A place where you need to follow for what happening in world cup

Білікті бизнес-тренер

35 940

«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан» – деп Абай Құнанбаев айтқандай, өмірге келген соң өз орныңды тауып, дүниенің бір шетіне кірпіш болып қалана білу де әрбір адам баласы үшін үлкен бақыт.
«Атамекен» ҰКП-ның аудандық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Жазира Тоқабаева көптеген өмірде өз орын таба алмай жүрген жанның өз орнын табуына, яғни өз кәсібін ашуға септігін тигізіп жүрген жанның бірі.
Бизнес-тренер бүгінгі қоғамда маңызды, сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Жазира Тоқабаева 2017 жылы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасының Алғысхатымен марапатталды.
Жақында қыз-келіншектер бетіне арнайы мақала дайындау үшін бизнес-тренер Жазира Мәмбетқазықызымен сұхбаттасқан едік.

– Жазира Мәмбетқазықызы, алдымен өмір жолыңыз, бала кездегі арманыңыз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Туған жерім – Алматы облысы Панфилов ауданы.
Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Ата-анам қарапайым жұмысшы адамдар болды. Бірақ отбасындағы барлық ұл-қызына жоғары білім алуына жағдай жасай білді.
Панфилов ауданындағы жазушы Бексұлтан Нұржекеев, Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанова түлеп шыққан мектепте оқыдым. Өзімнен үлкен әпке, ағаларым барлығы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика, филология, философия факультеттерін тамамдаған.
Бала кезімдегі арманым – журналист болу еді. Бірақ, үшінші әпкем Бейбіткүл (өзі журналист) «Бәріміз журналист бола береміз бе?» деп, менің құжаттарымды Алматы қаласындағы Қазақ Экономикалық Университетіне (сол кездегі Нархоз) экономист мамандығына тапсыртты. Содан осы оқу орнында «Маркетинг және коммерция» мамандығы бойынша жоғарғы білімді де, магистратураны да үздік бітіріп шықтым.
Отбасымызда барлығымыз оқуға өз күшімізбен түскенбіз.
Жұмыс өтіліме келер болсақ, 4 курста оқып жүріп, «Ақсай нан» нан-тоқаш комбинатында диплом алдындағы тәжірибеден өтіп жүріп жұмысқа қабылданғанмын. Одан кейін отбасы жағдайына байланысты, Тараз қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, кейіннен бұл оқу орны жабылғаннан кейін Тараз мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы және деканның оқу-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары қызметтерін атқардым.
– Бизнес-тренерлікке қалай келдіңіз?
– Университетте оқытушы болып жүргенде әртүрлі жобалар ұйымдастырасың, курсқа қатысасың, курстар оқисың. Алғашқы тәжірибе осы Тараз мемлекеттік университетінде қалыптасты.
Ал, «Бастау» жобасына келуіме құрбым Гүлмира себепкер болды. 2017 жылы 8 наурыз мерекесі қарсаңында тосын сый жасады. 6 наурыз күні хабарласып, «саған лайық керемет жұмыс бар, тез арада түйіндемеңді бер»- деді. Ойымда ештеңе жоқ жазып бере салдым, 7 наурыз күні Астана қаласынан бір кісі хабарласып, телефон арқылы бірнеше сұрақ қойды. Жауап бердім. 9 наурыз күніне Астана қаласына «Атамекен» ҰКП-на келуімді сұрады. Мереке қарсаңы болғаннан кейін шығар (күліп) үйдегі отағасы да қарсылық білдірмей, бірден келісімін беріп, жіберді. Астанаға тренерлерге арналған тренингтен өтуге барғанда өзімнің қандай жобаға келгенімді бір-ақ білдім.
235-ке жуық Қазақстанның бизнес-тренерлері жиналған семинардан 20 күндік оқудың соңында іріктеліп-іріктеліп, 100 бизнес-тренер қалдық. Осы қалған бизнес тренерлер соңғы турда өздері баратын аудандар туралы презентация жасау керек болды. Әуел бастан Жуалы ауданын таңдағандықтан, осы аудан туралы Асан қайғының айтып кеткен сөзінен бастап, Батыр Бауыржан Момышұлы, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ауыл жұмыссыздарын, жастарды, кәсіпкерлерді жігерлендіретін нақыл сөздерін пайдаланып, презентация жасадым.
2017 жылы алғаш елімізде «Бастау» жобасы басталған күннен бастап жұмыс істеп келемін.
Бизнес-тренер болу Сізге не үйретті?
Бизнес-тренерлік маған ауыл тұрғындарының жағдайын түсінуге, олардың орнына өзіңді қойып көру арқылы кәсіпкерлікте болатын қиындықтарды жеңіп шығуға үйретті.
Ауылға бизнес-тренер болып келгеніммен мен ауыл шаруашылығы саласының маманы емеспін әрі десе ауыл шаруашылығына жатпайтын саладағы кәсіпкерліктің де ауданға тән ерекшелігін жақсы біле бермейтінмін. Сондықтан сабақтан бос уақытымда аудандағы жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің бизнесімен танысуға көп уақытымды жұмсадым. Сонымен қатар, әр тыңдаушымның осы жобаға үміт артып, бизнесін бастауға бел буып келгені мені әрқашан жігерлендіріп отырды.
– Бизнес-тренер бүгінгі қоғамда маңызды, сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Жалпы, Сізге осы мамандығыңыз ұнай ма? Несімен ұнайды, қандай қиындықтары бар?
– Жалпы, маған халықпен жұмыс істеу қатты ұнайды. Әсіресе, жұмысымның нәтижесін көргенде жаным рақаттанады.
Алайда, адамдардың бәрі бірдей емес, кейбіреулер курсқа кездейсоқ, түрлі себептермен келеді. Кейде ол адамның қолынан ол іс келмейтінін байқайсың. Бірақ, жеткізу өте қиын.
Дегенмен, бұл жұмыста мен өзімнің сүйікті ісіммен айналыстым. Әр тыңдаушымның жобасы жүзеге асып, ісін бастаған сайын бойымды бір керемет сезім билеп, шын қуандым, оның өзі маған үлкен мотивация болды. Бұл – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп атқарған жұмысымның орталықтан берілген мықты қолдау мен жергілікті палатадағы жүйелі жұмыстың нәтижесі деп ойлаймын. Менің ойымша ауылымызды көркейтуге әрбір азамат атсалысуы қажет.
– Жуалыда қандай кәсіптің түрін жақсы дамытуға болады деп ойлайсыз?
– «Түгін тартсаң майы шыққан» Жуалы жері мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына өте қолайлы. Тіпті Жуалының етін, сүтін, қымызын арнайы іздеп жүріп сатып алатын тұтынушылар облысымызда аз емес. Сонымен қатар, әр облыста бектілген индикативтік жоспарға сәйкес несие көбінесе сүт бағытында мүйізді ірі қара мал басын көбейту және мал бордақылау бірінші орында. Облыстағы шағын аудандардың бірі болғанымен ауданында төрт бірдей сүт қабылдайтын кәсіпорындар мен шағын цехтар бар. Яғни, сүт бағытында бизнесін бастағандар үшін өткізу нарығын іздеудің қиындығы тумайды. Сондықтан осы бағытта кәсіп ашу өте тиімді. Бір жағы мал өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары.
– Бизнесті бастауға бір айлық оқу жеткілікті ме, қалай ойлайсыз?
– Осыған дейін бір күндіктен бастап бір апталыққа дейін әртүрлі бизнесті бастау бойынша курстар оқытылды. Бұл жағдайдан кейін адамдар сертификаттарымен несие алып кәсібін ашқандардың басым көпшілігі несиесін қайтара алмай немесе несиесін қайтарып болған соң кәсібін жауып, қайтадан жұмыссыздар қатарын толықтырып отыр. Бұлай дейтін себебім, қолдарында бірнеше сертификаттары бар жұмыссыздар, тіпті бірнеше мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алғандар, несиесін жауып біздің жобаға келіп оқыды. Себебі, бір күнде кәсіп ашуды толық меңгеру мүмкін емес. Сондықтан бір ай уақыт ең қолайлы деп ойлаймын. Астанадан біздің тыңдаушыларымыздан сауалнама арқылы әрдайым пікір алып отырады. Осы зерттеу нәтижесі де бір айлық оқуды тиімді деп көрсетіп отыр.
– Сіз оқытқан курсқа қатысушылардың бизнеске деген қызығушылығы қандай?
– Басында қызығушылық өте жоғары деп айта алмаймын. Өйткені, «Бастау Бизнеске» келген әр тыңдаушының бір мақсаты бар. Біреуі кәсіп ашқысы келсе, екіншісі несие алғысы келеді, ал үшіншісі тіпті тек стипендиясын алу үшін отыруы да мүмкін. Алайда сабақ барысында қызығушылығы артып, өздері көпшілікпен бірге берілген тапсырманы орындап, қызу пікірталас жасап жатады. Тіпті кейбірі оқу аяқтағанда бизнес идеясын ауыстырып жібергендер де болады.
– Кәсіпкерлікпен айналысуға ауданымыздағы қыз-келіншектердің ынтасы, үлесі қандай?
– Жақсы, ауданда кәсіпкерлік салада үлкен жетістікке жеткен қыз-келіншектер аз емес. Алайда, курсқа келген, жаңадан кәсіп ашқысы келіп жүрген қыз-келіншектерімізге, жалпы әйел нәзік жанды болғандықтан, қыз-келіншектерімізге отбасылық қолдау керек. Әйел бірден шешім қабылдай алмайды. Оған міндетті түрде ер азаматының, ата-енесінің рұқсаты, қолдауы керек. Кей қыз-келіншектеріміз сондай ынталы болады. Бірақ, отбасылық қолдау жетіспей тұрады.
Сабақ барысында кеңес беру сабақтары болғанда көп әйелдер отбасының проблемасын айтып жатады. Тағдыры тығырыққа тірелген қыз-келіншектеріміз де көп. Сондықтан, отбасында болсын, қоғамда болсын әйелге қолдау көбірек болса деген тілегім бар.
– Өмірлік ұстанымыңызбен, алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– «Бастау» басталғалы осы ауданда жұмыс істеп келемін. Жуалы маған бөтен емес, келінімін. Ауданда бес жылға жуық тұрдым, табиғатын, халқын жақсы көремін, құрметтеймін.
Өмірлік ұстанымым – қолымнан келгенше өзгеге көмектесу, жоқ дегенде өзгеге зиянымды тигізбеу.
Жоспарым – ауданның экономикалық тұрғыдан, халқының әлеуметтік тұрғыдан көркеюіне үлес қосу. Аудан жастарының кәсіпкерлікпен айналысып, өз жолын табуына, ауыл тұрғындарының қолжетімді мемлекеттік бағдарламаларын тиімді пайдалануға өз көмегімді көрсету.
– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
– Жуалы ауданының келінімін. Жолдасым Удасбеков Айдархан аудандағы 91678 әскери бөлімінде 20 жылға жуық қызмет етіп келеді. Жолдасым екеуміз бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкен қызымыз Ақбота 8 сыныпта қазақ тілін тереңдетіп оқытатын гимназия класында оқиды (гуманитарлық пәндерге жақын, болашақта журналист болуды армандайды). Ұлымыз Нұрасыл 10 жаста, «Тараз» футбол клубында ойнайды. Балаларымызды 5 жасқа дейін ұрыспай, еркелетіп өсіреміз. Кіші баламыз Ерасыл 5 жаста.
– Рақмет! Жұмысыңызға сәттілік, табыс, отбасыңызға амандық тілеймін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.