есе азайтуға бағытталған.
Бағдарламада ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымға да басымдық берілген. 2031 жылға дейін ауылдарда 37 жаңа базалық станция орнатып, ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарын жылжымалы медициналық кешендердің қызметімен қамту, өңір бойынша 1 миллионнан астам адамға медициналық қызмет көрсету көзделген.
Еңбек ұжымдарымен кездесулерде тұрақты жұмыс орындарын құру, кәсіби даярлықты жетілдіру және еңбек адамының мүддесін қорғау мәселелері көтерілді. Өңірлік бағдарламада 116 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру, сондай-ақ жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 63,1 мың адамды қамтуға жәрдемдесу міндеті белгіленген.
Педагогтермен жүздесуде білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыру, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту және жас ұрпаққа заманауи білім беру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Бағдарламада 2031 жылға дейін 8,4 мың жаңа мектепке дейінгі орын ашу, 4 370 оқушыға арналған 8 жаңа мектеп салу және тағы бір мектепке оқу корпусын жапсарлас тұрғызу қарастырылған.
Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар мен еңбек ұжымдарының өкілдері өз ұсыныстары мен сауалдарын ортаға салды. Кандидаттар сайлауалды бағдарламаның негізгі міндеттерін түсіндіріп, өңірдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда тұрғындармен тұрақты кері байланыстың маңызын атап өтті.
Сайлауалды үгіт-насихат кездесулері облыс аумағында жалғасуда.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Тапсырыс беруші: Д. А. Қаипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.