Жуырда облыстық білім басқармасының қолдауымен Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжі, шығыс ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Әлем өркениетіндегі Фараби феномені» тақырыбындағы халықаралық онлайн конференция өткізді.
Конференцияның мақсаты – адамзаттың ұлы ұстазы, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани, ғылыми мұрасын насихаттау және оның шығармашылық, ғылыми мұрасына халықтың және жұртшылықтың назарын аудару.
Ғылыми-практикалық конференция барысында Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми трактаттарының негізгі принциптері талқыланып, оның шығармаларын насихаттау сөз болды.
Айта кету керек, 2019 жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойған болатын.
Онлайн конференцияға облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков және Шымкент, Алматы, Атырау қалаларының, Ресей, Эфиопия, Өзбекстан елдерінің жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты.