A place where you need to follow for what happening in world cup

Ақ бата алған азбайды

222

1 қазан – Қарттар күні мерекесінің қарсаңында өмірінің көп бөлігін құқық қорғау саласына арнаған жандар да назардан тыс қалмады. Осыған орай, Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЖД-158/2 мекемесінің басшысы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиевтің ұйымдастыруымен мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Әміржан Дәулетқұлов және жалпы сұрақтар бойынша орынбасары, әділет подполковнигі Бақытжан Қасымбеков қылмыстық атқару жүйесінде қызмет атқарған Қайрат Масатбаевты мерекемен құттықтай барды.

Қайрат Сабырұлы 1963 жылы қазіргі Т. Рысқұлов ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң 1981 жылы әскерге барып, борышын Ауғанстан Республикасында өтеген. Әскер қатарынан оралған соң өмірін Ішкі істер органдарымен байланыстыруды мақсат еткен Қ. Масатбаев 1984 жылы Шымкент қаласының милиция мектебіне оқуға түсіп, 1986 жылы аяқтап шығады. Бұдан бөлек, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясында білім алған.

Қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы қызу еңбекке араласқан ол қызметі барысында шұғыл бөлім бастығы,  жасақ бастығы,  тергеуші, аға оқытушы, шұғыл және режим бөлімі бастығының орынбасары болып сан сатыда табан аудармай жұмыс істеген. Ал, 2007-2008  жылдар мен   2010-2011 жылдар аралығында ЖД-158/2 мекеме басшысы болып қызмет атқарған. Сондай-ақ, 2011 жылы ЖД-158/5  қоныс колониясында мекеме бастығы болып қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан.

Қазіргі уақытта құрметті азамат, үлгілі отағасы болып отырған Қайрат Сабырұлы жұбайы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, құтты ұясына қондырған қадірлі ата-ана.

Қартын сыйлаған қазақтың салтынан таймаған ЖД-158/2 мекемесінің басшылығы ҚАЖ саласы ардагерін келе жатқан мерекемен құттықтап, шапан жауып, сый-сыяпаттарын табыстады.

– Құрметті Қайрат Сабырұлы! Сіз біздің  қызметкерлерімізге әрдайым еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісі болып келесіз. Сізді күздің мамыражай күндерімен келіп жеткен мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздің өміріңіз, еңбек жолыңыз көпке үлгі. Біз сізге мықты денсаулық пен ұзақ өмір тілейміз, – деді ЖД-158/2 мекемесінің басшысы, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиев өз сөзінде.

Өз кезегінде Қ. Масатбаев өзін құрметтеп, құттықтай келген ізбасарларына ақ батасын беріп, ақжарма тілектерін айтты.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.