A place where you need to follow for what happening in world cup

Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесуде

370

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған көшпелі қоғамдық қабылдау біздің ауданда да тұрақты жалғасын тауып келеді. Бұған дейін бірнеше елді мекенде ұйымдастырылған шара бейсенбі күні аудан іргесіндегі Алға ауылдық округінде өтті.

Оған аудан әкімі Нұржан Календеров пен аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары және мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Елімізбен қатар тұтас әлемді дүрліктірген коронавирус індетіне байланысты аталмыш іс-шарада барлық санитарлық талаптардың сақталғандығын айта кеткен жөн. Көшпелі қоғамдық қабылдауға қатысқан бірқатар ауыл тұрғындары жеке сауалдарын қойса, енді бірі ауылға қатысты қордаланып қалған түйткілді мәселелерді көтерді. Тұтастай алғанда, тұрғындар тарапынан 21 сауал қойылса, оның 15-не заң аясында жауап беріліп, 6 сұрақ бақылауға алынды. Ел арасында шешімін күткен мәселелерді оңтайлы шешудің төте жолына айналған көшпелі қоғамдық қабылдау алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

***

Аудан әкімі Нұржан Календеров ауданға қарасты қала, ауыл, елді мекендерді аралап танысуды бастады. Жұма күнгі алғашқы бағыты Қонаев ауылы болып, ондағы ауыл тұрғындарымен тілдесті. Кездесу барысында ауыл жастарына арналған саябақтың ішінен ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, Ауған соғысы ардагерлерінің есімі жазылған арнайы стелланың салтанатты ашылуына қатысты. Аудан әкімі аталған шарада құттықтау сөз сөйлеп, кейінгі буынның өресін кеңейтетін осынау игілікті істерді қолға алу керектігін жеткізді. Ары қарай ауыл қарияларын ортаға алып мәслихаттасқан өңір басшысы ауылдың тарихынан, бүгінгі жай-күйінен ақпар алып, кездесулерден түскен ұсыныстарды алдағы жұмыс күнінде пысықтайтынын жеткізді. Айта кетерлігі, бұл ауылда жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, спорт алаңшасы салынатын болады. Мұнан кейін Нұржан Календеров Жаңа жол ауылдық округіне бет алып, белгіленген жоспарға сәйкес өтіп жатқан көшпелі қоғамдық қабылдауға қатысты. Онда ауданаралық прокурор С.Бүркітбаев, полиция бөлімінің бастығы М.Жаманқұлов және ауылдық ағайынның сұрағына жауап беретін тиісті бөлім басшылары, ХҚКО маманы Н.Сегізбай қатысқан шарада жаңажолдықтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауабын алды. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Серкебаев аудан басшысын ауылдағы мәселелермен таныстырып, солардың шешілуін сұрады. 14 ұлт өкілі, 2500-ден асатын тұрғыны бар ауылға мәдениет ошағы қажет. Жемшөп дайындауға қажетті техниканың қат екені айтылды. Сонымен қатар, Шу қаласынан ауылға бұрылатын жолға түнде көрінетін бұрылыс белгісін орнатуды сұраған ақсақалдар ауыл ішіндегі көшелерге асфальт төсеуді өтінді. Мәселелерге қанық болған аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы барлығына заң аясында түсінік беріп, тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді. Жалпы, көшпелі қоғамдық қабылдау барысында 31 адамнан 52 сұрақ қойылып, соның барлығына түсінік беріліп, 1 сұрағы шешіліп, 5 сұрағы бақылауға алынды. Осындай шараның көп өтуін сұраған көпшілік ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Медет АТАЙБЕКОВ, аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.