Мен үшін халықтың сенімі мен аманаты – үлкен жауапкершілік — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Мен үшін халықтың сенімі мен аманаты – үлкен жауапкершілік

15

№2 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық  мәслихатының  депутаттығына кандидат
Баетова  Динара Манаповна

Өмірбаяным

Мен, Баетова Динара Манаповна, 1978 жылғы 19 наурызда Жамбыл облысы Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келдім.
1993-1996 жылдары «Жамбыл Қазақ-Түрік есеп-экономикалық» колледжінде білім алып, «Бухгалтер» мамандығын меңгердім. 1996-1999 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қаржы және несие» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Кейін 2014-2017 жылдары «Тараз-Ғасыр» колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім.
Еңбек жолымды 1997 жылы №16 орта мектепте есепші-бухгалтер-кассир қызметінен бастадым. 1998-1999 жылдары ЦББУ мекемесінде есепші-бухгалтер, 1999-2005 жылдары Тараз қаласы білім бөлімінде аға есепші-бухгалтер болып жұмыс істедім. 2005-2010 жылдары №1 гимназияда аға есепші-бухгалтер, 2010-2017 жылдары Тараз қаласы білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясында экономист қызметін атқардым.
2017 жылдан бастап «Тапиля» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты балабақшаның меңгерушісі қызметін атқарып келемін.

Сайлауалды бағдарлама

Құрметті жерлестер!
Қадірлі сайлаушылар!

Мен, Баетова Динара Манаповна, №2 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде өз сайлауалды бағдарламамды назарларыңызға ұсынамын.
Бұл шешімді жеке бастың мүддесін емес, халықтың игілігін алдыңғы орынға қойып, елдің өзекті мәселелерін шешуге үлес қосу ниетімен қабылдадым. Егер сіздердің қолдауларыңызға ие болып, депутаттық мандатқа қол жеткізсем, бағдарламамда белгіленген міндеттердің орындалуы үшін білімім мен тәжірибемді, күш-жігерімді жұмсаймын.
Менің басты мақсатым – Әділетті Қазақстан мен әділетті қоғам қалыптастыруға атсалысу, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ету және халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптас- тыру. Сонымен қатар жастардың бойына білімділік, сауаттылық, тектілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіруге, тәлім-тәрбие беру ісін дамытуға бағытталған бастамаларды қолдаймын. Еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіп, олардың өнегелі өмір жолын жас ұрпақ арасында насихаттау, жастарды имандылыққа, отансүйгіштікке және ұлтжандылыққа тәрбиелеу де маңызды міндеттердің бірі деп санаймын.

Әлеуметтік қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта:
• Аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардың, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт зейнеткерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуді жетілдіруге ықпал етемін.
• Әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтардың мәселелерін назардан тыс қалдырмай, тиісті мекемелермен бірлесіп, оларды шешу жолдарын қарастырамын.
• Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға және өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдаймын.
• Әрбір тұрғынның мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуына жағдай жасау мақсатында цифрлық сауаттылықты арттыруға басымдық беремін.
Қазақстанда электрондық үкімет жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп келеді. Осыған байланысты әрбір ауыл тұрғынының компьютерлік сауаттылығын арттыру, электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалану мүмкіндігін кеңейту және цифрлық технологияларды күнделікті өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруға ықпал етемін.

Тұрғын алқаптарды абаттандыру және жол инфрақұрылымын жақсарту

Тұрғындардың жайлы өмір сүруі ең алдымен көшелердің жағдайына, жол сапасына, қауіпсіздік пен абаттандыру деңгейіне байланысты. Сондықтан округ аумағындағы инфрақұрылым мәселелерін шешу жұмыстарына ерекше назар аударамын.
• «Құмшағал», «Шалғай Қарасу», «Шөлдала», «Қызылабад», «Арай», «Көктем», «Аса», «Бектөбе», «Коммунальник», «Ветеран», «Дорожник», «Бақшашы» тұрғын алқаптарының және округке қарасты басқа да аумақтардың көшелерін жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын тиісті жоспарларға енгізуге ықпал етемін.
• Тұрғындардың қауіпсіз қозғалысы үшін жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелерін көтеремін.
• Көшелерді жарықтандыру, жол белгілерін орнату және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытындағы жұмыстардың жүзеге асуына атсалысамын.
• Жол жөндеу жұмыстарының сапасына және бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейтуге күш саламын.
• Тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар мен өтініштерді ескере отырып, инфрақұрылымды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге ықпал етемін.

Сапалы білім беру және жастарды қолдау

Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі. Сондықтан білім беру саласының сапасын арттыру, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау және жастардың әлеуетін іске асыруына мүмкіндік беру менің бағдарламамдағы негізгі бағыттардың бірі болады.
• Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және оқу кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ықпал етемін.
• Білім беру ұйымдарын заманауи STEM кабинеттерімен, компьютерлік және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз ету бастамаларын қолдаймын.
• Мектептерге апаратын жолдардың қауіпсіздігін арттыру, аумақтарды жарықтандыру және жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау мәселелерін назарда ұстаймын.
• Кәсіптік білім беруді дамытуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және оқу орындарын тәмамдаған түлектерді жұмыспен қамтуға ықпал етемін.
• Жастардың білім алуына, кәсіби бағдар таңдауына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін бастамаларды қолдаймын.
• Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетуді, еңбекқорлық пен жауапкершілікті дәріптейтін тәрбиелік жұмыстардың маңызын арттыруға атсалысамын.

Құрметті сайлаушылар!

Мен үшін халықтың сенімі мен аманаты – үлкен жауапкершілік. Қандай мәселе болмасын, оны бірлесе талқылап, ортақ шешімге келудің маңызы зор деп есептеймін. Өзімізге тән биязылықты сақтап, қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созу, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болу, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді ұлықтап, келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың азаматтық парызымыз.
«Теңіз тамшыдан құралады» демекші, әрбір азаматтың саналы әрекеті мен дұрыс таңдауы қоғамның дамуына өз үлесін қосады. Мен де сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды ескеріп, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге дайынмын.

Тапсырыс беруші: № 2 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Баетова Д.М.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.