A place where you need to follow for what happening in world cup

Қойылар талап жоғары

35 644

Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет, сондықтан да, кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал. Бұл мамандық иесі болуға үміткер адамдар халық алдында жауапкершілікті сезіне білуі үшін мемлекеттік қызметтің беделін көтеру керек. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев елді тиімді басқару үшін мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс негізгі қасиеттерге тоқталу барысында атап өткен болатын. Біздің ауданда мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны — 224. Оның ішінде 116 ер, 93 әйел азаматтарды құрайды. Ал басшы лауазымында 68 мемлекеттік қызметші бар, оның 60-ы жастарды құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің жай-күйі қалай? Оларға қойылатын әдеп талабы қаншалықты жүзеге асып жатыр? Жалпы қоғам арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында аудан әкімдігі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Лиза Есмамбетоваға бірқатар сұрақтар қойған едік.

— Лиза Өтемұратқызы, әңгімемізді алдымен өз қызметіңіз, яғни әдеп жөніндегі уәкіл ұғымына түсіндірме беруден бастасаңыз.

— Әдеп жөніндегі уәкілдердің мақсаты — «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-қадамын жүзеге асыру. Яғни мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызмет, сыбайластықтың алдын алу. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беру қызметін атқарады. Негізгі функциялар ұжымда қадірлі және құрметке ие болған, басшылық қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшіге жүктеледі. Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін дербес атқара алады және жұмыс қорытындысы туралы мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті органға есеп беріп отырады. Және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал ету, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкіл қызметіне кіреді.

— Мемлекеттік қызметшіге әдеп талабы қатаң қойылады деп жатырмыз. Десе де талаптан аттап кеткендер болды ма?

— 2019 жылдың есепті кезеңінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен 3 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, Әдеп жөніндегі уәкілдің тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесімен Әдеп кодексінің талаптарын бұзған мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің тәртіптік жауапкершіліктері қаралып, тәртіптік жазаға тартылған болатын. Осыған байланысты, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерден 3 рет анонимді сауалнамалар алынып, оған 547 адам қатысқан болатын.

— Мемлекеттік қызметшілерді мәдени-қоғамдық шараларға тартудың, салауатты өмір салтына бейімдеудің маңызы зор екені белгілі. Аудандағы мемлекеттік қызметшілерге қалай көңіл бөлінуде?

— Бұл бағыт бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы департаментімен келісіліп, аудан әкімімен бекітіліп, ақысыз тегін баруға болатын аудандағы спорт нысандарының тізбесі, спорт түрі, шұғылдану уақыты бойынша арнайы кесте жасалып, қызметшілер қамтылған. Сонымен қатар, кәсіби мерекеміз және спорт күндеріне орай, аудандық спартакиядалар өткізу және кіші футбол, волейбол, үстел теннисі, кір тасын көтеру, қол күресі, т.б. ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шаралар ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің мұражайларға, тарихи-мәдени мұраларына, киелі жерлерге экскурсиялар жасауы тұрақты ұйымдастырылып тұрады.

— Ал мемлекеттік қызметшілердің келісімінсіз негізсіз үстеме жұмыстарға тар- туды жоюға бағытталған іс-шаралар қалай жүргізілуде?

— Мемлекеттік қызметшілердің жазбаша келісімінсіз, арнайы бұйрық (өкім) шығармай, үстеме жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңының 32 бабының 4 тармағында «Шұғыл, күні бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшін мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа тартылуы мүмкін. Осы тармақта көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді»- деп көрсетілген. Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 78 бабының 1 және 2 тармақтарында үстеме жұмыстар әрбір жұмыскер үшін тәулік ішінде 2 сағаттан, ал еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстар 1 сағаттан аспауы тиіс деп жазылған. Осы бағытта барлық мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс компьютерлеріне автоматты түрде сөндіру бағдарламалары орнатылған.

— Қандай жаңалықпен қуанта аласыз?

— Жуырда «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық конкурсының өңірлік 1 кезеңі өтті. Жамбыл облысынан үш мемлекеттік қызметші республикалық кезеңге жолдама алды. Осы үштіктің біреуі Шу ауданының мемлекеттік қызметкері. Шу ауданы әкімдігі білім бөлімінің оқу тәрбие жұмысы секторының меңгерушісі Роза Мықтыбекова республикалық кезеңге жолдама алды.

— Сөз соңында мереке қарсаңында әріптестеріңізге жылы лебізіңізді білдірсеңіз.

— Әріптестерімді, мемлекеттік қызметтің ардагерлерін 23 маусым күні аталып өтетін Мемлекетік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қызметте абыройлы болуларына тілектеспін.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.